Назарбек ҚОЖАМСЕЙІТОВ: Сәуірдің аяғында қар жауып, аяз болады

1
2728

            «Наурыздың 1-і мен 2-сі, 15-і мен 17-сі аралығында қатты суық болады. Ал сәуірдің 24-і мен 27-сі аралығында қар жауады. Сондықтан қазір жеміс ағаштарының түптерін жауып қойған жөн», – деп хабарлады 1tv.kz ақпараттық-сараптамалық интернет-порталының тілшісіне жұлдызшы Назарбек Қожамсейітов.
Бір айдан бері беті қайтпай тұрған сарышұнақ аяз салдарынан еліміздің бірқатар мектептері мен колледждерінде сабақтар тоқтатылып, оқушылар кезектен тыс демалысқа шығарылған болатын. Ызғарлы қыстың беті қашан қайтатыны туралы табиғат құбылысын болжаушы, жұлдызшы Назарбек Қожамсейітов айтып берді. «Алматыда ертең күн райы біршама жылынады. Ақтөбе, Орал облыстарында қатты суық әлі 1-2 тәулік сақталады. Ал елордада енді 2-3 күнде күн жылына бастайтын көрінеді. Ауа температурасы күндіз -15-18 градус болса, түнде -22-23 градусқа төмендейді. Ақпанның 27-сі мен 29-ы күндері елімізде суық болады. Ауа температурасы күндіз -20-22 градус аяз, ал түнде -30-32 градусқа дейін төмендейді», – дейді жұлдызшы.
Сонымен қатар Шығыс және Орталық Еуропада, Польша, Румыния, Болгария, Украина, Босния мен Герцеговинада ең төменгі температура тіркеліп отыр. Қақаған аяз салдарынан жүздеген адам көз жұмды. Елдімекендерде электр қуаты жаппай өшіріліп, қалың жауған қардан әуе және теміржол байланыстарының үзілуіне әкеп соққан болатын. «Еуропадағы қатты аяз еліміздің ауа райына әсер ете ме?» деген сұрақпен «Қазгидромет» РМК-нің ұзақ мерзімді болжам басқармасының жетекші инженері Жанат Сатыбалдиеваға хабарластық.
«Еуропа елдері үшін мұндай суық соңғы 30 жылда тіркелмеген. Еуропа елдері жалпы Жерорта теңізіне жақын орналасқандықтан, қар қалың түсіп, температураның күрт төмендеуі қолайсыз жағдай тудыруда. Біздің континенталдық климатты ескеретін болсақ, мұндай ызғарлы кезең, ауа температурасының төмендеуі қыс айларына әбден лайық. Еуропа елдеріндегі қатты аяз біздің елдің ауа райына ешқандай әсер етпейді», – деді Жанат Сатыбалдиева.
Оның айтуынша, еліміздегі қатты аяздың беті ақпанның 12-сінен бастап қайта бастайды.

1 Пікір

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз