Шайынды судың да сұрауы бар

Алматыда тағы да тариф көтеріледі. Бұл жолы «Алматы су» мекемесі кәріз судың яғни, қолданыста болған шайынды судың бағасын қымбаттатуды сұрап отыр. Жаңа жылдан бастап шайынды суға тұрғындар бұрынғыдан 20 пайызға қымбат төлеуі мүмкін. Қазір қалада кәріз суының 1 текше метрі 26 теңге шамасында. Егер жаңа тариф бекітілсе, баға 33 теңге 69 тиынға дейін өседі. Ал суық су бағасы қымбаттамайды, 2025 жылға дейін тұтынушылар ауыз судың әр текше метріне бұрынғыша 50 теңге төлей береді. Бірақ заңды тұлғаларға келер жылдан бастап суық су мен кәріз бағасы 10 пайызға қымбаттауы мүмкін. Қазір «Алматы су» алдағы бес жылға арналған бағаны бекітуді сұрап, монополияға қарсы агенттікке ұсыныс жасамақшы. «Алдағы бес жылда судың бағасы өзгермейді. Осы қалыпта 50 теңге. Соңғы 10-15 жылда ауыз су құбырларына көңіл бөліп жатырмыз. Осы жылы 15 шақырым ауыз су құбырын ауыстырдық. Кәріз құбырларын ауыстырған жоқпыз. Сондықтан, кәріз жүйесін жасап, модернизация жасау керек. Соған тарифті өсіруді сұрап жатырмыз» – дейді «Алматы су» МКК ресми өкілі Серік Шағыров. qazaquni.kz