Ислам Әбішевтің 12 ерлігі
2019 ж. 16 қараша
4083
59
Тақырыпты оқыған кейбір көзі ашық болғанмен, көкірегі күдікшіл кердің көңілінде («кер», «ман» - сақ дәуірінен жеткен, «адам» деген мағына беретін сөздер, мысалы, суреткер, қаһарман) бірден «туу, мына кісі өмір бойы басшы болып істеген, демек, жемқор болмауы мүмкін емес жерлесін «қайтсем ақтаймын?» деген оймен ежелгі грек аңызындағы елге еткен 12 ерлігі үшін Зевс бастаған көп құдайдың өздерінің шешімімен солардың қатарына қосылып, Олимп тауынан орын тепкен Гераклге теңестіріпті ғой! Геракл қайда, Әбішев қайда? Сірә, кешегі төраға жазадан құтылып кету үшін ақшаны аямай беріп жатыр екен ғой» деген ой тууы сөзсіз. Оны өзімізге де талай адам айтып жүр. Біріншіден, кейіпкеріміз сүттен - ақ, судан – таза, періштеден – пәк (белый и пушистый) еді демейміз, бірақ, дәл осы істе жазықсыз күйіп бара жатқан сыйлас жанға қол ұшын беру адамдық міндетіміз деп есептейміз. Ақша туралы сөз қозғау ойымызға де келген жоқ, теңгені төпеп төгіп жатқан Әбішев те жоқ. Жалпы, кінәлі адам ғана істі өз пайдасына бұру үшін шашпаушы ма еді ақшаны?.. Екіншіден, 2003 жылдан бері шамамыздың жеткенінше тек шындықты жазуға тырысып келеміз. Төменнен де тек тыржалаңаш дәлел мен дәйекті табасыз (голые факты и аргументы). Сөзге тоқтаған ұлттың ұрпағымыз ғой, он минут уақытыңыздың кеткеніне өкінбейсіз, оған кепілдік береміз...
Бісміллә деп, Исекеңнің бірінші ерлігі – 30 жасында кеңес тарихында тұңғыш рет кеңшар директорлығына деген сайлауда жеңіп шыққаны ғана емес, сөзінде тұрып, артта қалған шаруашылықты озаттар қатарына қосқаны!
Екінші ерлігі деп 2000-2002 жылдары Ордабасы ауданын басқарған кезде халықтың жағдайын жеңілдету жолында «несиелік серіктестік» секілді жаңалықтар енгізгені, сол заманда «дәуірі жүріп тұрған» әр «камазистке» бір кембағал отбасыны жетекке алуды жүктегені секілді (1981-2003 ж.ж Малайзия премьер-министрі Мохатхир Мохаммад та байлыққа да, билікке де, ұлттық басымдыққа де ие - ел тұрғындарының 50% - қытайлар, 35% – малайлар, 15%% - үндістер еді - болып отырған «қытайдың әрқайсысы компания ашқанда бір малайды тең құрылтайшы етіп алуға міндетті» деген жарлық шығарып, халқының қолын тез арада теңдікке жеткізген болатын...) қиыннан қиыстырған еңбегі үшін «оған дейін де, одан кейін де ауданымызды Әбішевтей әкім басқарған жоқ» деген бейресми үздік атақты еншілегенін айтар едік. «Көптің аузы – дуалы», көпшіліктің бұл бағасымен келіспейтініңіз өз ауданыңыздың тарихында сондай жақсы атты кімге берер едіңіз, сондай атқа лайық әкім болып па еді, бір минут ойланып көріңіз.
Үшінші ерлік деп, 2008 жылы көктемде Келестегі біраз ауылды тасқын су алғанда қолдағы бар ақшамен, аз ақшамен, сырттан көмек-жәрдемсіз, құрылыс заттарын 150-200 км жерден таси отырып, күні-түні дерлік құрылыстың басында болып, жұмыс барысын қатаң қадағалап, кез-келген мәселені созбұйдаға салмай, табан астында шешіп отырғандықтан ешқандай дау-дамайсыз екі-үш айда бітіргенін айтсақ жарасар.
Төртінші ерлік деп, 2009 жылы Арыстағы арсеналда алғашқы рет ірі жарылыс болғанда, өрт сөндірушілерге, әскери мамандарға үлгі көрсетіп, жарылып жатқан ең үлкен қойманың үстіне басын бәйгеге тігіп өзі шыққанын, соның арқасында құтқару ісінің жедел де ұтымды ұйымдастырылғанын еске алсақ жөн болар.
Бесінші ерліктің атын «Өскеменді қазақыландыру», қазақыландыра отырып, ісінің әділдігінің арқасында әлі күнге қалың ормандай ұйысып отырған орысты мойындатуын атаған дұрыс сияқты. Екі жарым жылдай ғана уақытта «қаланың құрметті азаматы» атағын алуы. Ең маңыздысы – Астанаға ауысып бара жатқан әкімді шығарып салуға, бірінен бірі бүгінгі заманның «ұзын құлағы» арқылы хабарласып, әуежайға мыңдаған қарапайым (көбі орыс) халықтың келуі. Бұл құрметке жететін орден, медаль бар болса, атын атауыңызды өтінеміз...
Алтыншы ерлігі деп, 2012 жылы Су ресурстары комитетін басқаруға келген соң, су қоймаларын, арықтарды, арналарды (каналдарды) жөндеуге деп, бірнеше жылға жоспарланған қаржының 2012 жылы күзге дейін 300 млрд.теңгесін үнемдегінін айту міндет. Қызмет құлағын ұстаған әріптестері «бұл бағдарлама сен келгенге дейін қабылданған, сен оған жауап бермейсің» деп, бір ғана жобадан 2 млрд.теңге «ауыз бастырыққа» ұсынғанда алмауды «ерлік емес» десеңіз өзіңіз білесіз. Бір кездері ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «мемлекеттің қаржысын түгендеу маған ғана керек пе?!» дегені бар болатын. Іс жүзінде басқа қай министр, қай әкімнің үнемдеген мысалын кім айтып бере алады?..
Жетінші ерлігі – ҚР Су комитеті өзінің бұрынғы төрағасы И.Әбішев «300 млрд.теңге үнемдегені үшін» 2013-2104 ж.ж. 9 ай жұмыссыз жүрген кезінде суландырмалы жердің жарамсыз болып қалған 60 (алпыс) мың гектарын қайта қалпына келтіру үшін 1,533 трлн.теңгенің бағдарламасын жасайды. Үкімет оны бекітеді! 2014 жылы сәуірде қызметіне Н.Назарбаевтың тікелей араласуымен қайта оралған И.Әбішев комитеті бар, республикалық, облыстық, аудандық су шарушылық мекемелері бар, қызметкерлерімен, өзі сияқты мемлекетшіл азаматтармен бірге алты ай бойы, күндіз отырмай, түнде ұйықтамай, бел шешіп жатпай жұмыс істеп, 610 (алты жүз он) мың гектар жерді 580 млрд.теңгеге қалпына келтіруге болатынын есептеп шығарады! Өз еріктерімен! Ешқандай үкіметтің тапсырмасыз! Үнем – 963 млрд.теңге!
Жетінші ерлігі, тарихи ерлігі – есеп-қисабының дұрыс екенін Үкіметпен екі жыл айтысып жүріп (бюджетті үнемдеймін деп Үкіметпен айтысу – шынында да, қызық қой, ә?..), ақыры дәлелдеп шығады. Оған Президент: «Б.Сағынтаевқа, А.Мамытбековке. И.Абишевтің ұсыныстары бұрынғы бағдарламадан ұтымды. Қарап, үкіметте шешім қабылдау үшін. Н.Назарбаев. 19 қараша 2014 ж» деген бұрыштама қояды.
Бұны «тарихи ерлік» демеске лаж жоқ. Себебі, «300 млрд.теңге үнемінен» кейін 1трлн.теңге үшін «алдында не күтіп тұрғанын» Әбішев анық көрді. Көріп тұрып, күш тең емес екенін көріп тұрып, саналы түрде барды. Соның бәрін біліп тұрған, 2019 жылдың сәуірінде зейнетке шығуға дайындалып жүрген адам пара алуға оқталады деу ешқандай қисынға
сыймайды ғой! Бұндай көзсіз ерліктің шынайы бағасын біз бере алмаймыз, келер ұрпақ береді...
Сегізінші ерлігі – 1трлн.теңгенің бюджеттің шығыс бөлігінен шығып қалғанына «іші күйіп, жанып, өртеніп, күл болып кеткен», оны басамын деп «мұз шайнап, қар асаған», сонда да «күйігін баса алмаған» сүйікті үкіметіміздің қолынан бар келгені – 1533 млрд.теңге табылған бюджеттен 580 млрд.теңге таба алмай қалыпты, сөйтіп, «қаржыны өзің табасың» деу болыпты. Өз өкіметі өзекке тепкен адам не істейді – халықаралық қаржы көздеріне барады-дағы. Олар, әрине, беруге дайын, тек кепілдік керек. Ислам Әбішевтің қомандасы оны да табады...
Тоғызыншы ерлігі, басты ерлігі - 2013-2014 жылдары 9 ай жұмыссыз жүргенінде үйдегі әйел-бала-шағасының «Құдай-ау, бюджеттің ақшасын үнемдеймін деп неңіз бар, сонда алған алғысыңыз мынау, егер қызметіңізге қайтып бара қалсаңыз, тағы да «экономдаймын» деп жүрмейсіз бе?..» деген сұрағына «Әрине, экономдаймын!» деген бір-ақ ауыз жауабы. Ол ол ма, оның биылғы сотта «судья мырза, мен осындай мүмкіндік тағы алдымнан шығар болса, тағы да бұрынғы істеген ісімді істеймін, ал, сіз не істейсіз – ақтайсыз ба, соттайсыз ба, өзіңіз білесіз, өзіңіз істеуге тиістіні істей беріңіз!» деп қасқайып қарап тұрып жауап бергені. Сертінде тұрғандығы! Мәшһүр Жүсіп атамыз «қазақтықтың бірінші белгісі – сөзде тұрмақтық» деп бағалаған. Яғни, адамдықтың белгісі деген сөз. Алдыңғы тоғыз ерліктің бәрі осы болмыстың – сертке беріктіктің – арқасында мүмкін болып отыр.
Ислам Әбішевтің сөзіне біз сенеміз. Сенбеске лажымыз жоқ, себебі ол ол сөзі мен ісі бірден шығатын адам екенін әбден дәлелдеген азамат. Және оны жария етпей, ешкімге міндет етпей жүріп жасаған азамат. Біз былтыр «Сайрагүлдің аман қалғаны өзіне жақсы, құрбан болғаны қазаққа жақсы» деп мақала жазған едік. Алла сақтасын, Исекең қытай өкіметі сыртынан өлім жазасына кесіп қойған Сайрагүл емес, сонда да болса азаматымыз аман болсын! Ол онсыз да денсаулығын, өмірінің тоғыз айын құрбан етіп отырған адам. «Ең жаман нәрсенің де бір қайыры, жақсылығы бар» дейді қазақ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро қызметкерлеріне «рахмет!» Олар осы істі «тікпегенде» ешкім Ислам Әбішевтің мұндай ерлігін білмей де қалар еді. Ел болған соң ерлерді тудырмай тұрмайды. Тек олардың аты-жөнін біз біле бермейміз. Себебі, ондай адамдардың бәріне ортақ қасиет, олар жоғарыда айтылғандай, көкірек ұрмайды, ерлігін елге жаймайды, істеуге тиісті міндетім деп қана біледі. Исекеңнің екі қызметкері – республикалық «Қазсушар» мекемесінің басшысы Өмірбек Жампозов бен Алматы облыстық «Сушар» мекемесінің директоры Серік Мұхамадиев, «1 трлн.теңге үнемдеу» ісінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро қызметкерлерінің жапқан жаласына, көрсеткен қорлығына шыдамай, алпыстан асқан шағында адал атына жазықсыз кір келтіріп жүргеннен, түрме азабын тартқаннан ажалды артық бағалаған жандар. Алла-Таағала марқұмдардың артының қайырын берсін!
Ислам Әбішев «аман болып, тірі жүрсем ол екі азаматтың атының ақталуына қол жеткізбей қоймаймын, ол менің азаматтық міндетім» деп
отыр. Ал, сіз бен біздің, бәріміздің міндетіміз – көрген қиыншылығын қара нардай қыңқ етпей көтеріп отырған баурымыздың әділетсіздіктің құрбаны болып кетпеуіне қолымыздан келгенінше атсалысу болса керек...
P.S. «Ислам Әбішевтің 12 ерлігі» деп едіңіз, сіздікі 10 болып қалды ғой?..» деген сұрақ тууы мүмкін. Бұл о баста солай жоспарланған жазба. Он екіге жеткізгіміз келсе, ол онша қиын шаруа емес еді. Бірақ, Ислам Әбішев осы сотта ақталып шығар болса – ал, оның ертелі-кеш бәрібір ақталатыны сөзсіз! - ерлігінің санын он екіден асырып жібереріне біздің ешқандай күмәніміз жоқ. Мәселе сонда! Америка қалай Америка болып әлемге үстемдік құрып отыр? Онда әрбір талантты адамға өзін көрсетуге мемлекет барлық жағдайды жасап қойған. (Басқа ешқандай құпиясы жоқ). Әсіресе, ғалым, өнертапқыш, инженерлер мен менеджерлерге, яғни, басқарушыларға. Басқарушылық талант – таланттың ішіндегі ең құндысы. Бізде болса Мұхтар Жәкішев 10 жылдан бері қапаста отыр, енді Ислам Әбішевке сондай қауіп төніп тұр. «Ұлы» дейтін Сталиннің өзі жаны мұрнының ұшына келгенде түрмедегі қару-жарақ министрі Ванников секілді толып жатқан дара тұлғаның бәрін шығаруға мәжбүр болған (Рокоссовский мен Королев те бар олардың арасында). Ендеше, Жәкішевтей, Әбішевтей азаматтарды соттау емес, олардың талантын мүмкіндігінше өндіріске пайдаланып қалу керек...
P.P.S. Айтпақшы, Гераклдің өзінің де ерлігі он екімен бітпеген, бірақ, ол жайлы тағы бірде әңгіме етерміз...
Өмірзақ Ақжігіт, Қазақ үні