Ислам Әбіш сотында бейне жазба жасауға тыйым салынды
2019 ж. 14 қараша
4489
44
(Нұр-Астана қаласының ауданаралық мамандандырылған қылмыстық сотындағы И.Әбішевтің «пара алуға оқталғаны» жайлы сот процесінен)
Біз газетіміздің өткен санында сот залынан жазылған репортажда 6.11.2019 күні судья Қ.Мекемтасқа берілген қарсылықты қарауға келген судья А.Шаяхметованың өзіне қорғаушылар қарсылық білдіргені, судьяның қорғаушыларға "сіздер маған қарсылық білдіре алмайсыздар» деп, дау кешкі 19,30-ға дейін созылғанын, сосын судьяның ертең, яғни, 7.11.2019 күнге таңертеңгі сағат 10,00-дейін үзіліс жариялағаны, ол отырыс қысқа ғана болып, сот жұмысы 14.11.2019 күнге дейін үзіліс алғаны жайлы жазып едік. Енді сол, 7-қараша күнгі сот отырысында не болғанын сәл кеңірек баяндайық.
Сот отырысына келген судья А.Шаяхметованың «Адвокат (судья «қорғаушы» деген сөзді қолданбай екен, сірә, тілі келмейтін болса керек...), М.Есқараев, не үшін судья Қ.Мекемтасқа қарсылық бердіңіз, соны айтып беріңізші» деген ұсынысына қорғаушы «біз кеше сізге де қарсылық білдіргенбіз, сіз емес, сот төрағасының өзі немесе өзге судья келуін талап еткенбіз, неге басқа судья келмеді» деген сұрағына судья «сот төрағасы Шайхисламов бос емес, басқа істі қарап жатыр, сондықтан бұл істі мен қараймын» деп, өзінің жауап беріңіз деген талабын тағы қайталады.
Қорғаушы М.Есқараев: «Құрметті сот, мен сіздің сұрағыңызға жауап бермеймін, себебі сіздің өзіңізге де қарсымын. Кеше осы жерде жарты күн дауластық – ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің «Судьяға қарсылық бiлдiру» туралы 87-бабына сәйкес біз сізге қарсылық білдіре аламыз ба, білдіре алмаймыз ба? Біз осы бапқа сүйеніп «білдіре аламыз» дедік, сіз оны мойындамадыңыз. «Қорғаушы судьяға қарсылық білдіре алмайды» деп заңда нақты көрсетілмегеннен кейін, біз олай етуге хақымыз бар деп білеміз. Аталған кодекстің 87-бабын айтпағанның өзінде, оның «Кінәсіздік презумпциясы» туралы 19-бабының 3-бөлімінде былай деп жазылған: «Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдарды қолдану кезiнде туындаған күмәндар да күдіктінің, айыпталушының, сотталушының пайдасына шешiлуге тиiс». Ендеше сіз біздің өзіңізге қарсылық көрсете алатынымызды мойындаңыз, біздің судья Қ.Мекемтасқа берген қарсылығымызды басқа судья қарауын өтінеміз».
Қоғамдық қорғаушы Е.Әбішев: «Құрметті сот! Біз Шайхисламов болмаса болмайды деп отырған жоқпыз ғой! Біз сізге қарсылық білдіріп отырмыз. Басқа судья болса да мейлі. Әлде, бұл сотта Мекемтас екеуіңізден басқа судья жоқ па? Астанада жоқ па? Қазақстанда жоқ па? Біз де елміз ғой. Жоқ болса шетелден шақырайық. Төрағаның уақыты жоқ екен деп, біз сізге, екі ауыз сөз қазақша құрай алмайтын сотқа адамның тағдырын қидырып жібере алмаймыз. Біз төрағаның уақыты болғанын күтеміз, бізге баурымыздың өмірі қымбат. Сізге жауап бермейміз. Сіздің кәзір бұл жерде отыруыңыздың өзі заңсыз. Сотттағы істің бәрі заң шеңберінде болсын!»
Судья А.Шаяхметова: «Ералыхан Әбішев, мен қазақша таза сөйлей алмағанмен, бірақ, сізді түсіне аламын». Е.Әбішев: «Сіздің не айтқаныңызды біз түсіне алар емеспіз! Бүкіл әлем көріп отырған сотқа қазақша сөйлей алмайтын судьяны кім жіберіп отыр?!..»
Судья қорғаушылардың бәрінің пікірін сұрап жатып, қоғамдық қорғаушы М.Әбішеваны атамады. Е.Әбішев: «Мәдина Әбішева қалып кетті!» Судья: «Кешіріңіз, көрмей қалыппын». Е.Әбішев: «Сіз неге отырыс басында сотқа қатысушыларды түгендемейсіз? Сотты қалай жүргізуді сізге енді мен үйретуім керек пе?..» (Ду күлкі).
Сотталушы И.Әбішев: «Менің негізгі қорғаушым Абзал Құспанға қысым көрсетіліп, оның үстінен де іс қозғалып жатыр. Менің тағдырым шешіліп жатқанда, оның осы жерде болмауы маған қатты батып отыр. Осыны ескеруіңізді сұраймын. Екіншіден, мен тағдырымды қазақ тілін жақсы білетін адам шешуін талап етемін. Сіздің қазақша сөйлей алмаймын деуіңіз бүкіл әлем алдында масқара, позор орысша айтсам. Сіз қазақтың сот жүйесін масқара етіп, абыройын нөл қылғанша, өз еркіңізбен кетіп қалыңыз».
Прокурор С.Сүлейменов: «Судьяға қарсылық көрсету тәртібі ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексте көзделмеген, сондықтан сот отырысын ары қарай жалғастыру керек деп санаймын».
Судья А.Шаяхметова: «ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 87-бабына сәйкес қарсылық білдірудің нақты тізімі көзделген ( Кімге сенеміз – прокурорға ма, судьяға ма?..) «Судья Қ.Мекемтасқа қарсылық білдіру негіздерін одан әрмен қараймыз. Қорғаушы М.Есқараев, не үшін судья Қ.Мекемтасқа қарсылық бергеніңізді айтыңыз».
Қорғаушы М.Есқараев: «Құрметті сот, онда сіздің үзіліс жариялауыңызды сұраймын. Өйткені, мен ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Ж.Асановтың атына сіздің және судья Қ.Мекемтастың ісінің заңдылығына баға беруін және ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 87-бабына сәйкес Сізге қарсылық білдіре аламыз ба, білдіре алмаймыз ба, соны анықтап түсіндіріп беруін сұрап арыз жазғанмын. Мен соны бүгін барып Жоғарғы сотқа тапсырамын. Егер Асанов мырза «қарсылық білдіре алмайсыздар» десе, мен содан кейін ғана сіздің сұрақтарыңызға жауап беретін боламын. Оған дейін үзіліс жариялауыңызды сұраймын».
Судья сотқа қатысушылардың пікірін сұрады. Бәрі М.Есқараевты қолдайтынын білдіріп жатты. Қорғаушы С.Жүнісбаев былай деді: «Кеше прокурор мырза сіздің өзіңізге қатысты мәселені шешіп алуды ұсынды, сол үшін ғана сіз үзіліс жарияладыңыз. Ал, прокурор кешегі пікірінен бүгін айнып қалыпты. Бір сотта бір мәселе бойынша оның екі қарама-қарсы пікір білдіріп отырғаны көп нәрсені аңғартса керек...»
...Судья А.Шаяхметова: «Адвокат Есқараев, Жоғарғы сотқа жазған шағымыңызды маған беріңізші!» «Неге сізге беруім керек? Мен оны Асановқа беремін!» «Мен апарып беремін». «Мен өзім апарып беремін. Міне, тағы да заңды бұзып отырсыз». Жұрт шулап кетті...
Қорғаушы С.Жүнісбаев: «Құрметті сот, жаңа сіз менің сөзімді бөліп жібердіңіз... Мен қорғап отырған И.Әбішев осы істі сот төрағасы немесе одан жоғары тұрған соттың судьясы шешсе деген өтінішін білдіріп отыр, осыған тоқтайық, 87-бапты мыжғылай берудің керегі жоқ деп білемін».
Қоғамдық қорғаушы Е.Әбішев: «Құрметті сот! Менің сізді «құрметті» деуге де тілім бармай тұр... Сіз жұрттың сөзін бөле бересіз. Сіздің үстіңізден жазылған шағымды «маған беріңіз» дейсіз. Мен сіздің біліктілігіңізге күмәнмен қараймын. Сізге бұл жерде орын жоқ!»
Судья прокурордың пікірін сұрады. Прокурор С.Сүлейменов: «Судья мырза...» Е.Әбішев: «Мырза емес, ханым!» Прокурор: «Мырза». Әбішев: «Ханым! Әйел мен еркектің айырмасы бар ғой» «Прокурор: «Мырза! Мен қалай атаймын, оны өзім білемін, маған үйретпеңіз!..» (Тегін кино деген осы емес пе нағыз?..)
Қоғамдық қорғаушы М.Адамов: «Прокурор мырза, сіз ҚР Бас прокуратурасының лауазымды қызметкерісіз, сондықтан мен сіздің кәсіби маман екеніңізге ешқандай күмән келтірген жоқ едім, енді мені күмән келтіруге мәжбүрлеп отырсыз... Құрметті сот, сіз бұл жерде төрағалық ете алмайсыз, олай етуіңіз заңсыз, қалай түсінбейсіз? Сіз кеше де өзіңіздің қызметтік құзыретіңізді асыра пайдаланып, біздің құқығымызды таптап, ең ақыры жұмыс уақыты біткеніне де қарамай, бізді зорлап отырғызып, сот отырысын жалғастырмақ болдыңыз. Сіздің кешеден бергі іс-әрекетіңіздің бәрі – это дискредитация судебной власти!.. Біздің бұл жайлы ой-пікіріміз дұрыс па, бұрыс па, Жоғарғы сот шешіп берсін. Ол сіздікі дұрыс деп баға бермей, біз сізге жауап бермейміз. Оған дейін сіз бұл істі қарай алмайсыз. Түсінсеңізші! Позор болғанша, Ислам Әбішев дұрыс айтады, кетіп қала салу керек қой. Тым болмаса үзіліс жариялаңызшы, үзіліс!»
Содан кейін барып судья кеңесу бөлмесіне беттеді. М.Адамов: «Қанша уақытқа кетіп барасыз, айтып кетсеңізші!» Судья: «Қайтып келемін!»...
Шымылдық...
P.S. Бүгін, яғни, 14-қарашада сот отырысы жалғасты. Судья А.Шаяхметова келіп, судья Қ.Мекемтасқа қарсылық білдіру туралы сот отырысын жалғастырмақ болды. Қорғаушы М.Есқараев: «Жоғарғы сот төрағасының менің шағымыма жауабы келгенше үзіліс жариялауыңызды сұраймын». Судья сотқа қатысушылардың пікірін сұрады. Қорғаушы А.Құспан: «Біз кәзіргі таңда екі қарсылық білдіріп отырмыз, біреуі судья Қ.Мекемтасқа, екіншісі сіздің өзіңізге, сондықтан қайсысы жайлы сұрап отырсыз, анықтап берсеңіз». Судья А.Шаяхметова: «Судья Мекемтасқа қарсылық білдіру жайлы». А.Құспан: «Біз ол мәселені қарай алмаймыз, өйткені біз сіздің өзіңізге де қарсылық жариялап отырмыз ғой». Судья тағы да сотқа қатысушылардың пікірін сұрады. Қорғаушы С.Жүнісбаев: «Сіз өткенде өзіңіз сіздің төрағалық ету мәселеңізді шешіп алу үшін, Жоғарғы сот төрағасының М.Есқараевтың шағымына жауабын күтейік деп үзіліс жарияладыңыз. Жауап әлі келген жоқ. Сондықтан, қандай да бір қарсылық мәселесін қарау ерте деп білемін». Прокурор «жалғастырайық» деді. Судья кеңесу бөлмесіне кетті. Келгеннен кейін «судья Қ.Мекемтасқа қарсылық білдіруге негіз жоқ» деген қаулысын оқыды да, кетіп қалды.
Не болғанын түсінбей қалған соң, қорғаушы А.Құспаннан түсінік беруін өтіндік: «Судьяға қарсылық берілді дейік. Ол сот залынан кетуге мәжбүр. Басқа бір судья келіп, біздің не үшін бергенімізді сұрайды. Сол кезде біз өтінішімізді жазбаша түрде тапсырамыз, және не үшін қарсылық білдіргеніміз жайлы түсіндіреміз, сұрақтарға жауап береміз, сөйтіп не үшін екенін дәлелдейміз. Сонда ғана «қарсылық жарияланды» деп саналады! Келген судья кеткен судьядан қарсылық не үшін берілгенін сұрауға хақысы жоқ, олай етсе екеуінің мүдделес екені білініп қалады! Ал, дәл кәзір судья Мекемтасқа не үшін қарсылық бергеніміздің себебі жайлы Шаяхметоваға и я ауызша, ия жазбаша бізден естіген жоқ, сонда қаулы шығару үшін кімнен естіді? Есқараевтың қандай қарсылық бергенін Мекемтастың өзінен естіп алып, қаулы шығарып келіп тұр! Сөйтіп, екеуінің мүдделес екенін көрсетіп қойды. Мен мынадай деңгейде заң бұзушылықты көріп, не айтарымды білмей, сөз таппай отырмын...»
Судья Қ.Мекемтас қайтып келген соң, прокурор С.Сүлейменов сотқа қатысушы журналистердің аудио және бейне жазуды қолдануына тыйым салуын өтінді. Қорғаушылар қанша жерден бұл өтініш негізсіз екенін дәлелдеп баққанмен, сотталушы И.Әбішев көріпкел екен, оның «құрметті сот, бұл өтінішті қабылдамауыңызды сұраймын, бірақ, қабылдап қоясыз-ау деп қорқамын» деген сөзі айнымай келді – сот тыйым салды. Енді, халайық сізге, сот залынан тікелей бейнерепортаж көру жоқ. Прокурордың да, судьяның да көздеген мақсаты сол болса керек деген күдік туды көңілде. Күдіктенуге хақымыз бар шығар...
Өмірзақ Ақжігіт ,
Қазақ үні