Президент 12 жылдық оқу мерзіміне асықпай көшу керектігін айтты
2019 ж. 12 қараша
1711
0
Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті қабылдап, ведомствоның қазіргі жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы ақпаратпен танысты, - деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Қасым-Жомарт Тоқаев білім бағдарламалары мен оқыту деңгейі заман талабына сай келмейтін жоғары оқу орындарының лицензияларын өздігінен қайтарып алу мәселесінде министрлікті қолдады және аталған мәселе бойынша заңнамалық деңгейде тиісті нормативтік-құқықтық база әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар Президент министрлікке 12 жылдық оқу мерзіміне қажетті инфрақұрылымды, бағдарламалар мен жалпы білім жүйесін дайындауға басымдық бере отырып, жүйелі түрде, асықпай көшу керектігі жөнінде тапсырма берді.
Республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан халқына арналған Жолдауындағы берілген тапсырмалардың орындалу барысын баяндады.
Президент квазимемлекеттік сектор жұмысының тиімділігі жайындағы талдау нәтижелерімен танысты. Н.Годунова бірқатар өңірдегі, атап айтқанда, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары мен Алматы қаласына, сондай-ақ, жекелеген мемлекеттік органдарға жүргізілген аудит барысы жөнінде мәлімет берді. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.