Жастар жылы жалғасын таба ма?
2019 ж. 09 қараша
4588
0
«Жастар жылы!» - деп жар салып, ұлардай шулап ұрандатып жүргенімізде сол жастарды жарылқаймыз деген бір жылдың қалай өтіп кеткенін білмей де қалған сыңайлымыз. Бізге қарағанда уақыт шіркін өз міндетін мінсіз атқарады, бағдарламаларымыз бен жоспарларымыздың орындалуын күтіп тұрмайды. Қалған бір жарым айда жыл басында алға қойған міндеттеріміздің орындалмай қалған кем-кетігін бүтіндеп, етек-жеңін жинастыратын мезгіл де келіп жетті. Ұлтымыздың болашағы, қоғамның қозғаушы күші саналатын жастарымыздың жан-жақты өсіп-дамуына аталмыш кезеңде қандай нақты мүмкіндіктер жасадық?
Елбасының 2018 жылы 5 қазанда Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын», – дегені жұртшылықтың есінде.
Аталмыш жолдау жастарды бір серпілтіп, бойына жігер сыйлағандай болған-ды. Cебебі, ауылды дамыту, рухани жаңғыру сияқты тағы басқа бағытқа негізделеген «арнаулы жылдар» болғанымен, еліміздің тарихында бұрын-соңды жастарымызға бұлай айырықша, тікелей көңіл бөлінбеген-ді. Әдеттегідей бұқаралық ақпарат құралдары Президенттің аузынан шыққан бұл жалынды сөзді жерге түсірмей іліп ала жөнелді. Жастарға жұмақ орнатамыз дегенге саятын кезекті саяси науқан басталып кетті. Еліміздің түкпір-түкпірінен ең белсенді деген ұрпақ өкілдерін жинап алып Елбасы «Жастар жылын» ресми түрде сәт-сапар тілеп, ашып берді. Тағы да әдеттегідей алдын ала дайындалған сценарий бойынша олар Елбасының қамқорлығына шексіз алғыстарын айтып, сенімін ақтайтындығына ант бергендей атойлап шыға келді. Одан кейін Жолдаудың қызуы басылмай тұрғанда құрметті депутаттарымыз қыруар қаржы шығындап, өңірлерге шығып оны тәптіштеп түсіндіріп қайтты. Жастар жылының ашылу салтанатына ұқсас түрлі форумдар мен конференциялар, флешмоб сияқты жүздеген шаралар барлық аймақтарда өткізілді. Жоғарыдан келген нұсқауды айна-қатесіз тоты құстай қайталап үйренген аймақ, қала басшылары да қарап қалған жоқ. Ол туралы басылымдар жарыса жазып, телеарналар тоқтаусыз көрсетіп жатты. Айтайын дегеніміз, «Жастар жылының» басталуында кемшілік болмады, ұтымды ұйымдастырылды.
Бағдарлама мен жоспар бар жерде оның орындалуы да маңызды міндет. Ең басты атқарушы билік болып табылатын ел Үкіметі бұл бастаманы барынша іске асыруға, арнайы нақты жұмыс жоспарын құрып, барлық аймақтарды қамтуға міндеттелгені де белгілі. Ол үшін «Жастар жылы» дегенді қалай түсінеміз, оның мақсаты не, не жасалуы керек, бүгінгі жастардың алдында кедергі болып отырған негізгі мәселесі қандай?» деген сұрақтар бойынша терең зерттеу жүргізіп, оны саралап, атқарылатын жұмыстардың тізімін жасау керек болатын. Оны тізімдемей-ақ былай да белгілі жағдай емес пе? Жасыратыны жоқ, қазір 35 жасқа дейінгі жастардың көбінің не баспанасы, не тұрақты жұмысы жоқ. Ауылдан қалаға жұмыс іздеп келген кейбір жастардың өз орнын таппай, түрлі қылмыстық әрекеттерге бой алдырып жататыны да бар. Оны жастардың ұрлық-қарлық, кісі тонау оқиғаларынан жиі көрінетінен-ақ байқауға болады. Осындай келеңсіз көріністерден арылу мақсатында мемлекет тарапынан жастарға қолдау көрсетілуі аса қажет, жастар жылының басты міндеттерінің бірі де осыған саяды.
Жастар үшін ең басты қажеттілік – білім алу, жұмыспен қамтылу және баспаналы болу. Бұл үш мәселе бір-бірімен тығыз байланысты. Егер осы басты үш мәселе шешімін тапса қалған кездесетін қиындықтарды жолай жөндеуге болады. Қазір республикада ресми деректерге қарағанда 3 миллион 800 мыңнан астам жас бар екен, бұл жалпы халық санының 21 пайызы деген сөз. Соның ішінде 81 мыңнан астамы жұмыссыз жүргені айтылды. Бұл туралы басқа емес, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың өзі жақында мәлімдеген болатын. «2019 жылдың екінші тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7 процентті немесе 81 мың адамды құрады», - деді Дәурен Абаев Мәжілісте өткен үкімет сағатында. Ал кейбір депутаттар сол жерде 81 емес, кем дегенде 200 мың жас жұмыссыз жүргенін айтып қалды. Жас өлшемі бойынша 1 миллион 181 мың жас ювеналдық топқа жатады – бұл 14 жастан 18 жасқа дейінгі адамдар. Министрдің айтуынша, жұмыспен қамтылған 2 миллионнан аса жастың арасында 77 пайызы – жалдамалы қызметкерлер. Оның ішінде 388 мыңы – сауда саласында, 253 мыңы – ауыл шаруашылығында, 239 мыңы – білім саласында, 218 мыңы өнеркәсіп нысандарында еңбек етеді. Ал қалған 23 пайызы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Яғни, ресми деректе айтылған жастардың төрттен бірі тұрақты жұмыспен қамтылмаған, кездейсоқ табыспен күн көреді. Жақсы істерді үстемелеп, кемшіліктерімізді жасырып кем етіп көрсететін «сырқатымызды» ескерсек бұл деректерді нақты деп айта алмаймыз. Рас, елімізде жастарды жұмыспен қамту жұмыстары биыл қолға алынғанын көруге болады, бірақ қажет деңгейде емес. Бұл жөнінде «Жастар жұмыссыздығымен байланысты проблемаларды шешу үшін «Жас кәсіпкер» және «Жас маман» жобаларын қоса алғанда, бірқатар бағдарламалық шара көзделген», - деді министр. Дәурен Абаев «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша мамандарға берілетін бір жолғы жәрдемақының мөлшері 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке (252 мың теңге) дейін ұлғайтылғанын атап өтті. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының іске қосылғанына біраз жылдар өтті. Шынын айтсақ бұл жоспарымыз да тым болмаса жартылай орындалған жоқ. Өйткені, ауылға барған жастарға дұрыс жағдай жасалмағандықтан жас мамандардың көбісі оған құлықсыз. Олардың бірқатары қалаға қайтып кеткені жөніндегі деректерді телеарналардан көріп жүрсіздер. Ол үшін сол ауылдардағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды түзеп, жастардың мәдени демалуына да жағдай жасау қажет. Ал, ол жағы біздің ауылдарда ақсап жатқаны белгілі. Ауылдарға арналған арнаулы жылдар мен оған бөлінген қыруар қаржының қайда қалғаны белгісіз. Бұл алдында айтқан ең басты үш талаптың жұмыспен қамтуға байланысты бөлігі.
Біздің елімізде жастар халықтың жалпы санынынң 21 пайызын қамтиды дедік. Бұл мақтанарлық көрсеткіш емес. Еліміздің болашағы саналатын жастар саны жалпы халықтың төрттен біріне жетпейді. Сонда ертең кең-байтақ жерімізге кім ие болады? Оның жарқын болашағын кімдер жасайды? Бір отбасында орта есеппен кем дегенде үш бала болуы керек десек, жастар саны халықтың тең жартысынан көбірек болуы керек-ті. Сонда ғана ұрпақ жалғастығына, еліміздің болашағына сенімді боламыз. Әрине, ол үшін жас отбасыларына жағдай жасау қажет. Айтайын дегеніміз, оларды алдымен баспанамен қамтамасыз ету керек. Баспанасы болмаса олар қалай өмірге ұрпақ әкеліп, оларды қалай тәрбиелеп өсіреді? Бұдан баспана мәселесі еліміздегі демографиялық жағдайға тікелей әсер ететінін байқау қиын емес. Ал біздегі билікте отырған лауазымдылардың осы жағдайға байланысты, түсінігі мен көзқарасы мүлдем басқаша сияқты. Әкімдікке, жергілікті билік орындарына әлеуметтік көмек немесе баспана сұрап барғандар «Баланы біз үшін тауып па едіңдер, бала табарда үкіметпен ақылдасып па едіңдер?» дегенді естуге дейін жетіп отыр. Бұл қатты кеткендік, биліктегілердің елдің болашағы туралы түсініктерінің тым таяз екенін көрсетеді. Әрі-беріден соң сол билікте отырғандар әлеуметтік көмекті өз қалтасынан шығарып беріп жатқан жоқ қой. Немесе өздері отырған баспананы босатып бер деп жатқан ешкім жоқ. Баспананы да олар ешкімге тегін бермесі белгілі. Оны алған күннің өзінде бала-шағасының аузынан жырып, жылдар бойы өсімдік пайызымен ақша төлейді, үстеме бағасымен сатып алады деген сөз. Олай болса, неге олар қарапайым халықтың алдында шіреніп, міндетсініп ауыр сөздер айтуы керек. Әлде олар халыққа тиесілі еліміздің барлық байлығын үкіметімен қоса жекешелендіріп алып па еді? Жоқ, оларға ешкім қалтасынан ақша шығарып бер деп отырған жоқ, оған олар өлсе де бармайды. Бар болғаны жоғары жалақы алып билікте отырған соң лауазымына қатысты өз міндеттерін адал атқарып, осы жұмыстарды дұрыс ұйымдастырып, халыққа лайықты қызмету ғана талап етіледі олардан.
Қазір ғылым мен білімнің дамыған заманы, сондықтан жастарға сапалы білім беру де өте маңызды. Биылдың өзінде Қазақстанда 7 мыңнан астам мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Оқу жылының басындағы жарияланған мәліметтерге қарағанда еліміздегі мектептерде 3 миллионнан астам оқушы білім алып жатыр. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенер болсақ, жаз кезінде Қазақстанда 21 мектеп ашылған. Республикалық бюджет қаражаты есебінен оған қоса 110 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде 72-сі биыл пайдалануға беріледі. Жергілікті бюджет есебінен 94 мектеп, 29 мектепке қосалқы құрылыс салынуда. Оның 17 мектебі мен 15 қосалқы құрылысы пайдалануға берілген. Сонымен қатар, 166 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілген. Әрине, оған қомақты қаржы жұмсалғаны белгілі. Бұл көрсеткіштер ешқандай күмән тудырмайды. Бұл да біздің ұрпақтарымызға деген қамқорлықтың белгісі. Бұл жерде сөз білім сапасы мен саладағы тиімді де тиімсіз сансыз реформалар туралы емес, жастарға білім алуға жасалған мүмкіндіктер ғана есепке алынып отыр.
Білім алудың басты сатыларының бірі – түрлі мамандық алып шығатын жоғары оқу орындары болып есептеледі. Елдің экономикасының дамуы да көп жағдайда осы салаға байланысты. Қазіргі кезде жоғары оқу орындарының басым бөлігі жекешелендірілген, оқу ақылы. Сондықтан, жастарға тегін оқу үшін мемлекет тарапынан гранттар бөлінініп тұрады. Мысалы биылғы жылға бөлінген гранттардың жалпы саны 51 мыңға жетіпті. Шынын айтсақ, бұл аз емес, жеткілікті деуге тұрарлық. Өйткені, осыншама маманға жұмыс тауып берудің өзі оңай шаруа емес. Дәп осы мәселе бізде толық шешілмеген, сондықтан да жастарымыз жұмыс іздеп шетелдерге кетіп жатыр. Жұмыс бар болса да жалақысы мардымсыз. Ол туралы нақты ресми дерек жоқтың қасы.
Сонымен жастарға арналған жылымыз да аяқталуға жақын қалды. «Не бітіріп, не қойдық?» деген сұрақты қоятын кез алыс емес. Күнделікті өмірімізге қарасақ жастар мәселесін толық шешіп тастамағанымыз айтпаса да түсінікті. Осы жыл басталғанда «Қазақ үні» газеті «Бір жылда жастарды жарылқай аламыз ба?» деген мақала жариялаған болатын. Сол кездің өзінде санаулы уақытта бұл күрделі мәселені шешетінімізге күмән келтіргенбіз. Өйткені осыншама ауқымды жұмысты бір жылда шешу мүмкін емес. Олай болса біз неге бір жылмен ғана шектелуіміз керек. Бұл жұмыс енді ғана басталды емес пе? Сондықтан, «Жастар жылын» керек болса Үкімет қаулысымен ұзарту қажет. Ал шындап келгенде оған ешқандай қаулының да қажеті жоқ, жастар мәселесін тұрақты түрде назарда ұстап, баса көңіл бөліп отыруды күнделікті міндетімізге айналдыру керек. «Біздің болашағымыз – жастар!» деп айқайлағанда алдымызға жан салмаймыз. Іс жүзінде олардың ел болашағы үшін жұмыс істеуіне толық мүмкіндік жасаған жоқпыз. Жастар қазір жоғарғы буынның «қолбаласы» деңгейінде қалып отыр. Шын мәнінде олар қандай да бір істің алдыңғы шебінде жүруге тиісті. Түрлі саладағы төменгі басшылық орындарынан бастап, жоғарғы Парламентке дейінгі лаузымдарға тартып жастарға жол ашқанымыз ләзім. «Ақыл – жастан, асыл – тастан», – деген халық даналығын ұмытпайық...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz