БІЗ Қазақстан емес, ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ БОЛУҒА ТИІСПІЗ!

Билікке неге бірауыз қазақша сөйлей алмайтындар келеді?

Парламентке неге ҰЛТШЫЛДАРДЫ ӨТКІЗБЕЙДІ?

  1. Биылғы сайлауға үлкен үмітпен қараған едік. Ұлт жанашырларын да Парламенттен көреміз деген сеніміміз бос қиялға айналды. Жағанованың «жағымсыз» әрекеті «Руханиятты» партиялық тізімнен ғана шығарып қоймады, ұлт мүддесі үшін күресіп жүрген азаматтарға қиянат болды. «Ақжол» партиясының басшылығы партия құрамындағы елім деп жүрген тұлғаларды «алдап» кетті. Әйтпесе тым құрығанда біз білетін азаматтардың біреуі болса да Мәжіліс депутаты атанар еді. Қазақ халқының болашағына шын мәнінде жанашыр, жүрегі ұлтым деп соғатын азаматтар әлі атқа мінген жоқ. Жылқыны жаяу баққан жылқышыдай тірілігіміз өзгере ме деген ой Жолдаудан кейін тіпті күңгірттене бастады. «Сабыр түбі – сары алтын» деген қағиданы ұстанған билік қазақтың бойындағы рухани «жараның» асқынбайтынына сенімді сыңай танытып бағуда.
Қазақ мүддесі, ұлттық құндылықтар төңірегіндегі шайқаста алдыңғы шепте жүрген ұлт батыры Мұхтар Шахановты сотқа шақырыпты дегенді естігінде сенгіміз келмеді. Бірақ заңды өз пайдасына қарай өзгертіп үйренген билік, өзінен үрейленбейтін «жауларына» «шабуылын» үдете түскен секілді. М.Шахановпен бірге Мұхтар Тайжанға, Жармахан Тұяқбайға, Рысбек Сәрсенбайұлына, суретші Қанат Ибрагимовқа да айыппұл салыныпты. Өз ойын еркін айтып, қоғамдағы келеңсіздіктер мен «билік пен байлықты көздеген» топтардың ісін ашық сынап жүрген азаматтардың түрмеге қамалып, оларға айыппұл салынуы – бізде демократияның қаңқасы түгіл, көлеңкесі де жоқ екендігін көрсетеді. Олай болмаса, Әміржан Қосановтың, Серік Сапарғалидың, Болат Атабаевтың, Болат Әбіловтың, Айжангүл Әмірованың түрмеге қамалуын қалай түсінуге болады?! Біз олардың қамауға алынуына наразы екенімізді мәлімдеп, тез арада босатылуын талап етеміз! Бәлкім, құқықтық, демократиялық мемлекетке 2030 жылдарға қарай айналатын шығармыз. 2020 жылға дейін халықтың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгеруі керек деген Президент тапсырмасын Үкімет қағаз жүзінде орындар, Конституцияның 7 бабының 2 тармағына және өзге ұлт өкілдеріне «жалтақтай» берсек, дін туралы жаңа заң қабылдап қоғамдық орындарда намаз оқуға тыйым салсақ, біздің бабалармыздың түсіне де кірмеген елге айналамыз. Қазірдің өзінде қазақ жерінде көп тілді, көп дінді, азаматтық мемлекет құру саясаты жүргізілуде. Негізі біз Қазақстан емес, ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫ, яғни Қазақ мемлекеті болуға тиіспіз. Ислам дінінің және ежелгі бабалар қағидасын кіріктірген өз ұстанымы, өзінің ұлттық бет-бейнесі бар айбынды мемлекетке айналу үшін қадамдар жасауымыз қажет еді. Өткен жиырма жылда қазақтың халі оңған жоқ. Керісінше, 25 жыл бұрынғы қантөгіс Жаңаөзенде қайталанды. Кінәліні басқа жақтан іздеп әлек болғанымызбен, күнәні бәрібір шын қылмыскер арқалайды. Үндемеген үйдей пәледен құтылғанымен, үйдей үңгірге құлайды. Билік ұлт жанашырларының әрекетінен сескене бастады, халық жаппай қолдап кетсе, іс насырға шабары анық. Сыздауық жара ақыры жарылып тынарын біле тұра қазақ мәселесіне бейтарап қарау, тым салқынқандылық таныту – биліктің өзіне-өзі көр қазуымен тең. Бұрынғы коммунистердің түгелге дерлігі бүгін «Нұр Отан» сапында ұрандап жүр. Билік ауысса, олар да жалт бұрылып басқа әуенге салары сөзсіз. Қолында барда мешкейлене түсуді жөн көрерлер «семіздік» дертіне қалай шалдықпайды екен?! Алла алдына бір орам шүберекпен ғана барарымыз көзі қызғарып кеткендердің санасына кеш жетер. Қазақстанда ана тілінде шенеунікке мұңын шаға алмай жүрген де, жұмыссыз да, бойында сан түрлі дерті бар науқас та, жұмыс істесе де, ең төмен жалақы алатын да, арамза компаниялар алдап кететін де, сөзіне ешкім сенбейтін де, айтқанына билік көнбейтін де қазақ. Басында панасы жоқ, пәтер жалдап көшпелі тірлігін тоқтатпай келе жатқан да қазақ. Несиеге үй алып, мезгілінде қайтара алмай жүрген де қазақ. Ең ауыр жұмысты істейтін де қазақ. Тізе берсең тоқтау қиын. Ең алдымен жұмыстан қысқаратын да қазақ. Жеріне шіркеу салатын да қазақ. Арақ-шарапты өзендей ағызатын да қазақ. Жаманын жасырып, жақсысын асырып жіберетін де қазақ. Береке-бірлігін шайқамайтын қазақ, өз мұңын байқамайтын қазақ өзгенің алдында қашанға дейін тауы шағыла береді? Билікке неге бірауыз қазақша сөйлей алмайтындар келеді. Парламентке неге ұлтшылдарды өткізбейді? Билікке жақпағандар құпия қазаға ұшырап, қылмыс неге ашылмайды? Мемлекеттік арналар мен газеттер халықтың көзі мен құлағы емес, биліктің «қолбаласы» болып отыр. Осының бәріне қалай тосқауыл қоямыз?! Айта-айта шаршадық, ал алаңға шықсақ, атады, ұрып соғады. Енді не істеуіміз керек? Осылай бағымыз ашылмай жүре береміз бе?! Қазақтар, қазақ үшін жанын беруге даяр азаматтарға қорған болайық, өз батырларымыздың соңынан ерейік, жазықсыздарға араша түсе білейік. Екіжүзділік пен жалтақтықтан арылайық. Алладан басқадан қорықпайық. Бабалар аңсаған мемлекетті құру үшін аянбай күресе берейік. Ұлтым деген ерлерді қолдай, қорғай білейік, ағайын!   Ұлт мүддесі үшін жұмылып, жұдырық болып, бір жерден білек шығарып, біріге білейік!  

Руза БЕЙСЕНБАЙТЕГІ, «Желтоқсан Ақиқаты» РҚБ Павлодар облысы филиалы төрайымы,

Мейрамбек ҚЫЗЫРҰЛЫ, Республикалық «Жас Қазақ үні» газетінің Павлодар облысындағы тілшісі.

Қалиев Мақсұт, Азат ҚБ Павлодар ф-лы төрағасы,

Қалиев Мейрам, Алаш партиясы Павлдодар ф-лы төрағасы,

Қалиева Д.М., Жеке кәсіпкер,

Қалиев З.М., жеке күзет қызметкері,

Павленко Ю.Ф. «Лад» РҚБ Павлодар облысы ф-лы төрағасы,

Касымова П. «Адам құқы орталығы» Павлодар ф-лы Директоры,

Агимбаев З.Б. « Қазақстан патриоттар партиясы» Павлодар ф-лы төрағасы

Нұрбаев Қ.Ж., тарих ғ.д., профессор

Тойшыбай А. Республикалық «Оян намыс» журналының тілшісі,

Баязит Қ. теміржолшы,

Қайыржан Ахметов, Май ауданының құрметті азаматы.

Әміржан Болатхан, тәуелсіз журналист, Екібастұз қаласы.

Набиев Қ., жұмысшы,

Нұрсеитов С., «Қазақ тілі» ҚБ мүшесі,

Тастыбаев Р. Жеке кәсіпкер,

Утенов Ж. қоғам белсендісі,

 Маженов Қ., зейнеткер,

Семжанов Ж., зейнеткер,

Керегенов Қ., мүгедек,

Жукенов Қ., Жеке кісіпкер,

Аябергенов Е., жастар белсендісі,

Айтпаев М., жастар белсендісі,

Джакиев Е., жастар белсендісі,

Балгазинов О., жастар белсендісі

Аязбаева А. Жеке кәсіпкер,

Түсіпбекова А. зейнеткер

Корнева Л.Н. зейнеткер

Токтасынова А.М., тәуелсіз журналшы,

Тоқтасын А.М. модератор,

және т.б.