Ринат ЗАЙЫТОВ: ҰЛТАРАЗДЫҒЫН қоздырмайық деп, ҰЛТАРАҚҚА АЙНАЛЫП БАРАМЫЗ...
2012 ж. 10 ақпан
144814
300
- Ринат, сені айтысқа енді шықпайды деп естідік... - Иа, мен айтысқа енді шықпаймын деп шештім. - Айтыстан кетемін деген шешіміңе не мәжбүр етті? Әлі бергеніңнен берерің көп еді ғой? - Ешкім де ешқандай жағдай да мәжбүрлеген жоқ. Бұл менің өз қалауым. Біреулер бергеніңнен берерің көп деп ойлайтын шығар. Ал мен өз басым олай ойламаймын. Маған қазір шығармашылық түрде өсу керек қой.Қарапайым ғана мысал, Масляковтың КВН-інде балл жазып отыратын бір адам отырады. Соның айтқанына қарап КВН-нің кез келген артық-кем тұстарының бәрін айтады ғой. Бұл «сіздердің орындарыңызға жаңа буын келеді, келу керек. Сіздер уақытында кетіп, өсуіңіз қажет» деген секілді. Сол сияқты біздер де айтыс ақындары басқа бағыт іздеуіміз керек қой. Өмір бойы айтысып жүре алмайсың ғой? Қандай айырмашылық бар отыз жасыңда кеттің не айтыстан қырыққа келгенде кеттің не? Мен азды-көпті он жыл айтысыппын. Енді өзімді басқалай сынап көргенім дұрыс болар. - Мыңдаған айтыссүйер ағайынның сүйіктісіне айналған Ринат Зайытовты енді халық сахнадан көрмейтін болады ма? - Жоқ, сахнаға шығамын. Бірақ айтысқа емес. Жүрсіннің айтысына емес. - Жүрсін Ерман жақында баспасөзге берген сұхбатында «Ринатты енді айтысқа ұзақ уақытқа дейін шығармаймын» деп еді. Осы сөз айтыстан кетуіңе себеп болмады ма? - Менің айтыстан кетем дегенім Жүрсіннің сұхбаты шықпай тұрып-ақ белгілі болған. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы дәл келді де». Мен Жүрсіннің сұхбатын да, Бауыржанның мақаласын да оқыдым. Әлі күнге ешкімге тіс жарып ештеңе демедім де. Демеймін де. Шындық үндемегендігімен шындық. Сонысымен қымбат. Кейін бәрі белгілі болады ғой. - Сол сұхбатта Жүрсін Ерман «Ринат келісіп айтысады, Жәмиғамен айтыс дегенде шықпады» дейді... - Жәмиға сол айтысқа келетін болсын, келмейтін болсын мен Аалыға қарсы дайындалдым. Және жақсы дайындалдым да. Өзіме-өзім солай серт қойғанмын. Ол айтысыма еш өкінбеймін . Ал менің суырып салмалығыма ақындар да, халық та әлдеқашан бағасын берген. Менің жаттанды айтыс жайлы берген сұхбатымнан кейін, алдағы Дінмұхаммед Қонаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған айтыста ақындар жеребені сахнадан суыратын болады. - Бұл жағдай айтыстың деңгейін көтереді деп ойлайсың ба? - Жақсы болсын жаман болсын, енді ақындар келісіп алып айтыспайтын болады. Халыққа жаттап келгенін айтып, спектакль қоймайды. Сахнадағы айтыскер ақындардың айтқанына имандай сеніп, әулие көретін халықты алдауға болмайды. Ал енді, Ринат Зайытовтың айтысқа шықпағанынан айтыс дамып кететін болса, мен оған титтей де ренжімеймін , қайта қуанамын. - Аалы Тұтқышывпен болған айтыстан кейін «Зайытов ұлтараздығын қоздырды» деп айыптай бастады... - Қырғызстанда қазақ азаматын жанұясымен бауыздап кетеді. Ол ұлт араздығын қоздырмайды. Жақында үйленем деп жүрген қазақтың жап-жас жігітін Ыстықкөлдің жағасында ұрып өлтіреді. Ол ұлт араздығын қоздырмайды. Бұндай жағдайлар санай берсек жетеді. Ал Ринат Зайытовтың Аалымен айтысы ұлт араздығын қоздырады екен. Біз «ұлт араздығын қоздырмайық, ұлт араздығын қоздырып алмайық» деп ұлтараққа айналып барамыз. - Аалымен айтысыңа қазылар тең деген баға қойды. «Әттең қазақтың намысы кетіп барады-ау» деген өкініш өзегіңді өртемеді ме? - Жоқ , оны мен кетірген жоқпын ғой. Оны сол айтыста баға берген қазылар ойласын. - Азды-көпті он жылдай айтысыппын дейсің. Сол кездерде «әй мына мәселені айта алмай кеттім-ау» деген сәттерің болды ма? - Жоқ, болған жоқ. Себебі, мен айтпасам да, басқа елу шақты ақындар бар, солар айтты. Жеріне жеткізіп тұрып айтты. Ақыннан сөз қалмайды ғой. «Ақыннан сөз қалған ба?». - Болашақта айтыс қандай деңгейде болады деп көз алдыңа елестетесің? - Үстіне май жинап алып, ырсылдап күресіп жататын жапондардың сумоистерінен қазақ ақындарының қай жері кем. Немесе фонограммамен екі өлең жазып алып, бір клип түсірген «жұлдыздардың» ақындардан қай жері артық? Ақындар олардан биік тұрмаса төмен тұрмайды. Мен болашақта қазақтың әрбір ақыны абыройлы болса деп тілеймін. Жоқ дегенде Сүйінбайдай қадірі болса. - Айтыстан кеттің. Енді әнші боласың ба? Әлде жүргізуші боласың ба? - Балаларыма жақсы әке болайын деп жүрмін. Болашақта көре жатармыз кім боларымызды. - Сұхбатыңа рахмет.
Сұхбаттасқан Оңғар Қабден
Маса.кз