Қытайдан қашқан екі қазақ: Шекарашылар жауапқа тартылады
2019 ж. 31 қазан
3141
0
Қытайдан қашып келген екі қазақтың ісі бойынша Зайсан шекара жасағында бірқатар басшыға қатысты шара қолданылады. Қазір бөлім командирі қызметінен шеттетілген, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсақан есімді Қытай азаматтары қазан айының басында Шығыс Қазақстан облысының Зайсан, Шілікті, Маңырақ ауылдарының тұсынан Қазақстанға өткен болатын. Шекарашылар солардың жолын кесе алмағаны үшін айыпты болып отыр.
Дархан Ділманов, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры:
- Олар сөзсіз тәртіптік жазаға тартылады. Әңгіме қарапайым сарбаздар емес, үлкен қызметтік тұлғаларға қатысты. Зайсан шекара жасағы, Комсомол заставасының бастығы мен комендантына шара қолданылады. Ал бөлім командирі қызметінен шеттетілді.
Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсақан бүгінде Өскеменде екі айға тергеу изоляторына қамалған. Оларға Қылмыстық кодекстің 392-бабы, 1-тармағы, яғни мемлекет шекарасын бұзу айыбы тағылды. Заң бойынша оларға екі жарым миллион теңге айыппұл салынуы мүмкін. Немесе 1 жылға бас бостандығынан айрылып, кейін өз еліне қайтарылады. Біреуінің бұған дейін де 2006 жылы мал ұрлығымен шекарадан ұсталғаны белгілі болды. 30 жастағы Қастер Қытайдағы саяси лагерьде отырып шыққанын айтады. 25 жастағы Мұрагер де «қысым көрдім» дейді. Олар енді Қазақстаннан саяси баспана сұрайды.