Қария бата беріп, 600 мың теңге ұтып алды
2019 ж. 30 қазан
3372
0
Жуалылық қария Аманжол Дүрәліұлы Алматы облысында өткен «Бабалар сөзі – дананың көзі» атты республикалық батагөй қариялар байқауында жеңімпаз атанған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бата жарысы Балпық бидің 325 жылдығына орай «Бабалар ерлігі – тәуелсіздік тірегі» атты шара аясында ұйымдастырылған.
Аталған байқауға облыстық кезеңнің жеңімпазы, жуалылық Аманжол Дүрәліұлы ақсақал қатысып, жемісті өнер көрсеткен. Ол «Қазақтың қанатты сөздері» бөлімінде батыр Бауыржан Момышұлының патриоттық сөздерін жатқа айтуымен ерекшеленіп, «Бата беру» кезеңінде де 6 минут мүдірместен көпшіліктің ризашылығына бөленген. Сұрақ-жауап бөлімінен де сүрінбей өткен.
Байқаудың қазылар алқасының төрағасы, белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы жерлесіміздің барлық кезеңге тыңғылықты дайындықпен келгеніне ризашылығын білдіріпті. Осылайша Аманжол Дүрәліұлы республикалық батагөйлер байқауының бас жүлдесін еншілеп, 600 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болыпты.
Айта кетейік, Аманжол Дүрәліұлы ақсақал бүгінде өңірдегі қоғамдық істерге белсенділікпен араласып келеді. Ел зиялысы ретінде де атқарып жүрген істері аз емес. Ауданға, облысқа сыйлы қария жас ұрпақ тәрбиелеу жолында үлгі-өнеге көрсетіп келеді.