Құпиясы көп "Қазагро"
2019 ж. 26 қазан
1592
0
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин «ҚазАгро» холдингіндегі шығындарына қатысты пікірін білдіріп, оның жұмысын сынға алды.
«Тек 2018 жылдың қорытындысы бойынша «ҚазАгроның» жинақталған шығыны 400 млрд. теңгеге жуық қаржыны құрады. Яғни, компания табыстың орнына шығынды жинап келеді. Жалпы, «ҚазАгро» қандай да бір жұмбақ құрылым іспеттес. «Бермуд үштағаны» десе де болады, ақша компанияға барғанымен, ешбір нәтижесіз жоғалып тынады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы компаниядағы жағдайды реттеу керектігін тапсырған болатын. Бұл тұрғыда саладағы мәселелерді фермерлер де көтеріп келеді. Осы жағдайды ретке келтіріңіздер», – деді Н.Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа қарата айтқан сөзінде. Осы орайда ол мемлекет қаржысының тиімді игерілуіне баса назар аудару керектігін қадап айтты. «Холдингте трансформация шараларының жүргізілгені дұрыс. Алайда бюджет қаржысын ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жеткізу жүйесін түбегейлі өзгерту керек. Қаржыны алып, оның қайтармау деген болмайды. Мемлекет қаржысының тиімсіз игерілуіне жол бере алмаймыз. Жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлеміз. Бірақ та әлі де тиісті нәтиже болмай тұр», – деді Мәжіліс төрағасы. Бұл ретте Мәжіліс төрағасы депутаттар аграрлық саланы заңнамалық қолдау бойынша шараларды атқаруға әзір екенін атап өтті. Айта кетейік, «ҚазАгро» қызметіне ауқымды реформалар жүргізіледі. «ҚазАгро» холдингі өз қызметін реформалау нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша таза пайдаға шығуды жоспарлап отыр.
qazaquni.kz