Қазақстанда 277 нәрестенің өлімі жасырын ұсталған
2019 ж. 22 қазан
1850
0
2018 жылы Қазақстанда өз статистикасына әсер етпесін деген мақсатта тірі туған сәбилерді өлі туды деп тіркеген. Атырау перинаталды орталығында болған даулы оқиғадан соң денсаулық сақтау министрлігі тексеріс жүргізген болатын.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісі хабарлады.
«Атырау облысында болған даудан кейін біз өлі туылу фактілерінің барлығы бойынша тексеріс жүргізген болатынбыз. Нәтижесінде, 2018 жылы туған соң шетінеп кеткен 277 сәбидің ісі жасырылғаны айқындалды»- деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сенат мәжілісінің отырысында.
Тауар сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің басшысы Людмила Бюрабекованың айтуынша, медициналық ұйымдарда сақталған барлық шыны препараттар зерттелген. Соның нәтижесінде, тірі туылып, бірақ артынша шетінеп кеткен балаларды, өлі туылғандардың қатарына қосу фактілері анықталған екен.
Аталған тексеріс, тек Маңғыстау облысында жүргізілмепті, себебі облыстың перинаталды орталығында шыны препараттағы деректер заңсыз түрде жойылған.
Еске саларлық жайт, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі медициналық орталықтарды қала әкімдігінің құрамынан шығару туралы ұсыныс білдірген еді.