Клара Біләлова, кітапханашы: Кітапханам қоқысқа кеткенше деп, өз қолыммен саттым...

– Апай, сіздің кітапханаңызды ғимаратын алып қояйын деп жатқаны жайлы маған Аманхан айтып, өзіңізге әкеліп, «кітабын бала кезімізде қызығып оқып өскен Жекен Жұмаханов ағамыздың үйіндегі апайымыз» деп таныстырып та кетіп еді. Оған қазақы жайбарақаттыққа салынып, әне, міне деп жүргенімізде кеше (24-қаңтар – авт.) болған оқиғаны интернеттен оқып, талып қала жаздадым. Операциядан кейін үйде жатыр едім, мынау қайнымды шақырып алып, алдыңызға келіп, кешірім сұрап тұрмын. Не болғанын өз аузыңыздан естиікші. – Мен осы жерде 1966 жылдан бері кітапханашы болып істеп келемін. 1997 жылы қаладағы 25 кітапхана қаржы жоқ деген желеумен жабылатын болғанда қала әкімі В.Храпуновқа бардым. «Ақыры жабады екенсіздер, маған беріңіздер» дедім. «Жеке адамға бере алмаймыз, ЖШС ашыңыз, менің жәрдемім сол болсын, айына жалға 100 доллар төлеп тұратын етейін» деді. Атасына рахмет, кімнің болғанда да жақсы ісін жақсы деп айту керек қой. Содан жатпай-тұрмай демеушілер іздедім, таптым. Олар да маған «жарайды, демеуші болайық» деп, кітаппен байыта бастады. Сол демеушілерім коммуналдық қызметке де төлеп отырды. Бізге арзан ақшамен берген 100 долларды әрең тауып отырдық. Бірақ енді кітапханашыларыма қиын болды. Ақша болса беремін, ақша болмаса тегін істеп отырды, 20-25 жылдан бері істеп келе жатқан кітапханашылар. Өзім ақшасыз істедім. Кітапханашы деген мамандық емес, ол – адамның жан-дүниесі... Солай істеп жүргенде балам ер жетіп қалды, балам маған демеуші болды, бүгінге дейін ұстап тұрды. Өзінің 30 процент табысын маған беріп отырды, аяған жоқ, «садақа» деген болады, балам» деп айттым, «зекет те бересің, сол зекетіңді осы кітапханаға беріп отыр» дедім, аяған жоқ балам, жөндеу жұмысына да берді. Кітап қорым көп болды. Менің қорымда 1895 жылғы кітап та бар. Өмірзақ, өзің көрдің ғой, осы жердің бәрі толған қазақ тіліндегі кітаптар болды, сол 1966-жылдан жиғанмын. 50 жыл кітапханашымын. Осы орында 45 жыл істеймін. Сонымен, кітапханам жойыла бастағанда, ішім ашыды. 136 000 кітап деген көп қой. Макулатураға кетіп қалмасын дедім, не істеймін басқа. Мыналар бір күні қоқысқа шығарып тастай ма деп қорықтым. Олар өздері де «апай, сіздің жасыңызды сыйлап жүрміз, әйтпесе кітаптарыңызды баяғыда лақтырып тастар едік» деп ашық айтып жүрді. Бүкіл саяси, Сталин, Ленин, Карл Маркс, Энгельс, А.Камю барлығы тұрған. Бәрін екі күнде талап алып кетті. – Неге отыра бермедіңіз? – Ойбай-ау, отырғызған жоқ қой, менің жалға алған мерзімім 2011 жылдың соңында бітті. Ал, бұлар оны созбай қойды. Міне, созбағаннан кейін осылай жауып жатырмын. Екі рет хат келді. «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияы деген мекеменің ғимараты бұл. Бұлар менің соңыма 2005 жылдан бастап түсті. – Кітапты қай күннен бастап сата бастадыңыз? – Кітапты екі-ақ күн саттым, 31 арна мені 27-қаңтарда, жұмада көрсетті. Түнімен ұйықтай алмадым. Дүйсенбі күні «теледидардан көрген әкімдердің ең болмаса біреуі келетін шығар, қол ұшын беретін шығар» деген үлкен үмітпен, соңғы үмітпен келдім. Бірақ, хабарласқан біреуі де болған жоқ. Сатып алуға мың адам келді, сұрайтындары сирек басылымдар, солардың бәрі менде болды. 1935-інші жылғы сөздіктер бар еді. – Кетті ме бәрі? – Кетті. Жамбыл атамның, Абай атамның 1949-жылы шыққан сары кітаптары бар еді. Алып кетті адамдар. КамАЗдар осында бірінің артында бірі тұрды тізіліп. Алып кетті барлығын. Мені бұлар маусым айынан қысты. Мектеп, колледждерге телефон соқтым, олар да қозғала қойған жоқ. Содан интернетке жаздым. Бір түрік жігіт келді. «Сендер түріксіңдер, Түркиядан келгенсіңдер, сендерге бұл қазақ кітаптары неге керек?» десем: «Апай, бұл – қазына. Бұны Түркияға апарамыз, халқымыздың болашағына керек» деді. «Сіздің қазақтарыңызға керексіз қылғанмен, бізге керек» дегендей етіп айтты. Жер болдым, қайтейін... Мүсірепов, Мұқанов, Әуезов, «Абай жолы», бүкіл біздің классиктер, Ш,Уәлиханов қазақша-орысша, мына жерге қойып отырушы едім оқып. Барлық саланың кітаптары болды, соның барлығын стеллажымен тиеп алып кетті... Осында келіп, кітап алып жатқандар 31 арнаға звондапты. Содан жұма күні «31 арнаданбыз» деп қыздар келіп тұр, мен ешқандай телеарнаға хабарласқаным жоқ. Хат жаздым талай рет жоғары жаққа. Мәдениет министрі кезінде Мұхтар Құл Мұхамедке де жаздым. Олар төменге жібереді... Төмендегілер маған «сіздің көзіңізді құртпасақ болмайды екен» дейді. Сманқұлов деген біреу 2007 жылы соңыма түсті. Әкімнің орынбасары екен. «Босат мына жерді, біз супермаркет ашамыз» дейді. Содан соттасып едім, анау оқу залы бөлігімді тартып алды, сот солай шешті. «43 жыл бойы мен отырмын, мен иесі» десем, «жоқ, мемлекет беріп жіберген, құжатта сізге аударылмаған,солардікі дұрыс» деп шешті. Әлгі ӘКК-ге «көмектеспейсіңдер ме» деп те айттым... Кеше И.Тасмағанбетов телефон соқты: «Кітаптарды енді сатпаңыз, Алматыдан көмек болмаса, мен сізді Астанаға барлық кітаптарыңызбен қосып алдырамын, ғимарат беремін» деді. Мен айттым: «Өзіңіз осында барда ешкім маған тиіспеген еді, кітапханаға жаныңыз ашитын адам едіңіз. Рахмет, өзіңіз хабарласып тұрғаныңызға, мына лауазымды шенеуніктер арасында сіз бірінші болып хабарластыңыз». Тасмағамбетовтың көмекшісі кеше «ертең таңертең сізге Имекең барады» деп еді, соны естіген болу керек, ұялған болу керек, Есімовтың орынбасары Сейдуманов бар, Мәдениет басқармасының бастығы бар, ӘКК-нің бастығы Бижанов деген бар, Самат Асқаров деген «Жетісу сервис компони» ЖШС директоры бар, бәрі жетіп келді. Ұялмайды азаматтар. Әлгі Асқаров Сейдумановтардың көзінше маған жала жаппақшы болды. Маған: «Сіз өзіңіз жабамын дедіңіз, өзіңіз аренданың ақшасын төлемей қарыз болдыңыз» дейді. «Астапыралла» дедім, «мен бір ай бұрын төлеп отырдым. Шырағым, азаматсың ғой, басыңды кессе де, өтірік айтпай, азамат болып қалсайшы» дедім. Хатты неге жіберемін, жабатын болсам. Асқаров үндей алмай қалды. Бижанов та «біз босат дегеніміз жоқ, жаппа деп айттық» дейді. Мынау, міне, Қ. Бижановтың С.Асқаровқа жіберген хаты. Мен жалға алып отырған осы мекен-жайды босатуын талап еткен. Тұр ғой жазу, қалай босат демеген. Өздеріне көрсеткенімде, ол да үндемей қалды. Сейдуманов «тоқтатыңдар!» деді... Содан Сейдуманов: «Біз сізге екі ұсыныспен келдік, біріншісі – бұрын қалай отырсаңыз, сол қалпы өз кітапханаңызға өзіңіз қожайын болып отыра беріңіз. Екіншісі – қалалық кітапханалар жүйесіне өткізіңіз. Бұрын бұл жерде қалалық орталық кітапхананың филиалы болғандықтан, енді қайтадан сол бұрынғыша филиал болып жұмыс істейсіз бе?» деді. Мен екінші ұсынысты қабылдадым, ертең қалған кітаптарымның барлығын актімен орталықтандырылған кітапхана жүйесіне тапсырамын. Кітапхананы өткіземін. Енді жұмыс істемеймін. – Ұсынысты бірден қабыл алдыңыз ба? – Иә, бірден. Мен мемлекеттің қайтып алғаны дұрыс шығар дедім. Бірақ кезінде қаладағы 25 кітапхананы жапқан да сол мемлекет еді ғой... Иманғали «қандай көмек керек сізге» дегенде, мен «мүмкін болса бұрынғы күйінде қалдырса» деген едім. Маған Иманғали: «Жарайды, апа, сол күйінше қалдыртармыз, бірақ бұл немелер сізге 3-4 айдан кейін ғимаратты босат дегенін қайтадан бастайды ғой» деді... Шынында да, бүгінгі күнге дейін дәл солай болып келді. Өзі қан қысымы жоғары маған бұлардың әрбір «шығарамыз, босатыңыз!» деген сөзі өте қатты тиетін, бір ауырып тұратынмын. Қайта менің денсаулығым осы күнге дейін шыдап келді. Аманхан Әлім де мен туралы бірнеше рет жазды. Мен осы кешегі күнге дейін үміттеніп жүрдім. Менің кітапханамды шынымен-ақ, лақтырып тастайтынына сенгім келмеді. Үмітімді үзбедім... Енді үкіметтің алғаны жақсы болды, менің иығымнан жүк түсті. Мен егер мына жерде азық-түлік дүкені тұрса, мен қалай кіремін деп ойлайтынмын. Кітапхана қалатын болды, менің жүрегім орнықты. Менің 136 000 кітабымның 2 күн ішінде 80 пайызы сатылып кетті. Оның бәрі сатылып кетер еді, кеше тағы бір азаматтар келіп, маған «сізге жәрдем береміз, кітапты сатпаңыз» деп тоқтатты. Ел іші болғаннан кейін, жақсы азаматтар жоқ емес, бар екен, келіп жатыр. 1969 жылы 25 жасымда осы кітапханаға жұмысқа келгенімде, қала бойынша бірде бір қазақ кітапханашы жоқ еді. Және біздің кітапханада қазақ жазушыларның шығармалары болмайтын. Мен өзім соларды жинастырдым. Басшыларым «не қыласың, керек емес, қазақ жазушыларын ешкім оқымайды» деп маған ұрсатын. Солармен таласып жүріп жинақтағанмын. Ақталып ортамызға қайта оралған алаш арыстарының бәрінің шығармаларын жинап едім, қандай кітаптар болды десейші менде! Бұл өзі 1966 жылы о баста бірінші қабаты кітапханаға лайықталып, арнайы жобаланған ғимарат. Талай адам келіп, телефонмен хабарласып, мына жағдайды естіп, ауырып қалдық деп жатыр. Жұрттың ішінде кітапханаға жаны ашитындар көп екен. Бүгін де бір жігіт келіп, мекен-жай дайын, көшіріп әкетеміз деп ұсыныс жасап келді. Стеллажымен алып кеткендерді енді қайтармайды... Олар «апа, біз жетім балаларды оқытамыз, қазақ балалар да бар» деп алып кетті. Неше түрлі қалың энциклопедиялар болды, бәрі кетті, менің мақсатым «қоқысқа кетпесе болғаны» еді. Алдын алғанда Қызылағаш оқиғасы да болмас еді. 5 жыл болды хат жазып жүргеніме. Мен қаншама жаздым. Ешкім құлағына да ілген жоқ. Бір жаны ашыса, Құл-Мұхаметтің жаны ашитын шығар деп Мәдениет министрлігіне жаздым. Міне, мынау. Мәдениет комитеті төрағасы дегеннен «отписка» келді. Қайрат Келімбетовтың әкесінің кітаптарын сақтап отырдым. Өзіне де жаздым. Кейіннен оның осында опера театрына келгенін естіп, есігін аңдып тұрып қолына тағы хат ұстаттым. Былқ еткен жоқ қой, сабаз. Ақпарат және байланыс министрілігіне де жаздым. Түк те шыққан жоқ. Бәрінің айтатыны - «Самұрық-Қазынаға» актімен берілген ғимарат, сондықтан да қай уақытта аламын десе алады» дейді. Содан осылар құтырмағанда кім құтырады. Кезінде 6 айдан кейін Храпуновтың өзі де келген. Кітапхананы жөндеді ме, жоқ па деп. Асановты, Алмалы ауданының әкімін ерте келіпті. Мен кітапхана шеберімін, барлық кітап көрмесін жасап, жайнатып қойғанмын, Храпунов «молодцы, продолжайте работать!» деп кетті. Мәскеудің НТВ арнасын қарап отырсам, Америкада мен тағдырлас адамның шыққанын қарашы. Американка, ақырындап орысша сөйлейді. Сол қолына түскен орыстың кітаптарын жинаған екен. 500 кітаптай болды, соны сақтаған. Сонда Ресейдің Сыртқы істер министрі Игорь Иванов өзі барып, сол әйелге Пушкин атындағы алтын медаль тақты. Ол да қырық жылдай жинаған екен, жасы да мен қатарлы. Қарашы, АҚШ-та америкалық әйелге орыстың кітабын жиғаны үшін орыстар алтын медаль тақты, мені қазағым Қазақстанда тұрып, кітапханамнан айырды... Кеше ғана жақсы ұйықтадым, себебі, Иманғали: «Апатай, сіз сияқты асыл адамдар арқасында өмір жалғасады. Сіз мұңаймаңыз. Сақтаймыз кітаптарыңызды. Сіз өзіңіз қолыңызбен тапсырасыз» деді. Барлық телевидениені шақырып, солай істеймін. Бұл жерде ақша үшін істеп отырғаным жоқ. Осы көп ақша деген пәле не керек, үйің, күйің болса жетпей ме? Балама ақша қума деймін. Үйім, күйім бар. Ешкі ұстайын деп отырмын. Үйде он бала болдық. Он шақты ешкі сауып, бір шелек сүт алып келемін. Анам «Клара бар да, сүт бар» дейтін. Тауық ұстаймын. Кітапханашы әріптестерім: «43 жыл қор жинадың, күйеуің ерте кетті өмірден, балаңды жалғыз өсірдің, осы кітапхана деп жүріп қайта тұрмыс та құрмадың, енді мемлекет саған компенсация төлесін, сұраңыз» дейді. Сұрамаймын. Мен кетсем, сатып жібереді, кітаптарды құртады деп отырдым. Ақыры өзім құрттым, қайтейін... Қай кітап қай жерде тұрғанын сыртқы мұқабасынан қарап білетінмін. Студенттер: «Апай, Анна Ахматованың мынадай шығармалары туралы айтып беріңізші, Абайдың философиясын түсіндіріп жіберіңізші» дейді, неше түрлі сұрақтарымен келетін. Бір күні тіпті телефоныма sмs хат келді, оқысам, емтиханда отыр екен, сұрағына жауапты энциклопедиядан қарап жазып жібердім...

 Клара апайдың бұл сөзіне қосар ешнәрсеміз жоқ. Тіпті не айтуға болады? «Басшым надан болған соң, қайда барып оңайын!» дейміз бе Абай атамыздың сөзін сәл өңдеп? Бірақ, өзін надан санайтын басшы бар ма? Жоқ әлде Олжасша «бізде мәдениет жақсы, наданият та жаман емес» дейміз бе?..

Өмірзақ АҚЖІГІТ