Ана тіліміздің кез келген мәселесі біз үшін өте маңызды – Дәурен Абаев
2019 ж. 14 қазан
1963
0
Қазақ тіліне қатысты мәселелерді байыппен шешкен жөн. Бұл туралы «Qazaqstan» телеарнасының «Kózqaras» бағдарламасына сұхбат берген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл мәселе туралы мен де білемін. Әрине, журналистердің қойып отырған талабы өте орынды. Бәріміз де білеміз, тіл - көшпенді қазақ халқының ең асыл қазынасының бірі. Тарихымыз да, тамырымыз да тілмен тығыз байланысты. Сондықтан ана тіліміздің кез келген мәселесі біз үшін өте маңызды. Тіл - ұлттың жаны. Бірақ, біздің журналистер «тіл, тіл, тіл» деп шулайды, шулап та жүр. Түсінеміз. Бірақ та, басқа салада, экономика, өндіріс, инвестиция саласында көптеген кәсіби мамандарымыз жұмыс істейді. Олардың тіл білмеуі олардың қателігі емес. Тілді үйреніп те жүр, тырысып та жүр. Бірақ, олар кезінде орыс мектептерінде оқыды, шетелде де оқыған шығар. Сондықтан қазақ тілін онша жақсы білмейді. Бірақ та, бұл саланың бәрінде жұмыс істеу қажет қой? Қажет. Олар - кәсіби мамандар. Сондықтан менің ойым, бұл мәселе рет-ретімен шешіледі. Ағайын, әр мәселені байыппен, ақылмен шешкен жөн», - деді министр.
Осы орайда ол 1991 жылы қазақ мектептерінде 1 млн бала оқыса, қазіргі уақытта 2 миллионнан астам бала оқып жүргенін мысалға келтірді.
«Яғни, қазақ сыныбын бітірген балалардың саны 2 есе артты. Қазақ мектебінде оқып жүрген осы оқушылар мемлекеттік органдарға және басқа да салаларда ана тіліміздің қолдану аясын кеңейтетіні сөзсіз. Бірақ, оған уақыт керек», - деді Дәурен Абаев.
Естеріңізге сала кетсек, таяуда БАҚ өкілдері қазақ тілі мәселесін қайта көтеріп, Президентке хат жазуға ниет еткен болатын.