Сабыржан Махмет: Ислам Әбішев сотына Ақиқат пен Әділдік іздеген азаматтар келуі тиіс
2019 ж. 13 қазан
5999
7
Ислам Әбішевтің соты өтетінінен хабардар ел қайта-қайта хабарласуда. Әсіресе зиялы қауымның алаңдауы күшті... Өткенде елордамызға арнайы келіп, баспасөз мәслихатына қатысып кеткен әйгілі жазушы Дулат Исабек көкеміз күнара телефон соғады. Телефонды көтермей қалсаң, бітті, сөгіс естуге дайындала бересің... "Күні бойы телефон соғып ала алмадым, осы сендер телефондарыңды құдыққа тастап жібересіңдер ме?"-деп біраз кейіп алады...
Белгілі жазушылар Бексұлтан Нұржеке мен Смағұл Елубай ағаларымыз кездескен сайын Ислам Әбіштің жағдайын сұрап: "Осы біздің президентке жазған Ашық хатымыздан не хабар бар?"-деп қояды. "Әлі белгісіз болып тұр, бірақ сіздер бастап қол қойған хатқа қолдап, қол қойғандар саны 200 мыңдай болды"-десем, "Елдің қолдап жатқаны жақсы екен"-дейді.
Иә, Ердің тағдырына алаңдаған елдің ерекше тұлғаларына ризамыз. Әйтпесе, кезінде Исекеңнің телефонына тыным бермей, есігінің алдынан шықпайтын талайларды таппай қалғанымыз рас...
Бүгін сәскеде әйгілі кикбокс шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері, "Жекпе-жек" федерациясының негізін қалаған басшысы, қоғам қайраткері Сабыржан Махмет хабарласты. Қай жерде, қай елде жүрсе де "Қазақ үні" сайтын қарап жүретінін айтып, түрмеде жатқан Ислам Әбішев пен Серік Төкеевтің жағдайын сұрап, соттың қашан болатынын біліп алды.
Өзі де кезінде жазықсыз сотталып, 7 жылдай түрмеде мерзімін өтеп шыққан адам ретінде абақтыдағы екі азаматтың тағдырына алаңдап тұрғаны айқын аңғарылады. Қызу әңгімесінің арасында біреулерді жақсылап тұрып шетел тілінде сыбап алды...
"Ислам Әбішев ағамызды бұрыннан асыл азамат ретінде сыртынан танитынмын. 2011 жылы Өскемен қаласы әкімі кезінде, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев еді, Қазақстанның ұлттық спорт ойындарының республикалық фестивалын керемет ұйымдастырып өткізгені есімде. Одан кейін солай тамаша өткен фестиваль Қырымбек Көшербаевтың әкім кезінде Қызылорда облысында болды. Ал Исекең Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясы президенті болғалы бері қазақтың ұлттық спортына шын жанашырлығын байқадым. Оның себебі - Қазақ күресінің қайраткері Серік Төкеевті өте жақсы білемін. Ал Серік болса, өзі бүгінгі күнгі биігіне жеткізген Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының тізгінін кез келген кісінің қолына ұстата қоймайды. Серік Төкеев кезінде Қазақ күресі ешкімге керек болмай қалған кезде бір өзі бар ауыртпалығын көтеріп, бар күшін жұмсаған азамат!
Біз де бәрі қолдап қол қойып жатқан екі жүз мыңдай елмен бірге қазақтың ардақты азаматтары Ислам Әбішев пен Серік Түкеевтің ісі әділ шешілуін тілейміз!
Іссапарда жүргендіктен, сотқа үлгергенімше барып қатысамын.
Ал ертеңгі болар сотқа Ақиқат пен Әділдік іздеген барша ұлтшыл азаматтар келуі тиіс қой!"-деді ағамыз.
Біз де аты аңызға айналған атақты спорт тарланына Ақ жол тілеп, алғыс айттық.
Бәрімізді Жеңісті күндерде жолығуға жазсын!
Қазыбек ИСА,
Qazaquni.kz
ИСЛАМ ӘБІШТІҢ СОТЫ ӨТЕТІН ЖЕР
2019 жылы 14 қазанда сағат 11:00-де Нұр-Сұлтан қ., Омаров к. 57 үй мекен-жайында орналасқан Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ИСЛАМ ӘБІШЕВ ісі бойынша АШЫҚ СОТ болады.
ӘДІЛДІК ЖОЛЫНДА ӘРҚАЙСЫМЫЗ ӨЗ ҮНІМІЗДІ КӨРСЕТЕР КЕЗ КЕЛДІ! БҮГІН ҚИМЫЛДАМАСАҚ, ЕРТЕҢ КЕШ БОЛАДЫ!
Бүгін асүйде жайлы диваннан тұрғысы келмегендер, ертең түрмеде жайсыз нарда оянатынын ұмытпаңыздар!
ИСЛАМ ӘБІШТІ ҚОРҒАУ КОМИТЕТІ