Шетелге мал бей-берекет сатылмасын
2019 ж. 12 қазан
2239
0
Қазақстанда шетелге мал сату бойынша күрделі жағдай қалыптасып отыр. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында депутат Әли Бектаев мәселе көтеріп, сауал жолдады.
«Көрші мемлекеттер, әсіресе Өзбекстан Республикасы мемлекетаралық сауда-саттық қарым-қатынастың оңтайлығын пайдалана отырып, қазақстандықтардан ірі қара мал мен уақ малдарды жаппай сатып алу саясатын жүргізуде. Мысалы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан тыс жерге 88 мыңға жуық мал сатылса, тек биылғы тоғыз айдың өзінде 333 мыңнан астам мал шығарылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 есе көп. Сатылған ірі қараның саны 2 есе, ал уақ малдың саны 7 есеге өскен. Сыртқа сатылған мал басының 80 пайызын Өзбекстан азаматтары сатып алған. Олар Қазақстанның шекара аумағында орналасқан Түркістан, Қызылорда облыстарынан ғана емес, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарынан да малдың сапалы бөлігін іріктеп алуда. Ең сорақысы, шетке сатылған малдардың 50 пайызға жуығы репродуктивті аналық бастар, яғни көршілес мемлекеттер Қазақстанның малдарын етке ғана емес, өз малдарының сапасын жақсартуға және мал басын көбейту үшін де сатып алуда», – деді Әли Бектаев ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында. Сенатордың пайымынша, бұл жағдай әлі де 1991 жылдың деңгейіне жете қоймаған Қазақстандағы мал басының өсуіне кері әсерін тигізеді. ҚР Үкіметі тарапынан мал экспортына қатысты ауқымды және ұтымды шаралар қабылдануы қажет деп есептейді сенатор.
qazaquni.kz