Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты
2012 ж. 07 ақпан
9495
0
Президент Н.Назарбаев жылдағы дәстүр бойынша Қазақстан халқына өз Жолдауын жасады. Биылғы жолдаудың тақырыбы – «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты». Жолдаудың басты-басты бағыттарына тоқталсақ:
– Қазақстан тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына батыл қадам басты.
Жаңа құрамдағы Парламент пен жаңарған Үкімет өз жұмысына кірісті.
Өткен 2011 жылы ел экономикасы 7,5 пайызға өсті.
Ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 11 мың доллардан асты.
Бұрын сатылып кеткен активтердің бірқатар маңызды бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Енді «Богатырь», Қарашығанақ, Қашаған кен орындары мен ЕNRC, «Қазақмыс» компанияларының басым активтері мемлекет иелігінде болады, – деп бастады ол өз сөзін. – Кезінде мен мынадай жағдайларға байланысты сатып жатырмыз, қазір жекешелендіру керек, уақыты келгенде қайтарамыз деп айтып едім. Міне, енді бәрі қайтарылуда. Барлық акциялар пакеті Қазақстанда. Енді өзіміз барлығына ықпал жасайтын боламыз.
Елбасы Қазақстан халқы біртұтас, бірлігі мызғымас кемел елге айналғанын, дегенмен біз күрмеуі қиын, қайшылығы мол алмағайып заманда өмір сүріп жатқанымызды еске салды.
– Болжанған жаһандық дағдарыс қаупі шындыққа айналып келе жатқанын көріп отырсыздар. Сарапшылардың пікірінше, жаңа әлемдік дағдарыс бес-алты жылға созылуы мүмкін. Біздің міндетіміз – экономиканы осы сынаққа дайындау, оны әртараптандыруды жалғастыру болып табылады. Біз 2015 жылға қарай табысы жоғары елдердің қатарына қосылуды көздеп отырған елміз. Бірлігімізді сақтап, осылай еңбек ететін болсақ, ол мақсатқа да жететін боламыз, – деген Елбасы өз отандастарының алдында Қазақстан жолының жаңа кезеңі – экономиканы нығайтудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың жаңа міндеттері тұрғанын жеткізді. – Қазақстан үшін экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз етудің оңтайлы теңгерімін табу – өмірлік маңызды нәрсе. Бүгінгі әлемде бұл – әлеуметтік-экономикалық жаңғыртудың түбегейлі мәселесі. Бұл таяу онжылдықтардағы Қазақстан дамуының басты бағыты. Мен ел халқына өзімнің жаңа Жолдауымды осы көкейкесті тақырыпқа арнаймын, – деді Н.Назарбаев.
Жолдауында «он бағыт бойынша міндеттер кешенін жүзеге асыруға тиістіміз» деп баса айтқан Мемлекет басшысы өз
Жолдауында басым бағыттағы маңызды он мәселеге кеңінен тоқталды. Олардың қатарында қазақстандықтардың жұмысқа тартылуы, оқыту мен жұмысқа орналасуға септесудің тиімді жүйесін жасау, ауылдық жердегі кәсіпкерлікті дамытуға септесу, еңбек ресурстарының жинақылығы, Қазақстанның экономикалық тұрғыдан белсенді орталықтарында жұмысқа орналастыруға басымдық беру қажеттігіне тоқталды.
Сонымен қатар, қолжетімді баспана, өңірлерді дамыту мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Президент Н.Назарбаев Үкіметке бір салалы шағын қалаларды дамыту туралы арнайы бағдарлама жасауды, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы жобасын әзірлеуді тапсырды.