ПИК қызметі ашық болуы керек – Көлгінов
2019 ж. 02 қазан
2069
0
Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен ПИК-тің жұмыс сапасы мен электрондық пәтер иелері кооперативін құру қажеттілігі туралы мәселе "Nur Otan" партиясының қалалық алаңында талқыланды, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Жиын барысында Алтай Көлгінов тұрғындардың ПИК жұмысына әкімдікке шағымданатынын айтты. Алайда ол ПИКтің өзін-өзі басқару институтына жататынын атап өтті.
"Егер ПИК төрағасы тұрғындарды қанағаттандырмаса, оны жалпы жиналыста ауыстыруға болады. Әрине, тұрғындардың жұмыстарына байланысты бос уақыттары жоқ. Электронды ПИК құру уақыты келді. Жалпы жиналысты онлайн өткізіп, сол жерде барлық мәселелерді онлайн режимінде талқылауға болады. Қазір ПИК үйлерді күтіп-ұстауға және жөндеуге миллиондаған қаражат жинайды. Тұрғындар төрағалардың қаржыны қайда жіберетінін білулері керек", - деді Алтай Көлгінов.
2018 жылы Е-ПИК жобасының бірінші кезеңін іске асыру жұмыстары жүргізілді. Жоба тұрғындарға жұмсалатын қаражатты бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тұрғындар есепті толық көлемде көру үшін жобаның екінші кезеңін іске асыру жұмыстары жүргізілуде.