Әбішев мемлекеттің 300 млрд теңгесін қалай үнемдеді?
2019 ж. 30 қыркүйек
1935
7
Біз «Ислам Әбішев мемлекеттің 300 миллиард теңгесін үнемдеген.., 1 триллион теңгені үнемдеген...» деп жиі айтып жүрміз. Бірақ соншама қыруар қаржыны қалай үнемдеген деген сұрақ төңірегінде аса ойланған жоқпыз...
Расында, белгілі бір салаға, білгілі бір жобаларға Үкімет бөліп, бекітіп қойған осыншама қаржыны үнемдеу мүмкін бе? Мүмкін емес сияқты...
Біз сол жобалар туралы, 300 млрд теңгені қалай үнемдегені туралы тергеу изоляторында отырған ол кісіге адвокаты Абзал Құспан арқылы бірнеше сұрақ жолдаған едік...
– Сіз 2012 жылдың 5 ақпанында ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалыпсыз да, 2013 жылы 5 маусымда ол қызметтен кетіпсіз. Естуімізше, 1 жыл 4 айда мемлекеттің 300 млрд теңгесін үнемдеген көрінесіз. Мұнша қаржыны қалай үнемдедіңіз, осы туралы айтып берсеңіз...
– Жұмысқа кіріскеннен кейін, әрине, негізгі мәселе – бюджеттің қаржысы қайда және қалай жұмсалатынына талдау жасай бастадым. Бұған дейінгі жұмыс істеген жерім Өскемен қаласында жылына 3-4 миллиард теңгенің қаржысы құрылыс жұмыстарына жұмсалатын. Мұнда келгенде бір жылда жұмсалатын қаржы 70-80 миллиард теңгені құрайтынын көрдім.
Мұншама үлкен қаржы бұрын көрмегендіктен оны тиімді пайдалану ең маңызды мәселе екені түсінікті болды. Сондықтан ең алдымен құны 1 миллиардтан асатын жобалармен танысып, талдай бастадым.
Жалпы құрылыс-жөндеу жұмыстары үш бағытта жүргізіледі:
1) топтамалы ауыз су магистралдық құбырлары; 2) каналдар арқылы ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке және халыққа ауызсу жеткізіп тұру үшін; 3) көктемгі мол су (қар мен жауынның суы) кезінде су жинақтайтын су қоймаларының құрылысы және жөндеу жұмыстары.
Мінеки, осы үш бағыттағы жобалардан қаржыны қалай үнемдедік? Мысалы, Арал-Сарыбұлақ магистралдық топтамалық су құбырын алайық. Қызылорда облысында орналасқан ұзындығы 243 км Қосаман деп аталатын тұщы су көзі шығатын жерден басталып, Қызылорда облысының Арал, Қармақшы, Қазалы, Сырдария аудандарының территориясындағы 160-тан астам елдімекенді ауызсумен қамтамасыз етеді.
Бұл топтама су құбыры Кеңес үкіметі кезінде салынып, тәуелсіздік жылдарында қараусыз болып, тозығы жеткен. Сондықтан барлық магистралдық құбырлар ауыстыруды талап етеді.
2007-2012 жылдар аралығында осы су құбырының әр жерін бөлек-бөлек жөндей отырып, жалпы 47 км-ге жуығы жөнделген. Оған, шамамен, барлық қаржы көздерінен 12 миллиардқа жуық қаржы жұмсалған. Егер осы күйінде жалғастыра берсек, 5-6 жыл көлемінде 45-50 млрд теңге жұмсалып, оның өзінде бұл су құбырының бітер-бітпесі екіталай болып қалар еді.
– Ол жобалар неге соншалықты қымбат?
– Барлық мәселе жоспарлауда. Жобалау-сметалық құжат (ЖСҚ) жасағанда, ең алдымен, керекті судың мөлшері анықталады. Судың мөлшері адамның, малдың, техниканың, қысқасы жалпы су пайдаланушылардың санына байланысты. Жобалаушылар бұл мәліметті ауыл әкімдерінен алады. Ауыл әкімдері бұл мәліметті қазіргі нақты бар адамның саны, малдың саны, басты су пайдаланушылардың санына алдағы 20-30 жылда өсуі мүмкін есеппен береді. Сонда су пайдаланушылардың саны 2-2,5 есеге өсіп шыға келеді. Бұл трубаның диаметрінің үлкеюіне, суды трубамен айдайтын насос қондырғыларының үлкеюіне, ол өз кезегінде насостар тұратын ғимараттың және электр подстанциясының үлкеюіне әкеліп соғады. Құбырдың үлкеюі онда орналасқан ашып-жабатын тетіктердің үлкеюіне әкеліп соғады.
Осының барлығы, жинақтап келгенде, түрлі коэффициенттермен қоса және құрылыс уақыты созылған сайын қымбаттай түседі.
– Құны қымбат тұратын жобаларды қысқартып тастадыңыз ба?
– Біз не істедік? Ең алдымен, су пайдаланушылардың толық есебін алдық. Екінші, сол елдімекендердегі халықтың, малдың, автокөліктің санының өзгеру статистикасын алдық. Үшінші, терең математикалық тәсілдермен алдағы 20-30 жылда өзгеру графигін жасадық. Осының нәтижесінде судың көлемі 2,5 есеге жуық азайды. Оның үстіне құбырдағы қысымды арттыру, қосымша насос қондырғыларын қою сияқты техникалық шешімдер арқылы құбырдың диаметрін тағы да біршама кішірейттік. Сонымен, бас мердігерлікті «Қазсушар» мекемесіне бердік. Соның нәтижесінде құрылысқа керекті құбыр, насос, электр трансформаторы т.б. заттардың барлығын арадағы делдалдарсыз тікелей заводтардың өзінен алдық. Оның үстіне үлкен көлемде тапсырыс жасағандықтан бағаларын 10-15 пайызға төмендетуге қол жеткіздік.
Осы шаралардың негізінде және жоғарғы деңгейдегі ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде 196 км астам топтама су құбырын барлық құрылғылармен қоса 6,7 млрд теңгеге 6 айдың ішінде толық бітіріп, 130 мыңнан астам адамға 2012 жылдың желтоқсанынан бастап бастап су бере бастадық.
Егер ескі әдіспен жүріп отырсақ, 7-8 жыл ішінде 40-45 миллиард ақша жұмсап, басталған жұмысты бітірер бітірмесіміз белгісіз еді.
Оның үстіне, 2015 жылы доллар өскенін еске алсақ, дәл сол сияқты құбырдың құны да екі есе өсіп кетті, яғни девальвацияның әсерінен 45 миллиардқа да бітіре алмас едік. Бұл нысан күні бүгінге дейін мінсіз жұмыс істеп тұр. Кестедегі топтамалы су құбырлары бойынша негізінен жоғарыдағы ұстаныммен жұмыс атқардық.
– Сәтпаев каналы туралы толығырақ мәлімет берсеңіз...
– Гиннес рекордтар кітабына кірген Қаныш Сәтбаев атындағы канал бар. Бұл – академик Қаныш Сәтбаевтың ең ірі жобасы. Сонау 1958-1959 жылдары Ертіс суын Сарыарқа жонына көтеру туралы мәселе көтеріп, Кеңес үкіметінің жетіжылдық жоспарына енгізген Сәтпаевтың өзі еді. 1961 жылы «Ертіс-Қарағанды» деп аталған каналдың жұмысы басталып, 1967 жылы аяқталып, Ертіс суы Екібастұз арқылы, 475 метр өрде орналасқан Қарағанды мен Теміртау қалаларына жетті. Содан бері Орталық Қазақстан алқабын тіршілік көзімен нәрлендіріп отырған су арнасы. Ұзындығы 450 шақырым. Осы каналда 22 насос станциясы бар. Яғни, суды тарту үшін әрбір 20-25 км қашықтықта орналасқан насос станциялары суды жоғары көтеріп отырады. Әрбір насос станцияларында 5 насос агрегаты бар, оның төртеуі жұмыс істейді, біреуі резервте.
2011 жылы бір насос станциясындағы 4 насос агрегатын ауыстыру жоспарланып, ЖСҚ дайындалып, оның құны 6 млрд теңге болып бекітілген. Оған конкурс өтіп, мердігер компания анықталған. Сол 2011 жылы алғашқы 150 миллион теңге қаржы төленіп те қояды. 2012 жылға 2,5 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылып та қойған.
Мен бұл жобаны зерттеп, танысып, сол насос агрегатын жасап шығаратын заводқа шықтым. Олардан білгенім, бізге керекті агрегаттарды дайындап, каналға әкеліп, орнатып іске қосып берген барлық шығын 1,5 млрд теңгеден аспайтындығына көзім жетті. Әрине, мердігермен шартты қайта өзгертіп, 6 млрд теңгенің орнына 1,5 млрд-қа жуық теңгеге қайта жасадық. Бүгінгі таңда сол агрегаттар барлығы сақадай сай жұмыс істеп тұр.
Бір қызығы, қаржыны қысқартар кезде жоғарыдан телефон соғу, менің таныстарым арқылы маған 2 млрд теңгеге дейін пара ұсынған жағдайлар болды. Менің таныстарым: «Бұл жобаны сен жоқ кезде жасаған, конкурс та солай. Сен жауап бермейсің. Ақша аударатын кезде сен іссапарға кетіп қала сал, сен тек кедергі жасамасаң болды. Ал сенің қаржыңды қалаған жеріңе жеткізіп береді», - дейді.
Әрине, ешқайсысына көнген жоқпын.
Нәтижесінде, 2012 жылдың күзінде «Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы күрек комиссиясы мені айыптап, бүкіл елге мені «коррупционер» деп жариялап, ауылшаруашылық министрлігіне менің мәселемді қарап, шешім қабылдау жөнінде ұсыныс жіберді. Бұл мәжіліс барлық телеарналар арқылы, басқа да ақпарат құралдары арқылы халыққа тарады.
Біз, әрине, ертеңіне баспасөз мәслихатын өткізіп, барлық ақпаратты жайып салдық. Ауылшаруашылық министрлігі мені жазалаған жоқ. Ал «Нұр Отан» да сол күйі хабар берген жоқ.
Осы каналға байланысты тағы бір мәселе:
Мен қызметке келгенге дейін сол 450 шақырымға созылып жатқан Сәтпаев каналын тікенек сыммен қоршамақшы болған. Оны қоршау үшін оның ЖСҚ жасау керек болған. Сөйтіп, ЖСҚ дайындау үшін конкурс өткізіліп, оның жеңімпазы анықталып, 2011 жылы оған 100 миллионнан астам алғашқы қаржы төленіп те қояды. Ал жобаның жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайды. Біз мұны мүлдем тоқтатып тастадық.
«Неге оны қоршау керек?» десек, жобаны ұйымдастырушылардың айтқан жауабы былай: «Бұл каналдың суынан Қарағанды қаласының халқы су ішеді. Ал санитарлық нормалар бойынша ауыз су көздері қоршалу керек, ол әртүрлі улы заттардың суға түсіп кетуінен қорғалуы керек» дейді.
Бір қарағанда ойланатын нәрсе, бірақ каналға су Ертіс өзенінен келеді, ал өзенге су бұлақтардан, жылғалардан, кіші-гірім өзендерден келеді, сонда оларды да қоршау керек пе? Санитарлық нормаға сәйкес оның төбесі де жабық болуы керек. Сонда қалай, өзендердің де төбесін жабуымыз керек пе?
Әрине, олай емес. Каналдан келген су Қарағандыға кірген жерде әбден тазартудан өтеді. Халыққа жіберер кезде үзбей қадағаланып отырады.
Бұл – санитарлық норманы бұрыс пайдалана отырып, бюджеттің қаржысын талан-таражға салу деген сөз. Әрине, мұны да тоқтаттық.
– Астана су қоймасы туралы не айтасыз?
– Астана су қоймасын қоршауға мемлекеттен шектен тыс көп қаржы бөлінген – 31 млрд теңге! Жаңа құрылыс емес, тек қоршауға осыншама қаржы бөлінгеніне таңғалмау мүмкін емес. Өйткені Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары боп тұрған жылдары өзім бастан-аяқ құрылыс жұмысына қатысқан жап-жаңа Көксарай су қоймасына мұнша ақша жұмсалмаған. Көксарай су қоймасының көлемі Астана су қоймасының көлемінен әлдеқайда үлкен – 3 млрд/м³ су сақтайды. Ал Астана су қоймасына 450 млн/м³ су жиналады. 450 млн/м³ мен 3 млрд/м³ айырмасын есептей беріңіз. 2008-2011 жылы жаңадан салынған Көксарай су қоймасына 45 млрд теңге жұмсалған. Жап-жаңа құрылысқа. Ал одан 6,5 есе кіші, небәрі 450 млн/м³ су қоймасының болмашы жөндеу жұмыстарына мемлекеттен 31 млрд теңге бөлінген.
Жобаның бүге-шігесіне дейін есептей келе, бөлінген қаражаттың 29 миллиардын кесіп тастап, Астана су қоймасын қоршау, жөндеу жұмыстарын 2 млрд қаржымен бітірдік.
– Сіз қызметке келгенге дейін аса көлемді қаржы бөлінген тағы қандай жобалар болды?
– Жоғарыда құрылыс-жөндеу жұмыстары үш бағытта жүргізілетінін айттым. Су қоймалары – үшінші топтағы жұмыстар. Астана су қоймасы осы үшінші топқа жатады. Осы санатта Бартоғай су қоймасын айтуға болады.
Бартоғай су қоймасының техникалық параметрлерін қалпына келтіру жобасының құны 22 миллиард теңгеге жуық болып шығады. Неге мұнша қымбат екенін зерттеп қарасақ, 19 млрд теңге су қоймасының түбіне жиналған тұнбаны тазалауға кетеді екен.
Бір жағынан қарағанда жиналатын судың көлемін азайтпау үшін тазалау керек. Бірақ ары қарай зерттегенде мынаны анықтадық:
Бартоғай су қоймасында 350 млн/м³ су жиналады. Көктем, жаз бойы пайдаланылған судан күзге қарай қоймада қалып қоятын судың көлемі 70 млн/м³. Қойманың құрылғанына 50 жылға жуық уақыт болған. Ал түбінде тұнған балшықтың ауқымын эхолокация аппаратымен өлшегенде, шамамен, 15 млн/м³ көлемінде екен.
Енді 70 млн/м³ судың түбіндегі 15 млн/м³ су балшық деп есептесек, су қоймасында 55 млн/м³ артық су қалады. 50 жыл бойы тұнған балшықтың көлемі аса үлкен емес. Ол балшықтың ешқандай зияны жоқ. Әлі де, шамамен, 50 жыл түбіндегі балшықты тазаламауға болады. Шын мәнінде бүгін балшықтан тазаладық деген күннің өзінде, іс жүзінде оны тазалау мүмкін емес, тек сөз жүзінде, қағаз жүзінде «тазалаған» болады. Ал, шындығына келсек, олардың мақсаты – балшықты тазалау емес, мемлекеттің қазынасын «тазалау» еді...
Ал енді сол көлемдегі шөгіндіні тазалаудың қажеті жоқ деп есептеп, 29 млрд теңгеден астам қаржыны қысқартып тастадық. Себебі су қоймасындағы пайдаланатын судың көлемі өзгерген жоқ.
Осылайша, әрбір жобаны терең зерттеп қарау нәтижесінде 2012 жылы 300 млрд теңгеге жуық қаржының шығынын қысқарттық. Бұл сол бір жылда кете салатын қаржы емес, 4-5 жылға жоспарланатын қаржылар, ең бастысы, көптеген нысандарды аздаған қаржымен бітіріп, соның барлығы бүгінгі күнде халыққа қызмет көрсетіп отыр.
Мінеки, үнемдеу жұмыстары осындай бағытта мамандармен бірігіп, әрбір жобаны терең зерттеп, оған техникалық талдаулар жасалып, қаржылық мониторингтер жүргізу арқылы атқарылды. Оның барлығын қысқарту да оңайға түскен жоқ.
Ең қызығы, осындай көлемде қаржы үнемделгені, нысандардың барлығы іске қосылғандығы ауылшаруашылығы министрлігін де, үкіметті де, Есеп комитетін де, ешқандай партияларды да елең еткізіп, қызықтырған жоқ. БАҚ-та тек біз берген хабарламаларды кішігірім хабарлама ретінде, ақылы түрде жариялағаны болмаса, нақты фактілер бойынша ештеңе жариялай қойған жоқ.
– Сіздің миллиардтарды қысқартып, жобалардың «жолын кескеніңіз» ешкімге ұнай қоймаған шығар?
– Әрине, кімге ұнасын?!.
– Тексеріс көп болды ма? Небәрі 1 жыл 4 айдан кейін қызметтен кетуіңізге сіздің «үнемшілдігіңіз» себеп болмады ма?
– Тексеріс болғанда қандай! Құқық қорғау орындары біздің соңымызға шырақ алып түсіп, ақшасы үнемделіп салынған нысандарды барынша ыждаһаттылықпен, инемен құдық қазғандай тексерумен болды. Ол тексерулерді мені тұтқындағанға дейін бір тоқтатқан емес. Құрылыс жүргізген мердігерлерден: «Басшыларға, әсіресе Әбішевке не бердің, кім арқылы бердің?» деген сұрақтар негізгі мақсатқа айналды. Артық ақшаның барлығы қырқылып тасталған жобадан біреуге бір нәрсе беру мүмкін емес екендігі олардың ойына кіріп те шықпады.
Майлы жобалардан айырылған мердігерлердің негізсіз арыздарын құқық қорғау органдары жалау қылып ұстап, бізді тексерумен болды.
Соның бірі жоғарыда айтылған «Нұр Отан» партиясының шешімі болды. Көптеген тексерулердің нәтижесінде, 2013 жылдың маусым айында менің жұмыстан арыз жазып кетуіме себеп болды.
Тексерушілерге менің тек жұмыстан кеткенім аз еді. Сондықтан мен жұмыстан кеткеннен кейін де сол ақшалары үнемделген нысандарды шұқшиып тексерумен болды. Алты-жеті ай тексерудің нәтижесінде іс жүзінде ештеңе таба алмай, тек бір объектіден 7-8 млн теңгенің топырағы жетпейді деп шығарды.
Түсінікті болу үшін бір нысанға тоқтала кетейік. Түркістан облысында Сырдария өзенінде орналасқан Шардара су қоймасы бар. Бұл су қоймасының жағасында, Қазақстанның ең Оңтүстігінде орналасқан, Өзбекстанмен шекаралас Мақтарал ауданы бар. Халқы 350 мыңға жуық. Су қоймасының төменгі жағында Шардара ауданы орналасқан. Екеуінің арасы 85 км (аудан орталықтары) екеуі шекаралас. Халқының саны 80 мыңға жуық. Қойы қоралас, ауылы аралас болып жатқан ел.
Шекараны белгілеу кезінде екі ауданның арасындағы 20 км-ге жуық жол Өзбекстанның территориясында қалып қойып, қатынас үзілді. Енді екі аудан халқы барыс-келіс үшін 180 км болатын айналма жолды пайдалануға тура келетін болды.
Оның үстіне 5,2 млрд/м³ су көлемі бар Шардара су қоймасының өте көп су келгенде сыймайтын суды ағызып жіберетін Арнасай су торабына баратын жол жабылып, Өзбекстанда қалып қойды.
Сондықтан су қоймасының жағасынан дамбы салып, соның үстінен жол жүргізуге тура келді. Бұл мәселені өте тез шешу қажет болатын. Ең бастысы, көктем кезінде қоймада су толып тұрған кезде жоғарғы жақта Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан тауларында қатты жауын-шашын болып, өте мол су Сырдария өзені арқылы қоймаға келсе, оның барлығын төмен жіберу мүмкін емес. Төменге қарай бар болғаны 1800 м³/сек су жіберуге болады. Қалғанын Арнасай су торабы арқылы Айдаркөлге тастау керек. Ондай жағдай 1969 жылы орын алған еді. Сол жылы 20 млрд/м³ астам су Айдаркөлге жіберіліп, төмендегі ел аман қалған болатын.
Егер Шардара су қоймасы апатқа ұшыраса, Шардарадан бастап Аралға дейін бірде бір елді-мекен аман қалмайды, мұны картадан көруге болады.
Мінеки бұл нысанның осындай өте қауіпті жағдайы бар. Осы жағдайларды ескере отырып, біз бұл жұмысқа шұғыл 2012 жылдың қыркүйек айында кірісіп, желтоқсанға дейін 3 млн/м³-тан астам топырақ тасып, дамбының негізін бітірген болатынбыз.
Жұмыс басталғаннан кейін бір айдан кейін тексеру басталып, 2013 жылдың басында тексерушілер жұмысты тоқтатып тастап, құлшына тексеруге кірісті. Сол тексеру 2013, 2014, 2015 жылдарға дейін созылды. Топырақтың көлемін, сапасын тексеру үшін Қарағандының КАЗМИИР мекемесі жалданып, мемлекеттің 40 млн теңге ақшасы тексеруге жұмсалып, сондағы анықталғаны мынау болды. Жиналған топырақ 15-16 мың/м³ жетпейді. Ал бұл топырақты төрт күнде құрылысшылар тасып әкеп тастады. Жетпейтін топырақтың жұмысымен қосқандағы құны – 6-7 млн теңгеден аспайтын еді. Осыған байланысты 2-3 адам шартты сотталды да. Өздеріңіз ойлап көріңіздер, 15 мың/м³ топырақ, жалпы тасылған топырақтың 0,5% пайызын құрайды екен, оның үстіне үш жыл ішінде желмен де ұшуы мүмкін.
Сол үшін тек қарағандылық мекемеге 40 млн теңге жұмсалып, қаншама адам іссапарға барып, үш жылда бұл жұмыспен айналысып, қаншама шығындар жұмсалды. Оның үстіне жиналған топырақты су шаймау үшін 2013-2014 жылдары қоймаға жиналуға тиісті 5,2 млрд/м³ судың орнына 4 млрд/м³ судан асырылған жоқ. Яғни, екі жыл 2,4 млрд/м³ таза мөлдір суды Өзбекстанның территориясына жіберуге тура келді. Бұл өз кезегінде Қызылорда облысында сол жылдары тамыз айында су тапшылығына әкелді. Егер Қызылорда облысындағы егіншілік саласындағы 2013-2014-2015-2016-2017 жылдардағы көрсеткіштерін қарасаңыздар, мұның барлығына көз жеткізуге болады.
Ал, бір қызығы, 2016 жылы Узгидромет, Таджикгидромет, Қырғызгидрометтің хабарына сәйкес, мамыр айының ортасына таман өте көп су келу қаупі болды. Ол кезде бізде Шардара су қоймасында 5,2 млрд/м³ су болатын. Көп суға дайындалу үшін біз Өзбекстанға Арнасай су торабы арқылы су ашып жібере бастадық. Кейін болжалдағы су келген жоқ, біз су тастауды тоқтаттық. Сонда барлығы 30 млн/м³ су жібердік.
Осы жағдайда байланысты тиісті органдар менен жауап алып, мемлекетке сатқындық жөнінде сөз қозғаған болатын. Ал тексеру кезінде кеткен 2,4 млрд/м³ су жөнінде ешкім жапқан аузын ашпаған еді.
Мінеки, біздегі елге, халыққа, мемлекетке деген кәсіби, адал көзқарас та осылайша теріс бағаланғанын өз басымнан өткіздім.
2013 жылдың маусым айында бәріне қолымды бір сілтедім де, қызметтен кеттім. Өзіміздің отбасылық бизнесте, қызым басқаратын компанияға инженер болып орналасып, 320 мың теңге айлықпен жұмыс істей бастадым.
Әжептеуір денсаулығым дұрысталып, өзімнің рухани өсуіме, ағылшын тілін үйренуге, домбыра үйренуге уақыт жұмсай бастадым. Бала-шаға, немерелермен, іні-қарындастарыммен көбірек бірге болу мүмкіншілігі көбейе бастады. Мұның өзі керемет әсер етіп, өмірдің ең қызығы тек жұмыс істеу емес, өз отбасыңмен, ағайын-туыстарыңмен, жора-жолдастарыңмен тығыз араласып қарапайым ғана өмір сүруде екендігіне көзім толық жетті.
Ол кезде қайтадан жұмысқа, өз қызметіме келуді ойлаған жоқпын...
P.S. Ислам Әбішевтің сол бұрынғы қызметіне қайта оралуына не себеп болды? Ислам Әбішев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа қандай хат жазды? Ол не деп жауап берді?.. Бұл туралы келесі мақаладан оқитын боласыздар...
Сұхбатты әзірлеген Сәуле Әбединова,
Қазақ үні