Ғалымжан МЕЛДЕШОВ: Мемлекеттік тілді білу – міндет!
2019 ж. 29 қыркүйек
2447
0
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы ұлттық санамызды серпілтіп, елдікке бастайтын тарихи құжат болды. Қазақстанның даму стратегиясын тереңнен пайымдап, сарабдалдықпен жүзеге асырып келе жатқан Президенттің ел бірлігі, ұлағатты ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында кеңінен дәріптеу мәселесі, мемлекеттік тілге қатысты ұстанымы оның кемел ойлы кемеңгерлігін тағы бір қырынан танытты.
Еліміздің бірлігі мен қоғамдық тұрақтылығына үлес қосу бар- шамыздың асыл міндетіміз болып саналады. Қазақстанның əлеуметтік-саяси өмірінде ұлттың бірлігі, қоғамның тұрақтылығы мен тұтастығы маңызды орын алады. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең басты байлығымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету борышымыз деп білемін. Президент Жолдауда елдің бірлігіне, татулығына арнайы тоқталды. «Қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретінде рөлін бекемдеп, эт- носаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра білуіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: Ел бірлігі – оның əралуандығында», деп атап өтті. Жолдаудың қазыналы тұсы – елдің рухани болмысын мерейлі ететін əлемнің екінші ұстазы атанған Əбу Насыр əл-Фарабидің 1150 жылдығы жəне Ұлылық көшінің алтын тұғы- рындағы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы дəріптелетіндігі. 2020 жылы ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толады. Осыған орай биыл 30 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде тойлау туралы Жарлық шығарған болатын. Президент бастамасынан кейін ұлы ақынның мерейтойын ауқымды түрде атап өтуге жанжақты дайындық жұмыстары да басталып кетті. Президент Абайды ұлықтау арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық рух дарытамыз деп баса айтты. Президент Жолдауда «Еліміздегі этностық топтардың тілі мен мəдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дəрежеге жету үшін бəріміздің даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн», деп атап көрсетті. Қазақ тілінің мемлекеттік мəртебесінің биік болуы оның қоғамның барлық саласында жан-жақты жəне қарқынды қызмет етуімен тікелей байланысты. Қазақ тілін дамытудың жаңа деңгейі – ендігі кезекте оны ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру функциясын нығайту екенін Президент Жолдауда айқын белгілеп берді. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында шамамен 125-тен астам этнос өкілдері тұрады. Елімізде барлық этностар тілінің, олардың ұлттық құнды- лықтарының дамуына қажетті жағдай жасалып отыр. Бұл – ұлттық құндылықтардың барлығы «қазақ» деген ұлттың мемлекет құраушы рөлін бекемдеу үшін, біртұтас қазақстандық жүйесін қалыптастыру үшін жасалынып отырған жағдай екені белгілі. Қазақ тілін дамытудың жаңа бағыттары ендігі ретте оған жаңа дəрежелі қоғамдық функция жүктелуімен байланысты анықталады. Бұл ретте қазақ тілін жаңа бағыттарда зерттеу, қазақ тілін оқытуды, үйретуді алдыңғы қатарлы елдердің тəжірибелеріне сəйкестендіре ұйымдастыру сияқты келелі жұмыстар атқару көзделеді. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі мəртебесін дəлелдейтін тарихи фак- тілерді жинақтап, насихаттау керек. Бұл ата тіліміз – түркі тілінің ХІ ғасырда, Махмұд Қашқаридің «Диуа ни-лұғат-ат-түрік» кітабында көрсетілгендей, əлемдік тіл болғанын дəлелдеумен басталады. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мəртебесін толық орындауы үшін тіл саясатында қандай бағыттар анықталуы керек деген мəселені де уақыт оздырмай шешу керек деп санаймыз. Бұл мəселе «Мемлекеттік тіл туралы заң» қабылдануы теориялық жəне практикалық түрде қажет екенін дəлелдейді. Егер қазір арнайы заң қабылданатын болса, қазақтың жаңа жазуға көшуі де, мемлекеттік тіл мəртебесін тағы бір биік деңгейге өсіретін құбылыс ретінде бағаланады. Латын графикасына негізделген жаңа қазақ жазуының қабылдануын қоғамның дамуынан жеке-дара алмай, елдің тұтас инновациялық дамуының табиғи компоненті ретінде қарастыру жəне сол арқылы қоғамымыздың заман желінің оң арнасымен биікке өту мүмкіндіктері де көкжиектен айқын танылып отыр. Ол көкжиектер – латын графикасын қолдану төл тарихымызда болғаны жəне көрші түркі тілдес елдердің латын графикасын қабылдау тəжірибелері. Біз ұлттық сананы жаңарту үдерісін бастадық. Сол жаңғырту, жаңартудың басында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтіп, ана тіліміздің мəртебесін еселей түсетін нақты қадам қажет. Ең бастысы – ана тіліміздің тағдырына алаң- дайтын халқымыздың үміті оянып, тіліміздің болашағына сеніммен қарайтын уақыт жетті. Тіл – өткеннің ұрпаққа қалдырған аманаты, бүгінгі күннің абыройы, ертеңгі күннің кепілі. Қазақ тілінің ұлттық тіл ретіндегі əлемдік тілдер қауымдастығындағы орнын, ерекшелігін, артықшылығын түсінікті тілмен, қоғамның əртүрлі топ мүшелері үшін қолжетімді құралдармен айқындап беру қажет. Əлеуметтік имиджін көтеріп, оны беделді саяси, мəдени тұлғалар арқылы насихаттауды бастауымыз керек. Қазақ тілі ең биік саяси мінберлерден, халықаралық ареналардан естілуі қажет. Осы ретте, біріншіден, мемлекеттік тілдің нормативтік базасын күшейтетін инструменталды əдіснамаға сүйенетін құжат керек, онда мемлекеттік тілдің міндетті қолданылатын ортасы, жағдаяты нақты көрсетіліп, ал қолданылмаған жағдайда арнайы шаралар қабылдау рəсімдері нақты көрсетілу қажет деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді білу парыз дегеннен өтіп кеттік, мемлекеттік тілді білу – міндет! Сондықтан міндеттейтін шараларды жетілдіруіміз керек. Президент заңдарымыз тым либералды деп айтты. Тілге қатысты заңдарымыз да тым жұмсақ. Соның салдарынан мемлекеттік тілге деген енжар көзқарас, салғырт қатынас тыйылмай келеді. Жауапкершілік бар жерде іс жүреді.
Сондықтан Мемлекет басшысының қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлін күшейтуге бағытталған тапсырмасын орындауға ел болып жұмыла кірісуіміз керек. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас құралына айналуы ел үшін, тіл үшін, əрбір қазақ пен əр қазақстандық үшін игілік болып табылады. Осынау игілікті қолданудың кілтін Президенттің Жолдауындағы «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» деген сөзі айқын көрсетеді.
Ғалымжан МЕЛДЕШОВ,
Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы.
Дереккөз: «Егемен Қазақстан»