Сақтықта қорлық жоқ
2019 ж. 28 қыркүйек
2278
0
Ақмола облысының көпбалалы отбасыларының үйлерінде құтқарушылар түтін датчиктерін орнатуда. Бұл туралы Ақмола облысының аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында белгілі болды.
Былтыр елордада ата-аналары түнгі ауысымда жұмыста болып бес бірдей бала өртеніп кеткен қайғылы оқиғадан сабақ алғандар биыл өрттің алдын алу үшін сақтық қимылға көшкен сыңайлы. «Облыста осындай 499 датчиктер орнатылды, тағы 303 датчиктер орнату жоспарлануда. Сонымен қатар, табысы төмен және халықтың әлеуметтік осал топтарына көпбалалы отбасыларға басты назар аударылады», – деді брифинг спикері Зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бастығы Денис Шелкоплясов. Сол сияқты, облыста ағымдағы жылғы 15 тамыздан бастап жылыту маусымы басталар алдында тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілуде. Айлық барысында іс-шаралар тұрғылықты жері бойынша халықты өрт қауіпсіздігі шараларына және пешпен жылытуды пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелеріне, электр жылытқыштар мен өрт шыққан жағдайда іс-қимылға үйретуге бағытталған. Халықты оқыту үй-үйлерді аралау, тұрғындармен жиын өткізу барысында жүргізіледі. Спикер 2018-2019 жылдардағы жылыту кезеңінде жүргізіліп жатқан үгіт-профилактикалық жұмыстарға қарамастан, облыста 328 өрт тіркелгендігін, материалдық шығын 36 млн. 360 мың теңгені құрағандығын айтты. Сегіз адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алды. Өрт кезінде 17 адам қаза болды. Сонымен қатар, 2018-2019 жылдары жылу беру кезеңінде ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері 21 адамды және 20 млн. теңгеден астам материалдық құндылықтарды құтқарды. «Өрттің негізгі себептері тұрғындардың от жағу кезінде салғырттық танытуы, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау, электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу болып табылады», – деп қорытындылады Денис Сергеевич.
qazaquni.kz