Еңбек заңын бұзуға жол берілмейді
2019 ж. 28 қыркүйек
1973
0
Елордада еңбек инспекторлары түрлі заңбұзушылыққа байланысты сегіз құрылыс нысанының жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.
«Елордада өндірістік жарақаттанудың, кәсіптік ауру-сырқаулардың, өндірісте адам өлімімен аяқталатын жазатайым жағдайлардың деңгейін азайтуға бағытталған «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы іске қосылып, соның шеңберінде қаладағы кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен түсіндіру жұмыстары өткізіліп тұрады. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, жұмыстың қауіпсіз әдістері мен тәсілдері, қызметкерлердің біліктілігін арттыру қажеттілігіне көп көңіл бөлініп отыр. Көбінесе еңбек заңнамасының нормаларын түсіндіру барысында қауіпсіздік техникасын сақтамау салдарының фото-бейне материалдары көрнекі түрде көрсетілуде. Осы жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 2 мың адамды қамтыған 84 алдын алу іс-шарасын жүргізді», – деді елорданың баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында қалалық бақылау басқармасының бөлім басшысы Мұрат Шәкенов. Басқарма өкілінің айтуынша, әлеуметтік бейнероликтер қаладағы LED-экрандарда көрсетіледі. «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанында жарақаттану мен еңбекақы мәселелері жөніндегі жұмыс тобы бар. Оның құрамына прокуратура, қалалық полиция департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті мен еңбек инспекциясының өкілдері кіреді. Еңбек заңнамасының өрескел бұзушылықтарына жол берген кәсіпорындардың басшылары апта сайын есеп беруге міндеттелген», – деді ол. Мұрат Шәкенов өз сөзінде елордада еңбек инспекторлары құрылыс нысандарында нақты шараларды қабылдағанын да атап өтті. «2019 жылдың өткен кезеңі ішінде еңбек инспекторларының талаптары негізінде материалдарды сотқа бере отырып, Нұр-Сұлтан қаласының 8 құрылыс және өндірістік нысанында жұмыстар тоқтатылды», – деді ол.
qazaquni.kz