Назарбаев: "Әбішев қызметтен әділетсіз шектетілген, жұмысына қайтып оралуы керек"
2019 ж. 27 қыркүйек
7221
4
(немесе Әбішевтің қызметке қайта оралуы)
Біз ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы, алты айдан бері тергеу изоляторында отырған Ислам Әбішевке адвокаты Абзал Құспан арқылы мынадай сауалдар жолдаған едік:
...Комитет төрағасы қызметінде небәрі бір жарым жыл қызмет етіп, мемлекеттің 300 млрд теңгесін жемқорлардан сақтап қалғаныңыз үшін қызметтен шеттетілдіңіз. Өкіндіңіз бе? Одан кейін «Батсу» компаниясында инженер болыпсыз. Бұл сіздің жеке бизнесіңіз бе? Елбасыға не деп хат жаздыңыз? Ол кісінің жауабы қандай болды? Су ресурстары комитетіне қызметке қайта оралуыңызға не себеп болды? Сондай жемқорлық жайлаған, былығы көп мекеме екенін біле тұра, ол қызметке екінші рет неге бардыңыз, бас тартуыңызға болмады ма? Бәлкім, өзіңіз бастап, аяқтауыңызға мүмкіндік бермеген бағдарламаларды соңына дейін жеткіземін деп үміттенген шығарсыз? Жалпы, су саласы – халық қыр-сырын көп біле бермейтін, біз түсінбейтін, жұмбағы көп сала болғандықтан осы саланың жұмыстарын, мұндағы күрделі мәселелерді тереңірек түсіндіруіңізді өтінемін...
– Төрағалық қызметтен кеткеніме өкінген жоқпын. Алдыңғы сұхбатта айтқанымдай, біраз тынығып, өзіме, денсаулығыма, отбасыма көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік туды. Қызым басқаратын отбасылық бизнесіміз «Батсу» компаниясында инженерлік қызметті мойныма алдым. Бұл компания сонау 1996 жылдан бері жұмыс істейді, табысы да әркез ашық декларацияланады. 2013 жыл менің қызметтен кеткенім болмаса, жеке басым үшін, отбасым үшін тиімді, мамыражай уақыт болды деп айтуға болады. Алайда, су саласындағы өзің іргетасын қалаған орасан зор еңбектің зая кете бастағанын көру, есту өте өкінішті еді. Олай дейтін себебім, біз қысқартқан, бірақ аяқтап үлгермеген нысандардың қаржыларын қайтып орнына келтіре бастады. Қаржыны өте маңызды нысандарға алып, жеке адамдарға пайдалы болатын жобаларға жұмсала бастады.
Осы жағдайлар тағы да менің тынышымды алды. Қатты ойлануға тура келді. Нәтижесінде Елбасыға хат жазып, барлық жайды баяндау керек деген шешімге келдім. Әрине, бұл шешіміме өзіме жақын адамдар қарсы болды. «Онсыз да тексеріп жатыр, өзіңізге зияны тиеді» деген ойлар айтылды.
Бір күні жұбайым: «Егер қайтадан өз қызметіңе бара қалсаң, қалай жұмыс істер едің? Жұрттың істегенін істеп, ешнәрсені қысқартпай-ақ, керекті адамдармен бөлісіп, тыныш қана жұмыс істейсің бе? Әлде, тағы да баяғы қысқартуыңа басып, олардың тонаушылығына қарсы жұмыс істейсің бе?» деген сұрақ қойды.
Мен еш ойланбастан былай деп жауап бердім:
– Біріншіден, атқарған жұмысыма ешқандай өкінбеймін. Екіншіден, қайта бара қалсам, ойланбай дәл бұрынғыдай жалғастырар едім!.. – дедім.
Жұбайым: «Ендеше, сенің қайтадан бармағаның дұрыс шығар. Себебі, халықтан бұрын сен бізге, отбасыңа, бала-шағаңа, ағайын-туыстарыңа керексің», – деді. Әрине, мен бұған келістім, сондықтан Елбасыға хат жазу деген ойдан бас тарттым.
Осы оқиғадан кейін бір ай уақыт өткенде жоғарыда айтылған жұмыстағы ауытқушылықтар көбейе түсті.
Әрине құқық қорғау органдарының біз қалпына келтірген нысандарды шұқылап тексеріп жатқандары көңілге қаяу түсірді. Бірақ ешқандай алаңдаушылық, қорқыныш тудыра қойған жоқ. Себебі жұмыстың барлығы сапалы, тиянақты, уақтылы атқарылғандығына сенімім мол болды. Оның үстіне кез-келген нысаннан үнемделген қаржы жеткілікті болатын.
Көңілге қаяу түсіретіні – соншама қаржының үнемделгені, көптен бері жұмыс істемей тұрған, ал кейбіреулері әрең жұмыс істеп тұрған нысандар жаңартылып, толық көлемде жұмыс істеп, жүздеген мың адамға қызмет етіп тұрғаны ешкімді де қызықтырмағаны еді.
Барлық трибуналарда, БАҚ беттерінде «халық үшін!» деп ұрандататын көптеген басшылар, депутаттар, партиялар жүздеген мың халықтың көп жылдардан бері шешілмей келе жатқан проблемаларының шешілгендігі, олардың өмірінің сәл де болса жақсарғандығы туралы жақ ашпағандығы да ойландырды. Тіпті, кейбіреулері жергілікті жердегі халықпен кездескенде осы мәселелерді өздері шешкендей етіп көрсетулері еріксіз күлкі үйірді. Әрине қарпайым халық өздерінің мәселелерінің шешілгендігіне ризашылығын білдіріп жатты.
Әсіресе бір жағдай есімде қалды. Мен 2012 жылы наурыздың аяқ жағында Қызылорда облысына іссапармен бардым. Аудан басшыларымен, шаруалармен кездесулер өткіздік. Көктемгі тасқын су мәселесін талқыладық. Шаруалар үлкен мәселе көтерді.
Ол мәселеге тереңірек тоқталып кетейін.
Кеңес кезінде Қызылорда облысында 210 мың гектарға жуық суармалы жер бар еді. Одақ ыдырағаннан кейін, тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде оның 50 мың гектардан астамы істен шығып,160 мың гектарға жуығы бүгінгі таңда пайдаланылады. Осы жердің 40 мың гектарға жуығы Жаңақорған, Шиелі аудандарында орналасқан.
Бұл жерлерге баратын каналдар Сырдария өзенінен су алады. Каналдарға су шығатын жерлерде өзенде тоспалар жоқ, сондықтан каналға су шығару үшін өзенде көп мөлшерде су болу керек, тек сонда ғана судың деңгейі көтеріліп, каналдарға су шығу мүмкіншілігі туады.
Сонда 40 мың гектар жерге 50-60 м3/ сек су алу үшін өзеннен 600-700 м3/ сек су ағызуға тура келеді. Бұл 500 м3/ сек артық су ағызу деген сөз. Мұндай ысырапшылдықтың арқасында Шардара су қоймасында күз-қыс-көктем кездерінде жинақталған су тамыз айының басына жетер-жетпес таусылып, шаруаларға нағыз су керек болатын кез – тамыз айында судың жетпеуіне әкеліп соғады. Өз кезінде судың жетіспеушілігі өнімнің төмендеуіне, оның сапасының нашарлауына әкеліп соғады. Мұның
барлығының қорытындысы шаруалардың жағдайының нашарлауына әкеліп соғады.
Совет одағының кезінде жетіспейтін суды Қырғызстаннан, Тәжікстаннан алуға мүмкіншілік болды. Бірақ қуаңшылық жылдары бәрібір су жетпей жататын. Одақ ыдырағаннан кейін бұл жыл сайын қайталанатын проблемаға айналды.
Міне, қызылордалық шаруалар осы мәселені шешуді сұраған болатын. Мұны шешудің екі жолы бар еді.
1. Қырғызстаннан, Тәжікстаннан су алу. Бұл саяси мәселе тек мемлекет басшылары деңгейінде ғана шешілуі мүмкін. Оның үстіне қуаңшылық болған жылдары ешнәрсе көмектесе алмайды.
2. Сырдария өзеніне тоспа салу.
Егер өзенге тоспа салсақ, онда керекті 50-60 м3/ сек су алу үшін Шардарадан бар болғаны 150-170 м3/ сек су ағызсақ жеткілікті, сөйтіп суды үнемдей отырып, қолда бар суды тамыз айында толығымен пайдалануға болар еді.
Әрине екінші жол тиімді. Сондықтан мен шаруаларға бұл мәселені зерттеп, жауап беретінімді айттым.
Терең зерттеп қарасақ, Сырдария сияқты Орта Азиядағы төрт мемлекет арқылы өтетін алып өзенге тоспа салу өте ауқымды, экономикалық, саяси тұрғыдан маңызды мәселе екеніне көз жеткіздік.
Саяси тұрғыдан қиыншылығы мынада: Сырдария – трансшекаралық өзен болғандықтан бұл өзеннің бойына салынатын кез-келген құрылыс сол өзеннің бойында орналасқан елдерден сараптамадан өтіп, олардың келісімдерін алғаннан кейін ғана салынуға тиіс. Түсінікті болу үшін айтайын, кейбір осындай келісімдер РРРССАМ бағдарламасы арқылы (Регулирование русла река Сырдария и Северного Аральского моря) 12 жылдан бері жүргізіліп келеді, бірақ әлі шешім жоқ.
Экономикалық, қаржылық тұрғыдан қиыншылығы – Сырдария сияқты алып өзенге тоспаны классикалық әдіспен салатын болсақ, кемінде 14-15 млрд теңге болады екен. Суды үнемдеу үшін екі каналдың тұсынан екі тоспа салу керек, себебі каналдардың арасы өзен бойымен алғанда 50 километрден астам.
Сонда екі тоспа салу үшін 30 млрд-қа жуық қаржы керек. Бұл қаржы да оңай шешіле салатын шаруа емес. Осы мәселелерді саралай келе, екеуінің де шешімін таптық. Халықаралық мәселенің қалай шешілгендігі жөнінде уақты келгенде айтармыз...
Құрлысқа келетін болсақ, классикалық әдіспен емес, оның жаңа инновациялық жолын таптық. Ол әдісті Қытайда 2006-2008 жылдардан пайдалана бастаған екен. Оның мәнісі мынада: өзеннің астына бетоннан мықты фундамент құйылады. Оған полимерлік (өте үлкен шлангі секілді) тоспа бекітіледі. Полимерлік тоспаға насоспен су айдап толтырған кезде ол 3-4 метрге дейін көтеріліп өзенге тоған болады. Тоған керек емес кезінде ішіндегі суды ағызып жіберсе, өзеннің табанында жата береді, судың өтуіне кедергі болмайды. Яғни, полимерлік тоспаға су толтыру арқылы өзендегі
судың деңгейін керекті мөлшерге дейін көтеру мүмкіншілігі туады, сөйтіп каналға қажетті су алынып, артық су тоспадан асып өзенмен аға береді.
Мамандармен ақылдаса келе, осы тәсілді пайдалануды жөн көрдік. Ең бастысы, бұл тәсілді ұсынған, оның жобасын жасаған «ҚазСуШар» мекемесінің Қызылорда филиалының бас инженері Минуар деген азамат еді (фамилиясын ұмытып қалдым). Бұл жобаның ең қиындығы – ТМД елдерінің ішінде бұрын-соңды ешкім пайдаланбаған тәсіл. Мұндай шешімге келу оңай болмады.
Осы жобаға батыл кірісіп, Жобалау-сметалық құжатты 2012 жылдың тамыз айына дейін дайындап, күзде кірісіп кеттік. Сөйтіп, 2013 жылдың мамыр айының аяғында бітірдік. Тоспаға бар болғаны 800 млн. теңге қаржы жұмсадық. Яғни, классикалық әдістен 20 есе арзан деген сөз.
Әрине, бұл жұмыстың барлығы оңай болған жоқ. Егер ол дұрыс болмай шықса, барлық жауапкершілік менің мойныма артылып, түрменің түбінде шіруге толық себеп болар еді. Онда мен «жазықсызбын» деп айтуға аузым да бармас еді. Қарамағымдағы адамдарға зияным тимесін деп, барлық құжаттарға өзім қол қойдым.
Жоба ойдағыдай шықты, мақсатқа қол жеткіздік. Бұл бірінші жоба болғандықтан бірен-саран кемшіліктер болды, әрине, бірақ оның барлығы дер кезінде қалпына келтіріліп отырды.
Ал сол 2013 жылы соны ашуға қатысып, лентасын қиған кезде, әрине, менің атым да, затым да аталған жоқ. Онда шақырылған да жоқпын. Тіпті, менің ешқандай қатысым да жоқ сияқты болды. Себебі ол кезде мен қызметте жоқ болатынмын. Ал 2015 жылы Шиелі ауданында екінші тоспаны салғанда, әрине, мен болдым, өте жақсы сөздер естідім, себебі онда қызметте едім.
Бұдан шығатын қорытынды: бағаланатын, құрметтелетін – адамның еңбегі емес, оның лауазымы екен. Қоғамды жайлап алған осындай психологияға қарным ашады, көп жастар өз ісінің терең, білікті маманы болуға емес, тек лауазымға ұмтылатыны қынжылтады.
Бұл мәселеге ұзағырақ тоқталғаным – суды үнемдеудің осындай тиімді жолдарын пайдаланып, дүниежүзіндегі озық технологиялармен жұмыс істеудің мемлекет үшін пайдасы зор болғандығын айтқым келді. Үлкен өзендердің суын реттеу жоғары деңгейдегі инженерлік білікті талап етеді. Ондай жоғары деңгейдегі білікті мамандардың көпшілігінің жасы ұлғайып қалды. Өкінішке орай, талантты жастар бұл салаға келе бермейді, себебі жалақысы төмен. Төмен болатын себебі, сушылардың жалақысы жоғары болса, ол тікелей ауылдағы шаруаға әсер етеді. Яғни, онсыз да әрең күнін көріп отырған шаруаға ол ауыр тиеді. Жастар көбінде газ-мұнай, банк саласына кетіп жатады.
Жоғарыда айтылғандай, тоспалар Іле, Ертіс өзендеріне де салынуы керек. Сонда 5-6 млрд/м3 суды үнемдеуге болады. Үнемделген су деген сөз – қосымша 1 млн гектарға жуық суармалы жер деген сөз.
Жалпы Қазақстанда 1991 жылдың 1 қаңтарында 2,384 млн. гектар суармалы жер бар еді, ал 2012 жылдың 1 қаңтарында 1,4 млн. гектарға жуық суармалы жерді жоғалттық.
Бұл ой түсінікті болу үшін мысал келтірейін.
Елімізде қазіргі таңда 18 млн. гектарға жуық богарлық жерлерге (суарылмайтын жер) егін егіледі. Негізінен егілетін дақылдар бидай, арпа, майлы дақылдар, мал азығы болатын дақылдар. Ішіндегі ең пайдалысы – бидай.
Есеп оңай болу үшін, барлық жерге бидай өсірілді деп есептеп, одан жоғары өнім алдық деп санасақ, 30 млн. тонна көлемінде болады екен.
Оның орташа бағасы, шамамен, тоннасына 50 мың теңге болсын делік. Сонда барлық 18 млн. гектар жерден алынатын өнімнің жалпы қаржысы төмендегідей болады екен:
30 млн. т х 50 мың тг = 1,5 трлн теңге.
Ал суармалы жерде егілетін дақылдардың 1 гектарынан түсетін орташа қаржы 1,5 млн теңгеден кем емес.
Тағы да мысал келтірейін:
Картоп 1 гектардан 30 т х 70 = 2,1 млн. тг
Бақша 1 гектардан 35 т х 50 = 1,75 млн. тг
Көкөніс 1 гектардан 50 т х 60 = 3,0 млн. тг
Бау 1 гектардан 30 т х 200 = 6,0 млн. тг
Мал азығы, жоңышқа 1 гектардан 10 т х 40 = 0,4 млн. тг
Күріш 1 гектардан 4 т х 250 = 1,0 млн. тг
Мақта 1 гектардан 2 т х 250 = 0,5 млн. тг
Бұдан шығатын қорытынды: егер суармалы жерді дұрыстап игере білсек, бұл өте пайдалы екендігін көрсеткім келді.
1,4 млн. га х 1,5 млн. тг = 2,1 трлн. теңге
Салыстырып көріңіз:
18 млн. га богарлық жер – 1,5 трлн. теңге
1,4 млн. га суармалы жер – 2,1 трлн. теңге
Күнкөріс жағдайына келсек, 100 гектар богарлық жер бір отбасының шамалап күн көруіне жетеді десек, 18 млн. га жер 180 мың отбасына азық болады екен. Ал суармалы жерде 5 га жер бір отбасыға күн көруге жарайды. сонда 1,4 млн. га жер 280 мың отбасыға күн көруіне болады екен.
Суармалы жерде, ең бастысы, суды керек кезінде, жеткілікті мөлшерде бере алсақ, өнімділікті әлі де көтеруге болады. Ол үшін су жүйелерін қалпына келтіру өте маңызды іс. Оның үстіне істен шыққан жерлерді іске қоссақ, қосымша суармалы жерлер ашсақ, елімізде суармалы жердің көлемін 3,5 млн. гектарға жеткізуге толық болады. Су ресурстарын үнемді де тиімді пайдалана отырып, бұл мақсатқа да жетуге болар еді.
Тағы да салыстырып көрейік:
Түркіменстан 1991 жылғымен салыстырғанда 800 мың гектар суармалы жер қосты. Өзбекстан 100 мың гектар қосты. Қырғыздар мен тәжіктер сол 1991 жылғы көлемді сақтап қалды. Біз 1 млн. гектарға жуық суармалы жер жоғалттық. Осының нәтижесінде 1 трлн. теңгеге жуық ауылшаруашылық өнімін жыл сайын жоғалтып отырдық деген сөз. Яғни, 25 жылда 25 трлн. теңге жоғалттық.
Суармалы жер мал шаруашылығын дамытудың ең негізгі алғышарты. Біздің күні бүгінге дейін мал шаруашылығының деңгейін 1991 жылғы деңгейге жеткізе алмай келе жатқан басты кемшілігіміз осында. Үкімет тарапынан суармалы жерге мүлдем көңіл бөлінбеген.
Біз жоғарыда тек суармалы жерден жоғалтқан егін шаруашылығындағы қаржыны 20 трлн. десек, оған 15-16 трлн. мал шаруашылығынан жоғалтқан өнімді қоссақ, 35-36 трлн. теңге болады екен. Долларға шақсақ, 200 млрд доллардан астам қаржы екен. (Доллармен есептегенде доллардың 120 теңге болған және қазіргі бағамымен, орташа есеппен алдық).
Ең таңқаларлығы, осындай өте өзекті, экономикалық-әлеуметтік маңызы бар мәселе 2012 жылға дейін үкіметтің отырысында да, Ауылшаруашылығы министрлігінде де бір де бір рет назар аударылып, қаралған емес. Тек жеке-жеке дақылдарды дамыту мәселелері қаралған. Мысалы, мақтаны дамыту, күрішті дамыту, қант қызылшасын дамыту т.с.с. Бір де бір аудан, облыс әкімшіліктерінен сұралмаған да.
Оның есесіне богарлық жерлерге егін егу, оны жинау мәселелері жыл сайын үкіметте 2-3 рет, Ауылшаруашылығы министрлігінде 4-5 рет, Парламентте оқтын-оқтын қаралып отырған.
Мемлекеттен бөлінетін субсидиялар, жеңілдетілген несиелер, негізінен, богарлық жерлердегі компанияларға бөлініп отырған. Енді ақыр аяғында богарлық жерде істейтін өте ірі компаниялар (егетін жер көлемдері 500-800 мың гектар) банкрот болды, қарызға белшесінен батты. Ал олардың қожайындарының мұртын балта шапқан жоқ, жағдайлары өте жақсы. Енді оларға қайтадан мемлекеттен қаржы құйылып жатыр.
Бұл неге бұлай болды?
Өздеріңіз терең ойлап көріңіздер: богарлық жерлерде алып компаниялар кұру мүмкіншілігі бар, себебі онда халық аз. Ал суармалы жерде әрбір 4-5 гектар жерге бір отбасы жабысып алған, оны алдай алмайсың, себебі ол алданса аштан қалады. Сондықтан да суармалы жерлерде 1000 гектар жерді алып қою мүмкін емес. Осыған байланысты қолында қаржысы бар, билігі бар немесе билікке жақын епті жігіттер богарлық жерлерге ұмтылды. Оның үстіне көптеген басқа ұлттың адамдары жерлерін тастап көшіп кетті де, көптеген
жерлер бос қалды. Біраз жергілікті халық қалаларға көшіп кетті. Суармалы бос қалған жерлер бүкіл Қазақстанда шашыраңқы болды, сондықтан үлкен егістік алқаптар болған жоқ.
Осы факторларға байланысты мемлекеттен берілетін көмектердің басым көпшілігі алып компанияларға тиесілі болып, үкімет солардың жетегінде кетті.
Бұдан кім ұтты, кім ұтылды?
Ұтқандар – алып компаниялардың қожайындары, солардың сөзін сөйлеп, оларды құлшына қолдағандар.
Ұтылғандар – мемлекет, қарапайым еңбек адамдары.
Мінеки, 2012 жылдың көлемінде осы мәселелерді терең талдап, зерттеп, бірнеше аналитикалық анықтамалар жасап, суармалы жерлерді қалпына келтіруді басты мәселе етіп көтерумен болдық. Нәтижесінде 2012 жылдың соңына қарай Елбасының су ресурстарын дамыту жайлы мемлекеттік бағдарлама жасау жөніндегі тапсырмасы берілді. Оны 2013 жылдың аяғына дейін бітіру тапсырылды.
Біз оған қатты қуандық, жаңа жылдан кірісе бастадық. Дәл сол кезде Су ресурстары комитетін Ауылшаруашылығы министрлігінен алып, Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне ауыстырып жіберді.
Ол жерде біздің ойымыз бен жаңа басшылардың көзқарасы сәйкес келмеді. Оның үстіне құқық қорғау органдары менің үстімнен әртүрлі теріс бағыттағы хаттарды үкіметке қарша боратумен болды. Сөйтіп, ақыры мен арыз жазып кетуіме тура келді.
Менен құтылғаннан кейін менімен бірге екі орынбасарымды босатты. Іле-шала қарамағында 10 мыңға жуық адам істейтін «ҚазСуШар» мекемесінің бас директоры жұмыстан алынды. Басшылыққа су саласында, не болмаса өндірісте, тіпті әкімшілікте 1 күн де істемеген коммерсанттар келді. Олар коллектор мен каналдың айырмашылығын түсінбейтін, түсінгісі де келмейтін адамдар болды. (Кейінірек су саласында істеген бір азамат келді, бірақ оған ешқандай билік берілмеді).
Біздің қысқартқан, үнемдеген жобалардың барлығын қайта қарап, өте ірі қаржыны талап ететін жобалармен айналыса бастады. Ақша үнемдеу, суармалы жерлерді қалпына келтіру мәселелері мүлдем ескерусіз қалды.
Мега жобаның біреуін айта кетуге болады.
«Астана қаласына ауызсуға пайдаланылатын қосымша су көзі және астаналықтарға демалыс орны болады, туризмді дамытамыз, балық өсіреміз...» деп, Ертістен канал тартатын болды.
Каналдың ұзындығы 400 километрден астам болады және Сәтпаев каналы сияқты 15-16 насос станциялары арқылы су көтерілетін болды. Астанаға 50-60 км жерге әкеліп 1 млрд/м3 су қоймасын салмақшы болды. Оның құны, орташа есеппен, 500 млрд. теңгені құрайтын болды. Өте қиын кезеңдерден өтіп, көп уақыт жұмсап, үлкен еңбекпен су саласын халыққа пайдалы бағытқа енді бұра бастағанда жұмысымыз, арман-мақсатымыз, жұмсаған қаншама қажыр-қайратымыз мүлдем басқа бағытқа кеткенін көріп-біліп отырып, оған шыдау мүмкін болмады. Содан соң толық шешімге келіп, осы мәселенің барлығына талдау жасап, болып жатқан кемшіліктерді толық ашып көрсетіп, Елбасыға хат жаздым. Ондағы ең басты ойым, бұл мәселені жеткізу – менің азаматтық міндетім екендігін жаздым. Ешқандай қызмет сұрап өтініш жасаған жоқпын, ондай ойым да болмады.
Әрине, ол хаттың жеткен-жетпегенін ол кезде біле алған жоқпын.
Бұл 2013 жылдың қараша айы болатын. Маған жауап келмеді.
Жауап келмеген соң, «өзімнің азаматтық парызымды орындадым, назар аудармаса, басқа қолымнан не келеді?!.» деп, шарасыздық күйін кештім.
2014 жылдың наурыз айында интернеттен Су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасының үкіметте мақұлданған жобасын көріп қалдым. Мұқият танысып шығып, төбе шашым тік тұрды? Өте сауатсыз, мүлдем басқа бағытта жасалған бағдарлама және өте көп қаржы жоспарланған. Бағдарламаны терең талдап, барлық кемшіліктерін көрсетіп, Премьер-министрдің сайтына тастадым, бірақ оны тез арада алып тастады.
Кейін «Время» газеті қызығушылық танытып, менен интервью алды. Ол интервью шыға салысымен маған қоңырау шалушылар көбейе түсті...
Дәл сол кезде, наурыз айының аяғына таман белгілі жазушы Дулат аға Исабеков Елбасының қабылдауында болды. Өз жұмыстарының барлығын талқылап болғаннан кейін мен жайында әңгіме болады. Ол кісі 300 млрд теңге мемлекеттің қаржысын үнемдеген адамды жұмыстан босатып, қудалауға түсіргенін айтады.
Елбасы менің «әлі жұмысқа қайта келмегенімді» естіп, Президент әкімшілігінің басшысына сол жерде телефон соғып, не себепті менің қызметке келмегенімді біліп, қайтадан тапсырма береді.
Мені Президент әкімшілігіне шақырды. Сонда барғанда білдім, мәселе былай болған екен: Елбасы менің хатымды алып оқиды, сөйтіп былай деп өз қолымен бұрыштама қояды: «Абишев И.А. один из грамотных руководителей практиков, вернуть на пержную должность, как несправедливо уволенный» ("И.Ә. Әбішев тәжірибелі басшылардың бірі, қызметтен әділетсіз шектетілген, жұмысына қайтып оралуы керек").
Менің хатымның артынша бір аптаға жетпей бірнеше құқық қорғау органдарынан менің үстімнен мені кінәлап хат түседі.
Ол хаттарға Елбасы «Проверить, доложить» деген бұрыштама қояды.
Елбасы екінші рет тапсырма беріп, мені Президент әкімшілігіне шақырғаннан кейін 3-4 күннің ішінде құқық қорғау органдарының барлығынан «тағылған айып анықталмады» деген хаттар келді.
Тағы бір айта кететін жайт, Ұлттық комиссияның шешімі бойынша мені «А» корпусынан шығарып тастаған болатын, осыған байланысты мен Елбасының жеке шешімімен «А» корпусына қайта қабылданып, сәуірдің бас жағында қызметке қайта тағайындалдым. Тағайындалар кезде Елбасы нақты тапсырмалар берді және қай уақытта дайын болсам, келіп баяндауымды ескертті. Елбасының өзі екінші рет шақырып алып, сол қызметке қайта тағайындап отырса, қалай бас тартуға болады? Оның үстіне су саласында өте маңызды істерді, күрмеуі шешілмеген мәселелерді бастап, аяқтауыма мұрша бермеген еді. Ал ол мәселелер халық үшін өте маңызды еді...
Мінеки, қайта ағайындалуымның тарихы осылай. Айта кететін жайт, мен хатымда қызмет сұрап ештеңе жазған жоқпын, ондай ойым да болған жоқ...
Ислам Әбішев алғашында осы қызметке жаңадан барған 2012-2013 жылы қазынаның 300 млрд теңгесін үнемдегені үшін қызметтен шеттетілсе, Елбасының қайта тағайындауымен екінші рет осы қызметке келгенде 1 трлн теңгені «жымқырушы» жемқорлардан сақтап қалады. Ол триллионның артында кімдер тұр? Ондай «акулалармен» жалғыз шайқасу мүмкін бе? Бұл сұрақтардың жауабын Ислам ағадан күтетін боламыз...
Материалды әзірлеген: Сәуле Әбединова