АҚЫН мен ӘКІМ
2019 ж. 24 қыркүйек
3468
17
АҚЫН
Шардарада, Қызыр қонған Қызылдың құмында ақын Қазыбек Исамен қарайлас өстік. Бір болса болатын баланың біреуі осы шығар деп жүретінбіз. Содан кейін қазақтың сол кәдімгі күйкі тірлігін күйттеп, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткенбіз.
Бір күні қолыма Қазыбектің бір өлеңі түсті. Бір қарағанға былай селт ете қоятындай ешнәрсесі байқала қоймады, мен де мән бере қоймадым. Арадан біршама уақыт өткесін сол өлеңнің бір шумағы өзінен өзі ауызыма оралды. Баяғыда Шәмшінің өлеңдерін осылай бір көргеннен қағып алатын едік, бұл өлең де менің санама тектен-тек жатталмаған ғой деп, өлеңнің астарына қайтадан үңілдім. Өлеңнің астарында үлкен ой, адам тағдыры барын түсіндім.
Жүрдім, жүрдім, жүрдім де,
Кетіп қалдым бір күнде.
Немкеттілеу ағайын,
Неге кеттім, білдің бе?
Шынында да «жүріп, жүріп, бір күні көшіп кетіп қалыпты, "онда тұрған не бар?" дейтіндей-ақ, ұйқасы қарапайым, тілі жатық, азаматтық лирикаға келетін өлең екен.
Ия, Қазекең құры жүргенін жазбайтын ақын. Ақыры таптым. Көнеден үлгі, азық алып, оны біліммен ұштастыра алған, өмірлік ұстанымы қалыптасқан, тепсе темір үзетін күш қуаты бұлқынған жас ақынның жігерін ауылдың бір-біріне ұқсас солғын күндері әбден мезі етсе керек...
Саясаттағы сайқалдық, қоғамдағы әділетсіздік, темір үзетін шағында аламанда жүрген ағалардың, болмыстағы күншілдердің аяқтан кейін тартуы, ағайын арасындағы көреалмаушылық- бәрі, бәрі оны шаршатқан екен. Үздік ұстаз да болып көрді, комсомолдың тапсырмасын да орындады, қолына айыр алып, бұрынғының 70-80 келі жоңышқасын да көтерді. Қолдайды деген көкелер өз мансаптарынан аса алмады. Ақыры ақын жүрегі бұл күйбеңге шыдамады, бәрінен баз кешіп, көшті де кетті...
Оның «Немкеттілеу ағайын, Неге кеттім, білдің бе?- дегені ағайынға арналып емес, шабатын атты арбаға жеккен ел ағаларына, азаматын бағалай алмаған әділетсіз қоғамға айтқан наз өкпесі еді. Осы өлеңі газетте жарияланғаннан кейін ауылдағы ел ағалары өздеріне айтылған сөз- атылған оқ екенін түсініп, бармақтарын шайнады. Қателіктерін кеш түсініп Қазыбектің ауылдық емес, Алаштық деңгейдегі мықты ақын екенін мойындады.
Бұл шумақты мен Қазыбекті дәріптейін деп келтіріп отырған жоқпын, ағайын. Қазыбек, ол өзін дәлелдеген, мақтауға зәру емес, қазақтың мен деген белгілі азаматы, дарынды қайсар ақыны!
ӘКІМ
Енді дәл осы жағдай, дәл осы тағдыр елім деп жүрегін суырып беруге дайын жүрген Ислам Әбішевтің басынан да дәл осылай қайталанғанын қараңызшы...
Қазіргі тілмен айтқанда, Кеңес үкіметінің ыдырау алдындағы «банкротқа» ұшыраған «Юбилейный» совхозын басқаруға келген Исекеңнің жаңаша басқарып, жетістікке жеткен иновациялық қадамдары партияның табанын жалап бедел жинаған «оңтайлы» басшылардың өңмеңіне өткір жебедей қадалды. «Атақ-абыройымызды аяқасты еткен бұл қайдан шыққан неме, басы жас қой, алдымызды орағыта бергені несі бұл!» деп аяғынан тарта берді, тарта берді.
Оны айтасың, демократиялық жолмен басшы сайлаған Горбачевтің заманында аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына дауысқа түсіп, айқын жеңіске жеткені «қызыл сиямен» бұрмаланды. «Ана күшігіңе айтсай, бүйтіп жағаласа бермесін!- деп Исекеңнің ықпалды ағаларына, сақалы бар, сарамандығы жоқ ауыл ақсақалдарына айтқызып жүріп дегеніне жетіп құртып тынды.
Елінен түңіліп шыққан Исекеңнің жат жерде бизнес дамытып, тасы өрге домалады, артынан еріп, жұмыс сұрап келгендердің бәріне жұмыс тауып берді. Ең алғашқылардың бірі болып, «Батсу» компаниясын құрып, бүкіл Батысты Сарыағаштың, Тассайдың суларымен қамтамасыз етті. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, өзбекке тәуелділікті жойып, оңтүстік аудандарда көккөніс базасын жасады.
Одан кейінгі қызметтерін де ел біледі, өз алдына бір төбе.
«Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар»,- деп қазекең бекер айтпаған ғой. Исекең Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданына әкім болып, ауданның ажарын ашып, гүлдендіріп жіберді. Еліміздегі ең үлкен облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне дейін көтеріліп, ел сеніміне бөленді. Өскемен қаласына әкім болып, өскелең қалаға айналдырды. "Қызыл Шығыстың" ордасындағы Лениннің ескерткішін алып тастап, Ұлы Абайдың ескерткішін орнатып, қазақы рух әкелді.
Қайратын аямай, қаншама игі жұмыстар атқарды. Елбасының қолынан қаншама мемлекеттік марапаттарға ие болды. Мемлекет басшысының шақыруымен Су ресурстары комитетін екі рет басқарды. Осы қызметте жүріп, 1 триллион 300 миллиард ел қаржысын қорғап қалды. Ал осы қыруар қаржыны үнемдегені үшін, Қазыбек Иса айтқандай, "алапат триллионның артындағы апанкөмейлердің арандатуымен абақтыдан бір-ақ шықты..."
Ал ендеше жоғарыда ақын Қазыбек ашық айтқандай, Исекең неге тастүрмеге қамалып отыр? Алты айдың ішінде ең болмаса үйқамаққа да шығармауда!.. Сонда жазықсыз жала жауып, арандата беру деген қайдан шыққан бәле! Қазақстан Президенті Қ. Тоқаевтың өзі Жолдауында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арандатушылық заңсыз әрекеттеріне тоқтау салып, жазалау керектігін мәлімдеді.
Қазыбек пен Исекеңнің айырмашылығы сол - Қазыбек ақын, ол ашық айта алды! Ал Исекең ішінен түсінді, ішінен күйді.
Түсінген адамға Исекең де: «Ау, ағайын, мен тастүрмеде неге жатырмын, білдің бе? Менің жазығым- ел игілігін ысырап қылмай мақсатты жеріне жұмсаса еді?- деп, дәулеттің қазынасына қайтарғаным ба еді?-деп күйінуде...
Атымды адам қойған соң,
Қайтіп надан болайын?
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?-
деген Абайдың дәрменсіздігіндей күй кешіп, Исекең де зейнет жасына келгенде денсаулығынан айырылып отырғаны кімнің де болса қабырғасына батады.
Қазір бүкіл елдің қабырғасы қайысып, қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей себі тие алмай отыр. «Ел ебелек емес, ер кебенек емес» деп ата-бабаларымыз хан екеш ханға да датын айтып, бір жолғы пәлекеттен аман алып қала білген қайран заман-ай! Қылмыскерді қорғап, әділ жанды әділетсіз құрбандыққа шалып жібере салатын ойран заман болды ғой бұл...
Жоқ, олай деуге асықпайық. Мемлекет басшысы Тоқаев кезек күттірмей жатқан мемлекеттік аса күрделі шаруалардан босай алмай жатқан шығар деп үміттенеміз. Айғақталған қылмысы болса, «сүрінбейтін тұлпар!»-деп ел мұнша дүрлікпеген болар еді-ау.
Қазақ: «Қарнымның ашқанына жыламаймын, қадірімнің қашқанына жылаймын» деп осындай жағдайда айтса керек.
Исеке, Сіз бұрын пенде деңгейінде «ағайынға өкпелеген» болсаңыз, қазір Алаштың ардақты азаматы деңгейінде нардың жүгін көтеріп отырсыз. «Нар жолында жүк қалмас» деген, сіз бұл жүкті де көтеріп тығырықтан шығарсыз! Ыстық ықыласты еліңізбен де қайта қауышарсы! Арда азаматтың басына түскен ауыртпалық деп қана қабылдайық. Сіздің не үшін, кім үшін шырылдағаныңызды білгісі келмегендер білмесе білмес, ел біледі. Байлық, мансап мәңгілік емес, күннің жаманы кетер. Неге «көшкеніңізді», яғни не үшін айыпталып отырғаныңызды еліңіз біледі. Себебі, атам қазақ көштің де түзелерін біліп айтып кеткен. Алла сол күндерді жақын қып, Сізге сабыр, күдіктенушілерге ар-ұждан берсін!
Жақсы күндерде жолыққанша!
Көбекбай ЕСПАН,
зейнеткер ұстаз,
Түркістан облысы,
Шардара қаласы