"Қазақ тілін білмесең, нан тауып жей алмайсың!" - Жолдас Дүржан
2019 ж. 19 қыркүйек
3505
0
Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болатын уақыт келді" деп атап көрсетілді. Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мәжілісінде ақын Қазыбек Иса сөйлеген сөзінде: "Мемлекеттік тіл дамуы үшін Конституцияда дара мәртебеге ие болып, орыс тілі туралы 7-баптың 2-ші тармағын алып тастайтын уақыт жетті!"-деп мәлімдеді. Яғни, Президент Жолдауынан бастап, қазақ тілінің қоғамдағы мәртебесі күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып көтерілуде. Заңға өзгерістер енгізумен қатар, ұтымды ұсыныстар да айтылды.
1989 жылы тілдер туралы Заң қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына биыл табаны күректей 30 жыл өткен екен. Осы 30 жыл ішінде қазақ тілі қандай деңгейге көтерілді? «Үкімет бюджетінен миллиардтаған қаражат бөлінді. Неше түрлі орысша-қазақша сөздіктер, оқулықтар, оқу-үйрету құралдары, әдістемелер және нұсқаулар басылып шығарылды. Көптеген мекемелерде арнайы үйрету курстары, сабақтар жүргізілді. Қазақ тілінде бала- бақшалар ашылды, қазақ мектептері көбейді, жоғары білім ордаларында қазақ тілінде оқыған мамандар даярланды. Отбасында да қазақша сөйлей бастады»-дейміз. Бірақ осыншама уақытта жасалған қыруар шаруаның, еңбектің нәтижесі қандай? Ауыз толтырып айта алатындай жетістігіміз бар ма? Мекемелерде іс-қағаздары мен жұмыс барысы қаншалықты қазақ тілінде жүргізіледі? Министрлер мен депутаттардың өз баяндамаларын қағаздан қарап оқығандарын күнделікті көріп отырып, қазақ тілінің деңгейін қалай бағалаймыз? Әлде тек аудармашылардың арқасында орыс тілінде дайындалған іс-құжаттары қазақ тіліне аударылған күйінде қалып жатыр ма? Міне, осыншама көп сұрақтың жауабы қай уақытта толық қанды шешіледі? Қазақ тілінің деңгейі қашан мақтанарлықтай жағдайға жетеді? 30 жылда атқарылған жұмыс көп деп айтсақ та, нәтижесі адам аярлықтай ғана. Бұған не себеп?
Үкімет басындағылар мен қазақ тіліне жанашыр болып жүрген қауымды тыңдасақ, осы жасалған жұмыстарды бетке ұстап, қаржы бөлініп жатқанын жарыса айтады.
Біріміз қазақ тілін үйрену отбасынан басталуы керек десек, екіншіміз бала-бақшадан немесе мектептен басталуы керек дейміз. Осы айтқандарымыз 60-70 пайызға орындалып жатса да неге нәтиже төмен? Осы сұрақтарға көз жүгіртіп, талқылап, себебін іздеп көрелік.
Тағы бір айтылып жүрген мәселе, ол-қажеттіліктің тууы. Осы қажеттілік айтылған жерінде қалып қойып жүр. Қажеттілік деген не? Қажеттілік деген-нан табу. Нан табу деген-ақша табу деген сөз. Енді осы ақша қай жерде? Ол тек-мекемеде.
Естеріңізде болса, бұрынғы кезде ата-аналарымыз: «Орысша білмесең нан тауып жей алмайсың»,- дейтін еді. Міне, осы қағида жанымызда жатталып қалды. Себебі, осы сөз –орыс тілін үйренудің негізгі қағидасы болды. Демек, барлық сұрақтың жауабы, нан табатын жеріміз-мекемеде жатыр.
Ендеше, орыс тілінің саясаты жүріп тұрған 1955-1985 жылдарға (30 жыл) назар аударайық.
Мекеме басшылары мен орынбасарлары және бөлім басшылары мен инженерлер тобы толықтай 100 пайыз орысша ойлап, орысша жаза алатындар болды. (Бұларды ұлттық пайызға бөлмей-ақ қояйын, тек айтатыным: қазақтардың ішінде жақсы маман болмаса да орыс тілінде жаза алатындардың жолы болып тұрды.) Ал орысша жаза алмайтын қара көздеріміз жұмысшы табын құрады.
Мінекей, осы жүйеде орыс тіліне деген ынта өте жоғары болды. Неге? Себебі олар нан тауып жей алатын жағдайда болды. Сол себептен ата-ана бала-шағасын орысша балабақшаға, орысша мектепке берді. Сұраныс көбейген сайын орыс тілді балабақша мен мектептердің саны жылма-жыл арта берді, арта берді. Ақыр аяғында қазақ тілді балабақша мен мектептердің саны азайып, артынан жабылып та қалды. Міне, 1955 жыл мен 1985 жылдар аралығындағы 30 жылда орыс тілінің мәртебесі өте жоғары деңгейге жеткенін көрдік.
Бізге де осы жүйені қолданып, қазақ тілін осындай деңгейге көтеруіміз керек. «Қазақша білмесең, нан тауып жей алмайсың» дейтіндей жағдай болуы керек. Демек, мекеме басшылары мен орынбасарлары және бөлім басшылары мен инженерлер тобы қазақша ойлап, қазақша жаза алатын мамандардан құралуы керек. Сонда ғана қазақ тілінде ойлап, қазақ тілінде жаза алатындар өзінен-өзі көбейеді. Себебі, жұрттың бәрі қазақша білмесе нан тауып жей алмайтынын түсінеді. Және бұл жүйені іске асыру үшін Үкіметтен ешқандай қосымша қаражат бөлудің қажеті жоқ. Бұл процесс өздігінен жүреді.
Мінекей, бүгінгі 30 жылғы жұмысымыздың басты қателігі осында. Әлі күнге дейін қазіргі мекемелерді қазақша ойлай алмайтын, қазақша жаза алмайтын адамдар басқарып отыр, іс қағаздарын осындай бөлім басшылары мен инженерлер тобы жүргізіп отыр. Сондықтан, осы контингентті толықтай қазақша ойлап, қазақша жаза алатын адамдармен алмастыруымыз керек. Ол тек бұйрықпен шешілетін мәселе. Ал бізде ондай дайын маман адамдар қазіргі таңда жеткіліктіден де артық.
Осы формула жұмыс істесе-ал бұл формула бұрынғы (1955-1985ж.ж.) 30 жыл ішінде дәлелденген формула. Қазақ тілі мәселесін 2-ақ жылда шешуге болады. 2 жыл деп отырғаным, мекеме жұмысына және іс-қағаздарына кедергі келтірмей басшылар мен инженер мамандарды алмастыру процесіне кететін уақыт.
Ол дәлел аз десеңіздер, қазіргі ағылшын немесе басқа тілді мекемелердің мамандарды қалай жұмысқа алуымен де дәлелдеп беруге болады. Қазақстандағы шетел мекемелері қазақтарды жұмысқа алғанда, шет тілін (ағылшынша) білетіндерді ғана алады. Олардың көбі, негізінен, жай ғана аудармашылар. Мамандығын білмесе де жұмысқа алады. Содан кейін ғана оларды осы Қазақстан жерінде өз мекемесінде жұмысқа үйретіп, кейін 6 айға шет елге мамандығын оқытуға жіберіп алады. Бұл жерде де дәл орыс тілі саясаты (1955-1985ж.ж) кезіндегідей ағылшын тілін білетіндердің жолы болып тұр.
Көрдіңіз бе, осы жүйе өз жерімізде орыс тілі саясатында да, ағылшын тілі саясатында да толық нәтижесін берді. Өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Дәл осы жүйені қазақ тілі саясатына да пайдалануымыз керек. Басқа формула жоқ.
Ал, осы уақытқа дейінгі қазақ тілін үйренуді отбасынан немесе балабақшадан бастау керек дегеніміз, отыз жыл өтсе де айтарлықтай нәтиже берген жоқ. Және қырық немесе елу жылда да осы деңгейден аспайды.
Жолдас Дүржан Жұбанышұлы,
Қазақ үні