«Жетім» қалған қарттар
2019 ж. 17 қыркүйек
3791
1
Тілендиев көшесінен өтіп бара жатсаңыз үлкен жасыл үйді көресіз. Ол қартайғанда жалғыз қалған зейнеткерлер, ерлі-зайыпты қарттар мен мүгедектерге арналған Қазақстандағы жалғыз әлеуметтік үй. Бар болса, балалары мен туысқандарының рұқсатымен өздерінің жеке меншік үйлерін үкіметке өткізіп, орнына жасыл үйді пана еткен. Ал жоқ болса, өз еріктерімен дорбаларын сүйреп көшіп келген. Мемлекеттің тапсырысы бойынша 2001 жылы құрылған қарттар үйінде қазірде 42 адам тұрады. Бұны естігенде неге өз үйлерінде қала бермеді екен, бұл жердің нендей артықшылығы бар деп қу жүрегім қынжылды. Жауабын әлеуметтік үйде 15 жылдан бері тұрып жатқан 93 жастағы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагеріміз Маргарита Васильевна берді:
-Бұл үйде мүгедек қарттар да тұрады. Олардың жүріп тұрғандары, жуынғандары қиынға соққандықтан осы жердегі қызметкерлер қол ұшын созады. Ауырып қалса дәрігерлер де жанымызда, лезде тиісті көмектерін береді. Бұның өзі қандай көмек десеңші! Ауруханаға бару керек болса, көлікпен апарып-алып келеді. Жанымызға қызметкерлерін қосып жібереді. Мерекелерде бізге арнап үлкен концерттер ұйымдастырылады. 9 мамырда демеушілердің сыйлықтарын, азық-түлік, киім-кешектерін көрсеңдер ғой, шіркін! Маған бұл жерде тұрған ұнайды, басқаларын білмеймін, өз көңілімнен шығады.
Маргарита Васильевнаның қарттар үйіне ғана емес, мына жалған дүниеге де өкініші, өкпесі жоқ адамдай бізге өмірлік ақыл айтып, қалжыңдасып, тіпті «Қартайғым келмейді, қыздар»-деп еркелеп те алды. Дәл сол сәтте Маргарита апамыз көз алдыма 18 жастағы өмірге деген құлшынысы тасып тұрған жас қыз секілді көрінді. Балалары жоқ емес, бар. Ресейге көшіп кеткен. Айтуы бойынша, немерелері келіп тұрады. «Неге балаларыңызбен бірге тұрмайсыз?»-деген сұраққа: «Мен Қазақстанда бүкіл өмірімді өткіздім, табиғатын, адамдарын қимаймын. Ал Ресейде маған бәрі жат»-деп жауап қатты.
-Қарттардың туыстары, жақындары жиі болмаса да келіп тұрады. 1-2 жетіге дейін қонақ етуге рұқсат етеміз. Алайда, пәтерді жалға беруге, сатуға қатаң тыйым салынады. Зейнеткерлерге деген барлық жағдай жасалған. Тәулігіне бір рет тегін тамақ береміз. Аптасына бір рет үйлерін жинаймыз, дүкенге, дәріханаға барып керек-жарақтарын алып береміз. Су, жарық, газға төлемейді. Бәрі тегін. Әлеуметтік үйге келуді қалайтындар көп. Мұңдарын айтып қоңырау шалып жатады. Бірақ, жеке пәтерін үкіметке өткізуге келгенде балалары да, жақындары да жоқтан пайда бола қалады. Сол жағынан бір шешімге келу оларға қиынға соғады,- деп әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Салуа Ешенханова бөлісті.
Маргарита апамыздан көңіл-күйім көтеріліп шыққаным сол еді Людмила Григорьевнаның шаңырағында әңгімесін естіп басымды жерден алмай, күрсінумен болдым. Айтатындай жаман ештеңе жоқ. Тек апамыз өзінің үйін сол 10 жыл бұрын үкіметке бергеніне қазір қатты өкінеді.
-Әрине, бұл жерде өмір сүрген жаман емес. Бәрі жақсы. Тек сөйлесетін, ой бөлісетін адам жоқ. Қарттар үйі жаңадан ашылғанда көптеген үйірмелер болған. Қазір неге екені белгісіз бәрі жабылып қалды. Концерттер де сирей түсті. Күні бойы үйде отырып зерігіп кетемін. Бәрі үйлерін құлттап алып бір-бірімен сөйлеспей отырады. Құрбыларым да жоқ. Бұрынғы үйімді сағынамын. Бәріміз тату-тәтті болып едік. Қолымнан келсе бір бөлмемді жалға беріп қояр ем, ішім пыспайтын еді. Әттең рұқсат бермейді. Бұл әлеуметтік үйде жаны тыныш, өмірге риза, өкініші жоқ адамдарға ғана тұруға болады. Кей кездері ұйықтап жатып шошып оянамын. Өз үйімде ұйықтап жатқандай болып көзімді аша қалсам...жоқ, мына үйде жатамын-деп күрсінді.
Барлық жағдай жасалса да, жан тыныштығы болмаса өмір сүру қиын. Жалғыздықтың күйін кешкен бұл апаларымызға қол ұшын созып, барымен көмектесетіндер де аз емес. Демеушілерден бастап, мүгедек балаларға дейін концерт қойып береді. Кейбір алтын жанды азаматтар аттарын атамай қайырымдылық жасап отырады. Жақындарынан емес, бөтен адамдардан көмек алатындары өкіншті.
Әсемай Серікхан,
IT университеті