Мектеп бағдарламасынан "Русская литература" пәнін жойып, "Әлем әдебиетін" енгізу керек - Жанат Жаңқашұлы
2019 ж. 16 қыркүйек
2715
2
Асхат мырза бір жылдары бізге "саясаттану" пәнінен сабақ берді. Сабақтың тақырыбына сай саясат жайлы әңгімелесеміз. Біз болашақ журналист, о кісі сол кездің өзінде қалалық мәслихаттың депутаты. Жәй депутат емес, үнемі өткір мәселелерді көтеретін, сынайтын, жалынды жас. Ол кезде Асхат Аймағанбет отыздан сәл асқан жігіт. Бүгінгі біздің жасымызда.
Кейіннен Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болғанда да бөтен болғамыз жоқ. Ұсыныс айтсақ онымызды өзінше саралап, мақұлдауға болар болса құптап, болмаса бірден болмайды дейтін. Бір жиында "Әлімхан Ермектің бейітін таптық деген басқарма ұпайын алып жайына кетті. Бейітіне жолбастар тақта саламыз деп, салмады. Ұпай үшін жұмыс істеуді қою керек қой" дегенбіз. Ол жиында аталмыш басқарма басшысы да отырған. Атын атап айттық. Асекең сол жерде сөзімізді құп көрген. Арада бір ай өткенде әйгілі Әлімхан Ермек зиратына жолбастар тақтайша орнатылды. Айтсақ Асекең жайлы мысал көп...
Енді жас бүлдіршіндердің сөмкесін жеңілдететін жол тапса. Және сабақ кестесінен "русская литература" деген пәнді жойып, орнына "әлем әдебиеті" пәнін енгізсе керемет болар еді.
Бұл мәселе біздің ұлт зиялылары, Жазушылар одағы, Ұлықбек Есдәулет ағамыз бастаған ақын-жазушы атаулы, әнші-күйші, ғалым һәм ең аяғы мұқым қазақ қоштап күн тәртібіне қойылуы тиіс. Әлбетте, бірден бұл пәнді жойса "орыс әдебиеті" пәнінің мұғәлімі жұмыссыз қалмақ. Әрі "әлем әдебиетінен" дәріс оқитын ұстаз да даяр емес. Бірақ, бірінші қадам жасалуы керек. Ол "русская литература" пәнінен сабақ беретін кадр даярлауды тоқтатып, "әлем әдебиеті" мұғәлімін даярлауға кірісу. Осының өзінде бұл кемі жиырма жылсыз шешілмейін деп тұр. Тағы бір жыл кешіксек жиырма бір, екі жыл кешіксек жиырма екі жыл, үш жыл кешіксек... Өстіп сырғи береді!
Орыс әдебиеті әлем әдебиетінің ішінде. Мәселе біз оқушыларға "русская литератураны" орыс тілінде оқытып сорлап келеміз. Ал "әлем әдебиеті" пәні ашылса ол қазақ тілінде болады. Шекспир, Омар Хаям, Хафиз, Пушкин, Хеменгуй, Альберт Камю, Ги де Мопасан, берідегі Ю Хуа, Холед Хосейни, Орхан Памук секілді авторлар қазақ тілінде сөйлер еді. Тиісінше жаһанның жауһар туындыларын өз тілінде оқып, оқушының да көркем әдебиетке ынтасы артар еді. Көркем әдебиет оқыған қоғам - кемел қоғам болмақ!
Меніңше "русская литератураны" жоюдың сыртқы саясатқа еш қатысы жоқ. Ешкімнің алдында қысылатындай біз кіріптар ел емеспіз ғой. Ал сіз не дейсіз?
Жанат Жаңқашұлы,
Фейсбук парақшасынан