Дәурен Абаев: МАҚСАТ – ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МЕДИА САУАТЫН АРТТЫРУ
2019 ж. 14 қыркүйек
2409
0
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Astana Media Week апталығын ашып, Орталық Азияда баламасы жоқ бұл басқосудың отандық медиа саласын дамытуға қосатын үлесі жоғары болатынына сенім білдірді.
Министр мемлекеттік мүддені халыққа жеткізіп, қоғамдағы өзгерістерге сай көзқарас қалыптастыруда медиа саласының атқарар маңызы зор және осы орайда, еліміздің ақпараттық құралдары алдында үлкен мақсат-міндеттер тұрғанын алдымен атап өтті. Бұл ауқымды шараның көздеген тағы бір мақсаты – ел тұрғындарының медиа сауаттылығын арттыру, медиамәдениетті қалыптастыру. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі масс-медианың сапасын арттыратын кез келген бастаманы қолдауға әрқашан дайын екенін жеткізді ведомства басшысы. Оның айтуынша, медиа саласындағы өзекті мәселелер жылдан-жылға көбейіп келеді. Оның басты себебі - ақпаратты өндіру мен тұтыну процесінің түбегейлі өзгеруі. «Ұялы телефонның теледидармен және басылымдармен бәсекеге түскені баршамызға белгілі. Бұл процесте технологиялық немесе маркетингтік қана емес, этикалық, демографиялық және әлеуметтік-саяси ерекшеліктері де бар. Мойындау керек, мемлекет үлкен және икемсіз бюрократиялық механизм ретінде бұл өзгерістерге біз ойлағандай жедел жауап бере алмай отыр. Сондықтан, біз үшін, мемлекеттік органдар үшін қазіргі өзгерістерге жауап беру үшін сіздердің, кәсіби мамандардың пікірі мен көзқарасы өте маңызды», – деді Дәурен Абаев.
qazaquni.kz