"Сондай күлкілі": Қытай елшісі Жаңаөзендегі митинг жайлы не ойлайтынын ашық айтты
2019 ж. 05 қыркүйек
4730
0
Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Жаңаөзенде өткен митингке қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Осы митингте айтылған ойлар мен сөздер – сондай күлкілі. Олар сол арқылы Қазақстанның үкіметтік органдарының құзыреттілігі мен кәсібилігіне күмән келтіреді. Менің оларға бір ғана сұрағым бар: "сендердің естерің дұрыс па?", - деді Сяо Жаңаөзенде Қытай зауыттарының салуына қарсы шыққан наразы топқа қатысты пікір білдіріп.
Осы орайда елші Қазақстан мен Қытай бірлесіп іске асыратын 55 жобаның бірін мысалға келтірді.
"Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытын алайық. Мен оған былтыр барып келген едім. Зауыт өте ескі, кеңес заманында салынған. Ешқандай заманауи технологиялық нормаларға сай емес еді. Қаланың ауасын, негізінен, осы зауыт ластайтын. Бірақ, біздің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында кәсіпорын толығымен жаңарды. Толық қуаттылыққа көшті. Соның арқасында қазір Қазақстан өзін ғана сапалы әрі отандық бензинмен қамтамасыз етіп отырған жоқ, жанар-жағармайды көрші елдерге де экпорттай бастады. Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде ТМД елдерімен салыстырғанда, ең арзан бензин Қазақстанда", - деді ол.
Чжан Сяоның айтуынша, Қытай мәселесі Қазақстанда бұрыннан бар, әбден жауыр болған тақырып.
Оның пайымынша, митингке шыққан наразы топтың артында екі елдің қарым-қатынасына сызат түсіргісі келетін небір күштер бар.
"Бірақ мен олардың бұл әрекетінен түк шықпайтынын айтқым келеді. Өйткені олар арам пиғылмен, геосаяси мүддені көздеп әрекет етіп отыр", - деді Сяо.
Елші "Қытай Қазақстанды жаулап алғалы жатыр, өз халқын көшіріп әкелмекші" деуге еш негіз жоқ екеніне сендірді.
"Ресми ақпаратқа сүйенсек, Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция құйған елдердің үздік үштігіне де енбеген. Сондықтан мұның бәрі бос сөз", - деп түйіндеді ол.
Айта кетсек, 2 қыркүйекте Жаңаөзенде жүздеген адам әкімдіктің алдына жиналған еді. Олар Қазақстанда қытайлық зауыттардың құрылысына тыйым салуды талап еткен.
Кейінірек сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев брифинг өткізіп, Қытайдың ескі зауыттары Қазақстанға көшіріледі деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген болатын.
Ал бүгін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Жаңаөзенде бәрі тыныш екенін айтты.