Елордада митинг өткізетін екі орын белгіленген – Алтай Көлгінов
2019 ж. 04 қыркүйек
2304
0
Елорда әкімі Алтай Көлгінов Президенттің халыққа Жолдауын талқылау бойынша қала активінің кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы азаматтық қоғам институттарын, оның ішінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін дамытудың маңызды екенін айтты. Бізге де қалалық Қоғамдық кеңеспен өзара байланысты күшейту қажет. Жақында ғана 16 тұрғын үй алабын дамыту бойынша қоғамдық тыңдаулар өткіздік. Тұрғындардың барлық шағым-ескертпелерін тыңдап, негізгі мәселелерді жоспарға енгіздік. Президент пікір алуандығы мен ашықтықты дамытуға, бейбіт пікір білдірген азаматтардың құқығын қорғауға үлкен мән беріп отыр. Қала мәслихатының шешімімен рұқсат берілген бейбіт митингтер өткізуге екі арнайы орын бөлінген. Бірақ, кез келген заңбұзушылық пен тәртіпті бұзудың жолы кесіледі. Біздің міндетіміз - тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету. Және біз мемлекет өкілі ретінде азаматтарымыздың мүддесін қорғаймыз. Бірыңғай азаматтық құндылықтарды енгізу, конфессияаралық, этникааралық келісім мен өзара құрметті арттыру жұмыстарын күшейтуіміз қажет», - деді Алтай Көлгінов.
Әкімнің айтуынша, елордада 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады және 23 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
«Бұл мәдени байлықты сақтау керек. Сонымен бірге, мемлекеттік тіліміздің рөлін арттыру маңызды. Ол үшін тұрғындар тілімізді тереңірек зерделеп, күнделікті қолданғаны жөн», - деді А. Көлгінов.