Ғылыммен ұштасқан еңбек - береке бастауы
2019 ж. 27 тамыз
2556
0
Ислам Әбішевті көпшілік іскер басшы, сан-салалы су шаруашылығының шебер ұйымдастырушы ретінде жақсы біледі. Ал, біз бұл жерде оның бір ғана қырына – ғылымға деген қамқорлығына тоқталмақшымыз. Түркістан облысында жарты ғасырға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан «Оңтүстік Қазақстан гидрогеолого-мелиоративтік экспедициясы» бар. Оның немен айналысатыны атауынан-ақ айқын көрініп тұр. Себебі, мелиорация сөзі латын тілінен аударғанда жақсарту деген мағынаны береді. Жерді жақсарту деген ұғымға оның топырағының құнарлылығын сақтау мен күшейту, оны су мен желдің эрозиясына ұшыратпау, өсімдіктердің өнімділігін арттыру, құм басудан сақтау, ағаш отырғызу және т.б. кіреді. Солардың ішінде ең ірі екі түрі – бұл суландыру және құрғату. Өйткені, құмның өзін шамадан тыс суландырсаңыз ол пайда емес, зиян әкеле бастайды.
Ислам Әлмаханұлы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалғаннан бері тек басшы ретінде ғнан емес, өзі мелорация дегеннің игілігі қандай болатынын бала күннен көріп өскен, еліміздегі ең ірі суармалы өлкенің – Қызылқұмды Сырдарияның суы арқылы нәрлендіріп жатқан Шардара өңірінің тумасы, сол игіліктің елге жетуіне аз болса үлесін қосқан азамат ретінде бұл мәселеге үлкен көңіл бөліп келеді. Мысалы, ол 2017 жылдың көктемінде арнайы келіп, экспедицияның жұмысымен егжей-тегжейлі танысқан болатын. Танысып қана қоймай, суармалы жерді мониторингтау ісінде заманауи әдістерді кеңінен қолдану, соның ішінде бұл салада ғылыми зерттеулер жүргізуді жаңа биікке көтеріп, ғылыми кадрларды даярлау жұмысын қарқынды түрде жүргізу секілді өзінің нақты ұсыныстарын да айтқан еді. Ол мелиорация жұмысын жолға қоюдағы көп жылғы еңбегі мен мамандардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарғаны үшін К.Анзельм мырзаны «Құмет» орденіне ұсынды.
Мекеме мамандары бүгінгі таңда халықаралық форумдардың жұмысына белсенді түрде қатысып келеді. Солардың бірі, экспедициядағы қажырлы еңбегінің арқасында оның басшысының орынбасарына дейін көтерілген Мейіржан Эсанбеков Ташкент қаласындағы жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін ғылыми жұмыспен айналысып, оны қорғауға дайындап та қойған еді. Бірақ, оны қорғау үшін біздің елдің азаматына Өзбекстан үкіметінің арнайы рұқсаты керек екен. Исекең жас жігіттің ғылымдағы ауыр да мәртебелі жолын ашуға қол ұшын берді (суретте). Мейіржан бүгін тамыры терең, дәстүрге бай мекеменің басшысы. Демек, төрағаның еңбекті ғылыммен ұштастыра жүргізу берекені үстей түседі деген ізгі тілегі іске асып жатыр деген сөз.
Алмамбет Әзизұлы,
Қазақ үні