Оралмандардың арасынан үкіметтен "бер, бер" деп жүргендерді көрген жоқпын - Қуандық Шамахайұлы
2019 ж. 24 тамыз
4959
3
Экс Президенттің оралмандарды сұраншақ деп санайтыны түбірімен негізсіз және "шетелден қандастарын қабылдаған ел әлемде жалғыз біз ғанамыз" дегені де шындыққа жанаспайды. Шетелдегі отандастарын қабылдауды Израил, Германия баяғыда бастаған, олардың қалыптастырған озық тәжірибелері де бар. 90-жылдардың басында Ресей де өз қандастарын қабылдаған. Талай орыс көршілеріміз көшіп еді ғой. Сондықтан, "жалғыз біз ғанамыз" деу орынсыз.
Этникалық қазақтарды тарихи Отаны Қазақстанға қайтару көшін бастаған алғашқы ел - Моңғолия. Көші-қон басталған тұста СССР тараған жоқ еді. 1990 жылы Моңғолиядағы қазақ жастары Семей қаласының ет комбинатына "жұмыс күші" болып келген. Моңғол өкіметі құрылыс конторын Қазақстанға көшірмек болғанда оны жергілікті басшылар қабылдамай Горбачев Таулы Алтай республикасының Қош-Ағаш ауданының Жаңа ауыл совхозына жіберген. Отбасымен көшіп, шекара асып барған моңғолиялық қазақтардың басты шоғырланған жері осы болған. Кейін Қазақстанның Еңбек министрлігі елге малшы керек деп Горбачевқа ұсыныс жасаған соң СССР тарамай тұрып-ақ 1991 жылдың көктемінде қазақтар ата жұртына көшіп келе бастаған. Ол тұста көші-қон заңы да, "оралман" деген атау да болған жоқ. Көші-қон процесі Үкімет кабинетінің (совмин) Қаулысымен ғана реттеліп, бөлінген қаржының негізінде 1993 жыл біткенше қарқынды жүріліп кейін тоқырады. 1992 жылы мамыр айының ортасында Назарбаев "Комсомолская правда" газетінің тілшісі Евгения Доцукқа берген берген сұхбатында аталмыш көшке өзінің еш қатысы жоқтығын айтып, бәрін Горбачевқа сілтеген. Онысы рас. Бірақ, сол жолы "жергілікті қазақтар моңғол мен қытайдан келгендерден гөрі орыс, неміс, корей және өзге этностармен бірге тұруды қалайды" деген сөзі шетелдегі қазақтардың шамына тиген болатын.
Ал, көші-қон заңы пайда болып, дербес агенттік құрылып, квота деген шектеу пайда болған кезден бастап іс жүзінде келушілер азайып, көші-қон тоқыраған. Есесіне оралмандар ісімен айналысқан чиновниктер көбейіп, көбі үкімет қаржысын оңды-солды шашумен, ішіп-жеумен, коррупциямен айналысып, ұсталғандары да, сол күйі ұсталмай кеткендері де көрініс берген шығар.
Бірақ, өз басым дәл сол оралмандардың арасынан үкіметтен "бер, бер" деп жүрген ешкімді көрген жоқпын. Бәлкім, оралмандардың атын жамылып көші-қон чиновниктері байып алған болса, сосын, оралмандарды жаманатты етсе, оны тексеріп анықтау қиын шаруа емес қой.
Қуандық Шамахайұлы, Фейсбук парақшасынан