Қоғам белсендісін өлтірді деген күдікпен экс-полицей тұтқындалды
2019 ж. 23 тамыз
3161
0
Биыл мамыр айында Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы Атасу ауылының тұрғыны Ғалы Бақтыбаевты белгісіз біреулер өз үйінің ауласында атып кетті, деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Ғалы Бақтыбаев өз үйінің ауласынан оқ тиіп жарақаттанып жатқан жерінен табылды.
Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша аса ауыр қылмысты ашу үшін ІІМ Криминалдық полиция және Қарағанды облысы полиция департаментінің қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды.
Тергеу барысында жедел уәкілдер жәбірленушінің үйінен алынған құжаттарды қарап шығып, қаза болған адамның түрлі мемлекеттік органдарға бірнеше рет шағымданғанын анықтады. Өлімнің түрлі себептері тексерілді. Тиісті сараптамалар жүргізілді.
"Жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері 4 жергілікті тұрғынды ұстады. Кейіннен белгілі болғандай, олардың 3-еуі бұрын сотты болғаны және біреуі бұрынғы полиция қызметкері екені анықталды", - делінген хабарламада.
Ұсталған күдіктілер өзара келіспеушілік салдарынан адам өлтіргендерін мойындап, түсініктеме берді.
Қазір күдіктілер қамауға алынды. Қару айғақ зат ретінде тәркіленді. Тергеу амалдары жүргізілуде.