ҚАМҚОР ӘКЕМІЗДЕЙ БОЛЫП ЕДІ!
2019 ж. 23 тамыз
2884
1
2008 жылдың қыстың соңғы айында Сарыағаш ауданының Келес өңіріне табиғат қырын мінез танытты. Ақпанның мұз құрсанған даласы жібімей күн күрт жылынып, сай-саланың қойны-қонышы еріген суға толып, жол жөнекей арық-атыздардан асып өтіп, бірнеше ауылды су алды. Қыстың қытымыр аязынан арыла қоймаған ақпанның 19-ы күні қарапайым халық қолына іліккен затын алып далаға қашып, бас сауғалады. Түні бойы тұрғындар өмір бойы жиған-тергендері қарғын судың астында қалып, төбе-төбешікте бүрсең қағып отырғанда аудан, облыстың атқамінерлері жедел көмекке жетті.
Сол кезде өзінің адами қасиетімен алғашқылардың бірі болып «бас амандығына шүкіршілік етіңіздер, қалғандары бәрі орнына келеді» деп өзінің қазақи қырын танытқан облыс әкімінің орынбасары, төтенше жағдай бойынша штаб басшысы Ислам Әбішев еді. Содан ол су алған ауылдарды аралап, күні-түні апат салдарын жою жұмыстары жөніндегі штабтың басшысы ретінде әрбір тұрғын үйді өзі барып көріп, халықпен сөйлесті, көмек қолын созуға уәде етті.
Ислам Әбішев жарғақ құлағы жастыққа тимей саман үйлерден қалған үйінділерді тез арада сырып тастап, жаңа үй тұрғызуға жедел кірісті. Сол кісінің пәрменімен наурыз айында апат алған ауылдарда қауырт құрылыс жұмыстары басталды. Құрылыс заттары: кірпіш, цемент, шифер, ағаш секілді қажетті заттардың өз уақытында жеткізіліп, жұмыстың тоқтамауын қадағалады. Күн сайын әр ауылда жүріп жатқан жұмыстарды өз көзімен көріп, қолдау білдіріп отырды. Қаншама үй салып жатқан мердігер мекеме басшыларымен жиын өткізіп, ауылдың сәулеті үшін бастамалар көтеріп, инфражүйесін дамытуға күш салды.
Сөйтіп, айналдырған бір-екі айдың көлемінде Келес өңірі үлкен құрылыс алаңына айналды. Тұрғындар бұрыңғы саз балшықтан салынған ескі баспанасынан жаңа, заманауи үлгіде салынған үйлерді көріп ризашылықтарын білдірді. Әрбір отбасы мүшелеріне орай тұрғын үйдің көлемі анықталды. Бұрын қисық-қыңыр, ой-шұңқырлы көшелерге жол салынды. Әр тұрғын үй көтерілген сайын көшелерде біркелкі реттілік, ақшаңқан әдемі үйлер бой түзеді.
«Елім деген ерді ел басына күн туғанда байқарсың» демекші, Ислам Әлмаханұлының сол бір халықтың абдыраған шағында арқасынан қағып, тығырықтан жол таба білген ерекше қасиетті елдің әлі назарында. Әсіресе қарғын судан қатты зардап шеккен Ақтөбе ауылдық округінің әр тұрғынын Ислам Әлмаханұлы қиын кезде қамқор болған әкесіндей, бірі ағасындай, тағы бірі туысындай болып кетті.
Көпті қол бастаған батыр мен сөз бастаған шешендерді басқарған. Осы аймақтың тумасы Ислам Әбішевтің шешендігі көп жерде айтылады. Ала апатты аймақтағы алғашқы ауыр сағаттарда ол кісі елді алдымен бас амандығына тәубе дегіздіріп, жұмысты бастады. Ол нәтижелі болды. Сол 3-4
айдың ішінде су астында қалған ауылдар көшесі мен көркі сәнді орындарға айналды. 1500-ге жуық тұрғын үй қайтадан бой көтеріп, заманауи үлгіде сап түзеді. Қоныс тойын тойлауға барша тілекші жұрт жиналды.
[caption id="attachment_103687" align="aligncenter" width="674"] Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев іс сапармен Ақтөбе ауылдық округіндегі сәті[/caption]Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі келіп, ауылды аралап көріп, ауқымды міндетті мінсіз атқарған азаматтарға жылы лебізін білдірді. Солардың сапында мемлекет басшысы ілтипат көрсеткен жандардың бірі Ислам Әлмаханұлы да бар еді.
Пендешілік дейтін парықсыз жандардың пасық қасиеті «Жемқорлық» дейтін шекпеннің жеңі мен жағасын жайлау етіп отырған пысықайлар нағыз ел жанашарын тығырыққа тіреді. Торға қамап, тобасын ұмыттырғысы келетіндей. Бүгінде атпал азаматтың халықтың алғысымен көтерілген бедел биігіне қара күйе жағып отыр. Бірақ, «Аққа - Құдай жақ» деген.
Қай салада болмасын істің тетігін біліп, ел қазынасының жайын ойлап, жеке басынан, мемлекеттің мүддесін жоғары қоятын Ислам Әлмаханұлына, яғни халықтың шын жанашырына осындай нақақтан нақақ жала жабылуына жол бермеуіміз керек. Себебі ол жұртқа, елге, бізге керек адам.
Таңатар Баратов,
Сарыағаш ауданының «Құрметті азаматы»,
Еңбек ардагері