КЕШІР БІЗДІ, ЖАҢАӨЗЕН БОЗДАҚТАРЫ! Қазақты тек ұлтшыл қазақ қана құтқарады. Оны осы сайлау анықтап берді.

4
1372


Жаңаөзен қырғынына байланысты 9-қаңтарда Алматыдағы «Тянь-Шань» қонақ үйінде өткен «Қазақ зиялысы, бармысың?» деген жиынның соңында Төлеген Жүкеев деген мырза сөз алып, алдында спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратаев, тағы басқа да бір-екі «зиялы қауым, қалың халық, ел деп, оның тілі деп, оның жері деп шын жүрегімен шырылдап жүрген жалғыз жазушы – Мұхтар Шахановтың айналасына топтасайық» дегендерге қарата қайта-қайта «мен қайталап айтамын сіздерге, билік деген өте қиын нәрсе, оған терең білім керек, өз қолымыздан көсем жасап алуымызға болмайды» деп халықтың «көзін ашып, көкірегін оятумен», ескерту жасаумен болды. Сонда халық соңына ерер, еруі мүмкін, еруге тиіс білімдар адамымыз еліміздің әлеуметтік, саяси қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатқан, «температурасы» күн санап көтеріліп келе жатқан, ақыры аяғы келіп 2011 жылдың желтоқсанында Жаңаөзендегі «қанды жұмаға» ұласқан соңғы үш жылда төбесін еш жерде көрсетпеген, бүгін келіп қалың қауымға ақыл үйретумен болған Төлеген Жүкеев мырза ма? «Білімді» болып, вице-премьерлік биік мансапта отырғанда қазақ деген бүгін өз елінде, өз жерінде екінші емес, үшіншы сортты халыққа айналған, ал, шетелдік (!) сарапшылардың  зерттеуі бойынша адам дамуының көрсеткіштері жағынан алтыншы (?!) орынға орналасқан ұлттың тілі, діні, жері үшін қандай еңбек етті екен? Еңбек еткен болса неге ел білмейді, өздерін «ымырасыз оппозициямыз» деп көрсеткісі келетіндер оның аты аталған жерде бір тас атып қалғанды мәртебе көретін Иманғали Тасмағамбетов секілді есімі неге елдің аузында жүрмейді? Ұлтыма қызмет етемін деген адам Ақ ордада, Қара ордада жүрсе де есебін табады, ебін келтіреді.

Демек, бұл жерде әңгіме басқа… 1975 жылы Ілияс Есенберлин қазақ жазушыларынан екінші рет Лениндік сыйлыққа ұсынылғанда, «Көшпенділер» бәйгені шаппай алып тұрған тұста, өйткені, финалға онымен бірге Нодар Думбадзенің «Мәңгілік заңы» деген романы тек сыпайылық, тәртіп үшін ғана жіберілген дүние болатын, біздің қазақ жазушылары тарапынан «ойбай, Есенберлин деген алқаш, ол қатынқұмар, ол түрмеде отырып келген» деген арыздар КПСС Орталық Комитетіне қардай бораса, грузиндер жағынан «Мәңгілік заңы» – әлемдегі теңдессіз дүние, бұған бермеуге болмайды!» деген хаттар түскен. Сөйтіп, қазақ халқы алдына келіп тұрған абыройдан айрылған болатын.

Тарих фарс ретінде 2001 жылы тағы қайталанды. Бұл жолы Мұхтар Шахановтың «Өркениеттің адасуы» романы төбесінен жай түсіргендей еткен Батыс әлемінде – бұл соңғы 30 жылда БҰҰ-ның мәдениет жөніндегі комитеті ЮНИСЕФ тұсаукесерін өзі жасаған әлемдегі ақын-жазушы біткеннің жалғыз шығармасы, және оны халықаралық алты тілге де аударып,  БҰҰ-ға мүше барлық 200-ден астам елдің барлығының елшілігіне тегін таратқан жалғыз кітап  – оны Нобель сыйлығына ұсынылуы мүмкін екендігі жайлы әңгіме қозғалуы сол екен, біздің ішіне шынашақ айналмайтын бауырларымыз, төрелері бастап, төлеңгіттері қостап, істің мәнісіне бойламаған қарашасы қасында бос далақтап бірге шауып, сыйлық алдыртпаудың алдын-ала шараларына екі жыл бойы әуре болды. Тек біздің 2003 жылдың желтоқсанында «Жас Алаштың» екі нөмірінде «Шыңғыс хан бабамнан өзім тұрмақ үрім-бұтағым(?!) садаға кетсін» дейтін Мағауин мырзаның өзіне тікелей бағытталып жазылған көлемді мақаламыздан соң барып дау тоқтады.

Тарих тағы да қайталануда. Үшінші рет. Бұл жолы Шахановты қайтсек ұлт-патриоттарынан немесе ұлтшылдардан – кімге қалай ұнайды, солай қабылдап алсын – ажыратып, бөліп тастап, жалғыз өзін қалдырамыз деп әлек болушылар ең алдымен қазақ ұлты десе ішіп отырған шайына шашалып, асқазаны сол заматта тамақ қорыта алмай қалатын мәңгүрттер мен «мутанттар». Мәңгүрттердің жартысына жуығы ес жия келе елін тауып жатыр, олардан үміт бар, оларды неғұрлым өз баурымызға көбірек тарта беруіміз керек, ал, «мутанттар» дегеніміз өкіметтің солақай саясатының немесе әке-шешесінің теріс тәрбиесінің салдарынан емес, өзі саналы түрде мәңгүрт болғандар, қазақ тілі десе төбе шашы тік тұратындар, қазақ болғысы келмейтін, қазақ болғанды бойына намыс санайтын, жалпы қазақ деген болмысты иттің етінен жек көретін, және онысын жасырмайтын, кейде амал жоқ жасырып, сыртымен күліп тұрса да, іші ұлып тұратын, бүгінгі қазақтың тілі мен дінінің, ділінің өзіне тиісті орнын алуына бар жан-тәнімен қарсы тұрып, аянбай күресіп, сол  күрес жолында «жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» деп Абай ескертіп кеткен, бізбен бірге бір шаңырақтың астында тұрып жатса да, асымызды ішіп, табағымызға тышып отырғандардың байлаулы қандені – майлы сүйекті ақтау керек қой! – болуды намыс көрмейтіндер. Солардың бірі жақында «Правда о лжи господина Никто» деп тиісіпті Мұхаңа. Ауылда баяғыда ұрысқақ қатындардың тілі шаянның уындай ащы болушы еді, көрдің бе сөз саптасын. Шаханов Қонаев туралы «Желтоқсан эпопеясы» кітабында өтірік жазған дейді, бірақ, басқа жаққа бармай-ақ сол Дінмұхаммед атамыз тұсында Қазақстанның астанасы (!) Алматының өзінде де қазақ мектептері түгел жабылғанын мойындауымыз керек қой.

Екінші топ – өздерін қазақ ұлтына біз тұрғанда кім жетекші болмақ, өйткені біз – бай, біз – құдай дейтін топ. Бұлар Шахановша шырылдамайды, қазақтың тілі секілді ұлттық құндылықтарына жанын беріп араша болғысы келмейді, олар жазған Конституция нұсқасы қазақ мүддесін қорғауға келгенде бәріміз күнде сынап жүрген, жөнделе-жөнделе, өзгертіле-өзгертіле шұрық-тесік болып, жамау салынбаған жері қалмаған «Назарбаев Конституциясының» да қолына су құюға жарамайды, сөйте тұра қазақ ұлт-патриоттары неге ақынның маңайына жиналуға құштар, оның білімі біздікі сияқты терең емес қой деп таң қалады. Түсінбейді. Ең жаманы – көре алмайды. «Біз Шахановтың абыройын түсірсек, оны да көптің қатарына төмендетсек, ұлтшылдар жәрдем сұрап бізге келмегенде кімге барады, сонда бүкіл елдің қазағы бар, қазақ емесі бар, бәрі біздің айналамызда топтаспағанда кімнің айналасына топтасады» дей ойлайды. 9 қаңтардағы сол жиында Болат Әбілов те сөйледі. Тағы да әдеттегідей «патриотизм, қазақ» деп бір-екі сөзді атүсті желдіртіп өте шықты да, сөзінің тұздығын «біз азаматтық қоғам құруымыз керек, азаматтық қоғам құрмай көзіміз ашылмайды, маңдайымыздың соры арылмайды» деген жаттанды, ести-ести жауыр болған қағидаға арнады. Дұрыс, азаматтық қоғам керек емес дейміз, керек, бірақ ол қай уақытта керек? Ұлттық мемлекет құрылып болып, әбден аяғына тік тұрып, нығайып, бекіп, ешқандай сыртқы, ішкі қатер оған қауіпсіз деген кезде ғана құруға кірісуге болады оны. Әр жеміс өз уақытында ғой. Саясатта жүріп тісі сарғаюға арналған Болат соны білмей ме? Әрине, біледі. Білмесе, құны көк тиын. Бірақ, болаттар неге «азаматтық қоғам құруымыз керек, шынайы демократия орнатуымыз керек» деуден жалықпайды. Өйткені, олар айтып жүрген азаматтық қоғам мен шынайы демократияда қазақтың ұлтық мемлекетіне орын жоқ. «Демократия орнатсақ ұлттық мемлекет сосын өзі-ақ орнайды» дейді. Өте қауіпті ұстаным! Өйткені, ол көп адамды жаңсақ, алдамшы, сағым жолға түсіріп жібереді. Ешнәрсе күрессіз, өз-өзінен келмейді. Ұлттық құндылыққа барлық уақытта, күн сайын, сағат сайын басымдылық беріліп отырмаса, оның тағынан тайып қалуы оп-оңай. Сол себепті Германия, Франция секілді ұлы мемлекеттер ұлттық бейнесін сақтауға ар күшін салып бағуда. Ал, әлі толыққанды ондай мемлекет орнатып ала алмай жүрген біздің ұлт үшін демократия, дәлірегі оның атын жамылғандар бәрінен де қауіпті.

Міне, күні кеше ғана өзін туабітті демократиялық партия деп көрсетуге тырысып келген «Ақ жол» жеме-жемге келгенде бетіндегі пердесін сыпырып тастай салды. Он жыл бойы «Ұлтқа бір енбек етсе, осы «Ақ жолдан» өзге партияны  көріп тұрғаным жоқ» деп, соның ұраншысы болып келген, ұлт мүддесі үшін әрқашан алдыңғы қатардан табылып жүрген ұлтшыл ақын Қазыбек Иса, ақын, қазақтың  қайраткер қызы, арманда кеткен ұлт арыстарының шырақшысы Ханбибі Есенқарақызы, философ, ғалым, ақылман Амангелді Айталы, бұлардың ешқайсысы да Мәжіліске депутаттыққа өткен жоқ. Өткендер кім? Жасы отызға енді жеткені бар, асқаны бар, бәрі шетінен «қалталылар». Әңгіме мандатта емес, әңгіме ұстанымда. Ұстаным қандай? Ұстаным – «аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін». Бұрыннан айтылып келе жатқан, ақшасы барлардың ол орынға тек ақша істеу үшін баратыны тағы бір рет дәлелденді. «Сегіз орынның ең болмаса бір-екеуін руханият  майданының азаматтарына берейік» деген ұстаным жеңген жоқ. Қайта жер болды. Біз Қазыбек Исаға ескертіп едік, «Әй, сол Азатың ұлтшылдарды қолдайды дегенге  сену қиын» деп…

Ұлт мүддесін қолдайтын ұлтшылдардың бәрі енді бір қатарда болу керек! Ұлтшылдардың қатары деп кімді айтып отырмыз? Бүгінгі әңгімеден шығатын қорытынды – ұлт-патриоттары, шынайы ұлтшыл патриоттар бір тудың астына жиналуы тиіс. Ол қай партия болады? Әлі белгісіз. «Руханият» сондай бола ма деп үміттеніп едік, тарихқа аты қара сиямен кіріп отырған Алтыншаш апамыз ол партияны екінші рет өлтіріп, күлін шашып жіберіп жатыр. Тіпті, тіркелген партиялардың ешқайсысының реті келмеген күнде де салымыздың суға кетер жайы жоқ. Қоғамдық бірлестік аясында да топтасуға болады. Бірақ, қалай болғанда нағыз «елім, жерім, ұлтым» дейтін ер-азаматтар түгел жиылмай, бір арнаға құйылмай, іс бітпейтініне, ұлт мәселесі шешілмейтініне бәрінің де көзі жеткен шығар. Бүгін көзі жетпеген адамнан ештеңе шықпайды. Суға кетіп бара жатқан қазақты құтқаратын ешкім жоқ, «жаңа қазақ» та құтқармайды, биліктегі «ескі қазақ» та құтқармайды, олардың сыртқы және ішкі қазақтың басын қосудан, жұдырықтай жұмылдырудан, еңсесін көтеріп, елдің қатарына қосудан басқа «маңыздырақ» жұмыстары толып жатыр. Қазақты тек ұлтшыл қазақ қана құтқарады. Ол үшін бірігу керек. Балама жол жоқ деп осыны айтады…

Өмірзақ АҚЖІГІТ

4 ПІКІРЛЕР

  1. Саясаттың сайқали сатқындарының түрін түстеп жариялайтын кез келген сияқты. Бұл жерде журналистер барлық ақпарат көзіне қазаққа қарсы адамдардың аты-жөнін дәлелмен жариялап тұрулары керек. Халықтың көзі ашылсын. Үндемей жүрген сайын былығып бара жатқан сияқты. Сатқындардың биліктен кетулері керек! Бектас

  2. Мұндай сайқал саясатыңның нақ атасына нәлет деп бәріне қолын бір-ақ сілтеген Қазыбек Иса ауылға, жапандағы жалғыз үйге, демалуға кетіп қалыпты… Өлеңін жазып жатыр дейді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз