Мен неге «жемқор» басшыны қорғауға міндеттімін?
2019 ж. 15 тамыз
8350
62
Осы жұрт Ислам Әбішті біле ме екен?..
Иә, бұрын білмесе де кейінгі кездегі «Қазақ үні», «Абай.кз» сайты мен «Қазақ үні» газетінің арқасында біршама білетін болғаны сөзсіз. Бірақ, кім деп біледі? Оңтүстіктің қазағы 2008 жылға дейін «жаман аты шықпаған іскер адам» деп, ал, 1996 жылдан 2009 жылға дейін ол басқарған Ордабасы ауданының халқы «оған дейін де, одан кейін де Ислам Әбіштей әкім бізде болған емес» деп білсе, 2008 жылғы Келестегі су тасқынынаң кейін облыс тұрғындары арасында «Әбіш іскер ғана емес әділетті, қамқор басшы екен» деген пікір қалыптасты. Оны қолдауға шақырған Ашық хатқа 100 мыңнан астамның қол қоюы соның айқын дәлелі.
Рас, оның ішінде күнгейден басқа өлкелердің азаматтары да бар. Дегенмен, Шымкенттен сырт өңірде (Өскеменді қоспағанда) жоғарыдағыдай жағымды пікір қалыптасып үлгермегені өкінішті. Олар «жемқор көп басшының бірі-дағы, ұсталып қапты ғой» деп біледі. Оның ар жағы оларды қызықтырмайды да.
Өкінішті. Өте өкінішті. Бірақ, ол үшін қалың көпшілікті жазғыра алмайсыз. Себебі, кәзіргі қазаққа «басшы» десеңіз, оның көз алдына бірден жемқор-парақордың, ұры-қарақшының көк темірдей суық бейнесі көлбеңдеп тұра қалады. Ислам Әбіш динамит жара алмайтын мәңгі мұз тоңындай сіресіп, қатып қалған сол психологиялық қалыптың, сол бейненің құрбаны болып отыр. Сол бейнені қалыптастырған да биліктің өзі. «Байыңдар!» деді. «Алғашқы байлық адал еңбекпен келмейді!..» деді. Ал, мемлекет байлығын ұрлау мен тонау кімнің қолынан келеді? Әрине, тек қана қолында билігі бардың ғана! Оларға да керегі осы еді - ұрлаған-тонағандарын екі рет ақшалай, бір рет заттай заңдастырып, «адалдап» алды. Өздерінен өздері аясын ба? «Дәніккеннен құныққан жаман», бір жеп, екі асап үйреніп қалған ауыз жаман әдетін өлсе қоя ма енді?.. Содан кейін Мұхтар Шаханов әкімдерді «ұры», депутаттарды «жепутат» демей не десін? Вице-министр әйел (!) 11 млн.теңге пара алып, жартысын «құсып» еді, бір айға жетпей жайтаңдап бостандыққа шыға келді. Содан кейін «пара алмайтын» бастық болады дегенге жұрт қайтып сенсін?
Жоқ, болады. Қалың ну орманда да, мидай жазық далада да жалыны көкті шарпыған өрттен әр жерде Құдайдың құдыретімен тал-терек те, қау-қау аққаудан шөп те аман қалатыны бар. Дәл сол секілді ел болған соң оның ішінде парадан таза ерлері де табылады. Соның бірі, дәлірегі бірегейі – Ислам Әбіш.
«Дәлеліңіз қане?» дейсіз ғой. Мінекей! 2013 жылы ол бюджетке «бөліске» түсу үшін әдейі артық салынған 300 млрд. теңгені қазынаға қайтарды. Оның аяғы неге апарып соғарын біле тұра істеді. Сол үшін қызметінен босатылып, бір жыл үйінде бос отырды. Арнаулы орындар оның кәсіпкерлікті бастаған сонау 90-жылдардан бергі қызметін қопара тексерді. Түк таппады, Әбіш бұрынғы орнына қайта барды. (Жалпы, бір орынға екінші рет бару кімнің де болсын мықтылығын көрсететін фактор). Кешегі сотта өзі айтқандай, сол 2013 жылы үй-ішіндегілер «мемлекеттің ақшасын үнемдеймін деп неңіз бар еді?» деген екен. «Мен сонда оларға «алда тағы осындай жағдай қайталанса, халықтың несібесін тағы да талан-таражға салдырмаймын» дегенмін. Сөзімде тұрдым. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймын. Ал, сіздер не істейсіздер, оны өздеріңіз біліңіздер». Бұны естіп отырған судья Т.Сырлыбаев қандай күй кешкені бізге беймәлім, бірақ, өзіміз тарихи оқиғаның куәсі болып, тарихи сөзді естіп отырғанымызды сезіндік...
Ешнәрсенің шексіз болмайтынын, енді қайтып оралмайтын 28 жылдық «ертегі дәуреннің» де бітіп келе жатқанын біліп отырғандар бүгін миллиард емес, триллиондарды бөліске сала бастады. Ислам Әбішев осы кезде шынында да сөзінде тұрды – жемқорлардың жолына «Абылай аспас Арқаның сары белі» болып жатып алды. Айтуға оң-а-а-й... Ал, ондай іске барып отырғандар «оңай адамдар» емес қой!.. Олар комитет төрағасын он орап алатын орындарда отыр ғой! Нағыз батырлық осында – жеңілетініңді көріп тұрып, өзіңнен әлдеқайда күштімен күреске шыққанда! Бұл жолы өткендегідей бір жыл «жұмыссыздықпен» құтылмайтыныңды» біліп тұрып, басыңды бәйгеге тігіп, тағдырыңды бір Аллаға тапсырып шыққанда! Жолбарыс жүректі Махамбет бабамыз:
«Ақ бөкеннің орғытып,
Жүгірмегі майдан-ды,
Батыр болмақ ойдан-ды.
Айғайласып жауға ти
Тәңірім білер, жігіттер,
Ажалымыз қайдан-ды!» деп осындай жағдайды айтып кеткен болатын.
Нәтиже күткендей болды – триллион үнемдеген азамат түрмеге түсті...
Бес ай бойы тергеуде Ислам Әбішев істемеген қылмысын мойындаған жоқ. «Ары барса 15 жыл берерсіңдер, абыройымнан артық па ол?» деп отыр. Және жәй отырған жоқ, өзі құрбандығына айналған жүйені қалай жөндеудің бағдарламасын жазып жатыр. Рас, түрмеге түспесе, жосықсыз жүйенің жазықсыз құрбандығына айналмаса, өзі айтқандай, күні-түні екі бүктетіліп отырып бұл бағдарламаны жазбасы анық еді.
Рас, түбегейлі жөндеу үшін қолыңда жоғарғы билік, жүрегіңде саяси жігер болуы тиіс. Әзір ондай мүмкіншіліктің ауылы алыс. Әрі сөздің емес, істің адамы болған соң алғашқы қадам ретінде қоғамды толғандыратын мәселелерге талдау жасады. «Не істеу керек» екенін айтты. «Ондайды айтып жүрген адам көп қой» дерсіз. Сондықтан, ол анализбен шектелген жоқ, №2 Үндеу-хатында синтезге, яғни, «қалай істеу керекке» көшті. Халықты 5 жыл ішінде қалай тұрғын үймен қамтамасыз етудің есеп-қисабын көрсетті. ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтына сенсек 2019 жылғы 1 қаңтарға үй алу кезегінде 487 мың отбасы тұр екен, о.і. 220 мың отбасы әлеуметтік осал топтан, 31,7 мыңы - көп балалы екен.
Үкімет 7 жылда:
- 585 млрд.теңгеге 46 мың пәтер саламыз (220 мың және 31.7 мың отбасы жайлы жақ ашпайды);
-1трлн.680 млрд.теңгеге ауылдық елді мекендерді ауыз сумен жабдықтаймыз;
-1 трлн. 400 млрд,теңгеге жергілікті автомобиль жолдарын жөндеуден өткіземіз;
-700 млрд.теңгеге тұрғын үйлік алқаптарға инфрақұрылым жүргіземіз дейді.
Ислам Әбішев:
-5 жылда 1,4 трлн.теңгеге 487,0 мың пәтер саламыз, о.і. алғашқы 3 жылда әлеуметтік осал топтағы 220 мың отбасыны түгел қамтамасыз етеміз;
-3 жылда 320,0 млрд. теңгеге барлық ауылдық елді мекенді орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етеміз;
-3 жылда 300,0 млрд. теңгеге 5000,0 км жергілікті автомобиль жолдарын жөндейміз;
-5 жылда 600,0 млрд.теңгеге барлық тұрғын үйлік алқаптарға инфрақұрылым жүргіземіз дейді.
Қате жазған жоқпыз – 46 мың пәтер емес, 487 мың пәтер салуға болады дейді.
Осының 1 745 млрд. теңге үнем жасалады.
И.Әбіштің бұл сөзіне сенуге бола ма? Болғанда қандай! Өйткені, оның бұндай істе үлкен тәжірибесі бар: 2008 жылы жоғарыда айтылған тасқын судың салдарынан бұзылған 2000-нан астам (қабырғасы - күйген кірпіш, шатыры – металл жабынынан, газбен жылытылған, санитарлық торабы мен кәріз-септигі бар, терезесі - пластик, едені – ағаш) үйді, 7 мектепті (басқа нысандарды айтпағанда) бар-жоғы 3 айдың ішінде бүгінгі Арыстағыдай 17 облыс көмектеспей-ақ, Президент тұрмақ Премьер-министр бір рет келіп көрмей-ақ, құрылыс материалын 180-200 шақырым жерден тасып, бүгінгідей 38 млрд.емес, 18 млрд.теңгеге жаңадан салып та, күрделі жөндеуден өткізіп те үлгерген-тұғын. Салған үйдің 1 ш.м. 38 мың теңгеден түскен еді.