Тұрысбеков: Қазақстан тағы да 1 миллион қандасымызды шақыруға дайын
2019 ж. 12 тамыз
3428
2
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков Бурабайдағы «Балдәурен» республикалық балалар оқу-сауықтыру орталығында «Туған жер – алтын бесік» тақырыбымен өтіп жатқан халықаралық балалар құрылтайының оныншы ауысымына қатысушылармен кездесті, деп хабарлайды ДҚҚ баспасөз қызметі Кездесуде Зауытбек Қауысбекұлы қазақ халқының өткен-кеткен тарихынан, алыс-жақын шет елдердегі қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігінен ақпарат беріп, тағылымды әңгіме өрбітті.
Ол 1864 жылғы Шәуешек келісімінен бастап халқымыздың көші-қон тауқыметінен тәлімді деректер келтірді. Тіпті, қазақ халқының шығу тегі, орналасу мекені, шетелдегі қандастарымыздың саны, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен туған елге көшу үрдісі, оралман мәртебесі, бауырларымыздың Қазақстандағы үлгілі тұрмысы жайлы қызықты мағлұматтар берілді.
«Біздің басты құндылығымыз – ел Тәуелсіздігі», – деді ол сөзінің бір парасында. «Оны тұғырландыру ұлтымыздың мерейін, халықаралық абыройын көтереді. Сендер «Балдәурендегі» әрбір күндеріңді мәнді өткізуге тырысыңдар. Болашақ сендірдікі. Уақыттың толқынды теңізі ұлттарды былай қойып, тұтас халықты жұтып жатқан бүгінгі жағдайда сендердің мойындарыңда зор салмақ болатынын есте ұстағайсыңдар. Қазақстан тағы да 1 миллион қандасымызды шақыруға дайын. Бұл сендер қойған көп сұрақтың біріне жауабым. Сендерге «денсаулықтарыңды күтіңдер, білімді болыңдар, көбейуіміз керектігін ұмытпаңдар, өмірде аспаңдар, жаман жерді баспаңдар дегім келеді»,– деді З.Тұрысбеков.
Шараның негізгі мақсаты – әлемнің әр қиырында жүрген қазақ балаларына атажұрттың тарихын, тамаша дәстүрлерін, әдемі әдеп-ғұрпын, әуезді тілін, мәнді мәдениетін таныту арқылы ұлттық құндылықтар ұлағатын қалыптастыру. Еске сала кетейік, Бурабайдағы «Балдәурен» республикалық балалар оқу-сауықтыру орталығында «Туған жер – алтын бесік» тақырыбымен халықаралық балалар құрылтайының оныншы ауысымы өтуде. Оған Ресей, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Иран және Германиядан 300-ге жуық жеткіншек арнайы келген. Атажұртқа келген балалардың дені өз орталарында оқу озаты және түрлі дарын иелері.