CАЙЛАУШЫЛАРЫМЫЗДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫНА ҚЫСЫМ ЖАСАЛУЫНА ЖОЛ БЕРМЕУ - БІЗДІҢ ОРТАҚ МІНДЕТІМІЗ! "Ақ жол" Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтің үндеуі

  Астана. 13-қаңтар. Kazakhstan Today - "Ақ жол" Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев отандастарының алдында үндеу жолдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі. Құрметті қазақстандықтар! Сайлауға қатысатын саяси партиялар мен кандидаттар бүгін өздерінің сайлауалды үгітін аяқтайды. Сайлау науқаны басталған кезден бастап, олардың бәрі өздерінің ұмтылыстары мен көзқарастарын түсіндіру, әлеуетті жақтастарын өздеріне дауыс беруге тарту үшін күш салды. Бұл ұмтылыс кейбіреулерде жақсы шықты, басқа біреулерде нашарлау шықты, кез келген басқа елдердегі кез келген сайлау сияқты дау да, реніш те болды. Бұл біздің партияға да, біздің кандидаттарға да қатысты. Бірақ мұның бәрі қалыпты үдеріс, өйткені кандидаттардың ашық саяси күресі мен бәсекелестігі - демократияның аса маңызды принциптерінің бірі. Уинстон Черчилль айтқандай, "Демократия, әрине, жетілдірілмеген, бірақ әлем одан жақсы ешнәрсе ойлап тапқан жоқ". Ертең, сайлаушылардың сайлауалды жарысында көргендері мен естігендерінің бәрін ой елегінен өткізуі және өз таңдауын өз бетінше айқындауы үшін қажетті "Тыныштық күні" басталады. Осыған орай "Ақ жол" партиясы мынадай үндеу арнайды. Бірінші. Біз ертеңнен бастап, саяси партияларды өзара дау мен кінәлауды қойып, адал және ашық сайлауды қамтамасыз ету үшін біздің байқаушыларымыздың күш-жігерін топтастыруға шақырамыз. Ел болатын ауылдың жігіттері бірін-бірі батыр дейді! Ертеңнен бастап біз бәріміз де біртұтас демократиялық үдерістегі одақтастармыз, оны қорғау мен біздің әріптестеріміздің заңды мүдделеріне және сайлаушыларымыздың конституциялық құқықтарына қысым жасалуына жол бермеу біздің ортақ міндетімізге айналады. Екінші. "Ақ жол" партиясы әрбір сайлаушыны 15 қаңтар күні сайлауға келіп, өз таңдауына орай дауыс беруге шақырады. Дауыс беруге қатысып - сіз өзіңіздің бюллетеніңіздің бұрмалау мен айла-шарғы жасау үшін пайдаланылуына жол бергізбейсіз. Учаскеге сайлаушылар қаншалықты көп келсе, біз қиянат жасауды соншалықты азайтамыз, дауыс беру нәтижелері біздің халқымыздың шынайы таңдауына неғұрлым сай келетін болады. Сайлауға келіңіздер, айла-шарғы жасауға мүмкіндік бермеңіздер! Үшінші. Біз сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау заңнамасы мен сайлау рәсімдерінің нақты орындалуын қамтамасыз етуге, қулық-сұмдық әрекеттерінің, сайлау үдерісіне белгілі бір қатысушыларға артықшылық беру немесе керісінше әрекеттердің, кемсітушіліктің жолын батыл кесуге шақырған үндеуімізді арнаймыз. Мемлекеттік биліктің жалғыз заңды қайнар көзі болып табылатын біздің халқымыздың саяси ерік-жігерін дәл анықтау жауапкершілігі сіздерге жүктеліп отыр. Еліміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінен кейін, "Ақ жол" партиясы, осы сайлау Қазақстанның демократиялық дамуында және саяси жаңғыруында елеулі қадам болуға тиіс, деп есептейді. Біздің әрқайсымыз осы жалпыұлттық үдерісте өзімізге лайық жауапкершілікте боламыз. Kazakhstan Today