ШҚО-да көктемгі тасқыннан үйлері қираған жұрт әлі баспанасыз жүр

Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданында көктемгі тасқыннан зардап шеккен жұрт наразылық білдірді. Олардың айтуынша, төрт айдан бері көк тиын да көмек алмаған. Соның салдарынан кейбір тұрғындар әлі күнге дейін көрінген босағаны жағалап жүр, - деп хабарлайды КТК арнасы.

Үйлері тұруға жарамсыз деп танылған жұртқа аудандық шенеуніктер жалдамалы пәтерге қоныстануды бұйырыпты. Бірақ оның ай сайынғы ақысын төлеуге қарашаның қалтасы көтермейді.

Тасқын биылғы наурыз айының аяғында болған еді. Көтерілген жерасты суы төңірегіндегі үйлерді түгелдей басып қалған болатын. Содан бері, қанша ай өтсе де топан су шайған баспаналары әлі қалпына келтірілмеген. Қазіргі уақытта, керсінше дым тартқан қабырғалар қақырап, саман үйлер құлағалы тұр. Әйтсе де, жұрт жаз ортасы болса да көк тиын көмек алмадық дейді.

Қабдолла Дәуітбаев, Бесқарағай ауылының тұрғыны:

- Сондықтан үкіметке айтарым, халыққа жаны ашитын азаматтар болса, көмектессін. Халықты жылатпасын. Бастықтар өз білгендерін істейді. Ондай жағдай болмасын. Не істесе де, елі үшін істеуі керек.

Бүгінде теңтіреп қалған қараша арнайы комиссияның шешіміне де риза емес. Үй иелерінің айтуынша, үйлерді тым арзанға бағалаған. Оның үстіне жиһаздар мен тұрмыстық техникалар мүлдем есепке алынбады деп өкпелі.

Надежда Гейде, Бесқарағай ауылының тұрғыны:

- Мамандар апатты жағдайдағы үйімді 2 млн теңгеге бағалады. Ол неге жетеді? Ауданда ең арзан үйдің өзі 3 млн теңге тұрады. Оны да таба алмайсын. Өйткені мұнда сатылатын баспана аз.

Ашынған тұрғындар аудандық билік су шайған 60-тан астам баспананың басым бөлігін жасырып қалғанын айтады. Тек шенеуніктер төтенше жағдай жарияламас үшін қираған 16 үйді ғана тізімге алған көрінеді. Ал олардың иелеріне жалдамалы пәтерге қоныстануды ұсыныпты.

Әлия Әлімханова, Бесқарағай ауылының тұрғыны:

- Әкім айтады, сіздерге үй беріледі. Бірақ ол тұрғын үй қорынан берілмекші екен. Мына үйлер акиматтың атында қалады. Біз ана баспанаға аренда төлеуге міндеттіміз.

Дегенмен, жергілікті билік заң шеңберінде қолдан келген көмекті көрсетіп жатқандарын айтып ақталды. Ал қираған қора-қопсыларға өтемақы төлеу заңға қайшы. Сондықтан олар бірінші кезекте су кірген баспаналарды ғана есепке алғандарын жеткізді. Ал бағалаушыларды жұрт өздері тауып, шақырған көрінеді.

Нұржан Ағыбаев, Бесқарағай аудандық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Бірінші жолы ол кісілер бағалаушыларды өздері шақыртты. Екінші жолы үкіметтен ақша бөлініп біз шақырдық. Олар бәрін тексерді. Ешқандай кемшілік таппады. Ақшаны да төмендеткен жоқ. Сол бағаны дұрыс деп тапты.

Тасқынан зардап шеккен жұртты тығырықтан шығару үшін обылыстық қазынадан 61 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бірақ бұл қарашаның қолына берілмейді. Тек олар заң жүзінде жалдамалы пәтерге ғана тұруға міндетті. Ал, ай сайын ақы төлеп қалтамыз қағылады деген тұрғындар бұл мәселеге жоғарғы биліктің араласуын сұрайды.