Кәкімжан Кәрбозов: Исламдай адал азаматтардың жазықсыз жазалануына қарсымыз
2019 ж. 31 шілде
5294
10
Белгілі қоғам қайраткері, Қостанай облысының құрметті азаматы Кәкімжан Кәрбозов Ислам Әбішев ісіне қатысты пікірін айтты. "Қазақ үні" редакциясының поштасына келген аудио жазбада Кәкімжан Кәрбозов Ислам Әбішевтің ісін әділ қарауды сұрап, оның ел игілігі үшін атқарған істеріне тоқталды.
Исламдай іскер азаматтардың жазықсыз жазалануына үзілді-кесілді қарсымыз
[caption id="" align="alignleft" width="338"] Кәкімжан Кәрбозов[/caption]Біз әлеуметтік желіде жазылып жатқан, қоғамымызда жазықсыз жазаланып жатқан Ислам Әбішев туралы айтқымыз келіп отыр. Ислам Әбішев деген белгілі қоғам қайраткері, өмірінің осы бір азапты кезеңіне дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде адал еңбегімен көзге түскен азамат. Бұл азамат менің естуімше 2019 жылдың 14 наурызында жалған жаламенен ұсталып, тергеу орнында қамауда отыр деп естідім. Бұл азаматтың Су ресурстары комитетіне жасаған еңбегі орасан зор еді. Елбасының өзі су ресурстарына жақсы маман керек деп Ислам Әбішевті сол орынға тағайындаған деп естігенбіз. Тұңғыш Президент республика бойынша сумен қамту көлемін ұлғайту бойынша тапсырмалар бергенін теледидар, газеттер арқылы көріп, оқып жүрдік. Ислам Әбішевтің біздің Қостанай облысына жасаған жақсылығы ел аузында. Оның игілігін көрген азаматтар осы хабарды оқып қатты күйзелді. Әбішев Қостанай облысын аралап, әсіресе, Арқалық, Амангелді, Жанкелді аудандарындағы судың жетіспеушілігіне байланысты көптеген жұмыстар атқарды. Соның бір дәлелі, біздің Жанекелді ауданының 1924-1926 жылдар аралығында халықтың қара күшімен салынған 17 шақырымдық Албарбөгет бөгетін 2014 жылы республикалық Су комитетінің балансына алдыртты. Бұл бөгеттің бойында Қабырға деген үлкен өзен бар. Бұл өзеннің басы Ұлытаудан басталып, Ақтөбенің Ырғыз ауданынанда аяқталады. Бұл өзеннің бойында қаншама ауыл бар. Бұл бөгет Ислам Әбішевке дейін еш жөндеу көрмеген еді. Біс осы кісінің еңбегін қатты бағалаймыз. Сондықтан, осындай адал азаматтардың жазықсыз жазалануына біз үзілді-кесілді қарсымыз. Біздің қоғамда мұндай жағдайлар өткен дәуірде де кездескен. Мысалы, Қазақстанның белгілі қоғам қайраткері, үш облысты басқарған Асанбай Асқаровқа да сол кездегі Мәскеудің билеушілері Калиниченко деген тергеушіні соңына салып, 4 жыл бойы абақтыда ұстап, азаптап, сол азаматқа қанша қиянат көрсетті. Бірақ, әділдік жеңіп, оның еліне сіңірген еңбегін бағалап, ісін Қырғыз республикасына қаратқанда сол кездегі Қырғызстан басшысы Асқар Ақаев мырза бұл кісінің адал екенін айтып, ақтап алған еді. Біз жемқорлыққа жол берілсін, жемқорлар қорғалсын демейміз. Жаңадан сайланған президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырза Исламдай азаматтарды сол жемқорлардың көлеңкесінде қалдырмай, бұл істі әділдігімен шешсе екен деймін. Ислам Әбішевті қолдап қазіргі уақытта 70 мыңдай адам Тоқаевтың атына жазылған Ашық хатқа қол қойып үлгерді. Соның бірі мен - Қостанай облысының құрметті азаматы Кәрбозов Кәкімжан, осы істің әділ шешілуін Тоқаевтан өтініп сұраймын.