Тәуелсіздіктің ұлы мұратын қашан сезінеміз?
2019 ж. 27 шілде
3052
0
Үшінші мың жылдықта, мәдениеттер бәсекелестігіне төтеп бере алатын ұлттар ғана елдігін сақтап қалады немесе Батыс, Еуропа жаңа мыңжылдықта Еуразияны төрге шақыруға мәжбүр!
Әлемдік экономиканы нано технологиялық өркениеттің ақпараттық инновациялар дәуіріне алып келумен аяқталған XX ғасыр – адамзаттың рухани әлемінде саяси қуғын-сүргін ойындарының құрбанына айналған миллиондаған халықтардың бұрын-соңды болмаған аштық, зорлық-зомбылық, әлімжеттік зар-заман геноциттерімен есте қалды. Ғасырлар тоғысындағы өркениеттер өнегесінің сындарлы оқиғалар шеруімен басталған XXI ғасыр: бүтін әлемдік қоғамдағы мұндай дауылдардың, өркениеттер өнегесін түбегейлі өзгертуге алып келгені ұғынықты болды!.. Бізге «Ғаламдық дәуір» (жаһандық дәуір) атымен айқындалған жаңа заманның ширек ғасырында нені ұқтық, нені түсіндік, қандай жетістікке жеттік дегенге тоқтала отырып, ендігі бағытымызды нақтылау үшін айқындап алатын ең өзекті мәселелерге мән беруіміз аса маңызды болып отыр! Бұл қарапайым ғана табиғат заңдылығы, жаратылыс заңдылығын мойындау, бой ұсыну сол ұлы заң үрдістері мен қарекет жасау қағидасы. Ол үшін, шығыстың ар ілімі, әдеп-мәдениеті, мораль философиясы және адамгершілікті ұғыну секілді күрделі ғылымдық деңгейдегі ілім қағидаттарына сай құрылған ұлттық идеологиясы көмекке келетін заман жеткенін мойындасақ болғаны. Рас, өркениеттер өнегесі жалпы адамзатқа ортақ мәдени-рухани құндылықтардың технологиялық прогреске бағынбайтын, керісінше оны тәуелді етіп отыратын мәңгілік ұстын екенін дәлелдеп берді. Яғни, адам баласының жоғарғы технологиялық өркениетсіз өмір сүре алатыны, ал жоғарғы технологиялық өркениет, мәдени өркениетсіз өмір сүре алмайтыны ұғынықты болды. Ендігі жерде табиғат заңдылығы мен үйлесім таппайтын барлық іс-әрекеттің адамзат қоғамының жойылуына әкелетінін ұғынды. Материалдық саламен қатар рухани саланың кең өріс пен биік өреге жетуінің маңыздылығына тоқталды. Нақты айтқанда, жаһандық қоғам: санасы тәуелсіз, рухы күшті, мәдени-рухани және тарихи тамыры терең, жалпы адамзат қоғамына ортақ құндылықтары мен айқындалатын мемлекеттер жайғасатын, мәдениеттер бәсекелестігіне төтеп бере алатын ұлттар ғана елдігін сақтап қалатын орын екені айқындалды. Бұл, адамзат тарихындағы жоғарғы технологиялық өркениеттің, мәдениеттер бәсекелестігімен айқындалатын соны үрдіс – тың идеялар ғасыры... Бұл тұтас қоғамның рухани жаңғыру кезеңі. Дұрысы өркениеттер өнегесі – табиғи заңдылықтар, мәдени-рухани құндылықтармен өрнектелетін кез. Олай болса мәдени өркениеттің жалпы адамзатқа ортақ озық үлгілері мен басым бағыттарын айқындап, оны қоғамдық өмірде дәлелдейтін іс-шараларды бірінші кезекке қою, аса маңызды екені де даусыз. Сондықтан әр ел өзінің мәдени-рухани құндылықтарын айқындап, ескі мен жаңаның үйлесімді байланысын орнықтыруға, жасандылықтан табиғилыққа ұмтылуға, жоғарғы технологиялық үрдістерді халықаралық ынтымақтастық, ортақ мүддеге сәйкестендіруге ерекше мән беруі ғасыр талабы. Бұлтартпайтын ақтқат. Демек Батыс, Еуропа жаңа мыңжылдықта Еуразияны төрге шақыруға мәжбүр! Осындай алмағайыптар кезіндегі жаңа ғасыр өркениет көшін Еуразияға бұрды. Ал Еуразия кіндігіндегі тәуелсіздікке жаңа ғана қол жеткізіп жатқан мемлекеттер бұған дайын емес болатын. Расында, экономикалық мүмкіндігі, әлеуметтік жағдайы, тіпті саяси болмысының өзі шашылып жатқан елдерде, алмағы да, салмағы да зор мұндай жауапкершілікті көтеріп кететіндей жағдай жоқтың қасы еді. Алайда, ғасырлар тоғысы өз таңдауын жасады. ХХ ғасырдың екінші жартысында батыстан көшкен өркениеттің, қаржы ағымы – шығыс елдері: Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия елдерінің индустриялды эконмикалық қарқынды дамысымен әлем елдері назарын аударып, үшінші мың жылдықта Еуразияға табан тіреді. Бұл – Алланың сыйы. Еуразия халқына тапсырған аманаты. Ал, мұндай аманатты арқалау үшін – жалпы қоғамға қажетті тың идеялардың орайын келтіріп ұқсата өркендететін, ұлы мақсаттарды жүзеге асыратын табиғи талантты, дара тұлға Қазақ елінен табылды. Әлемде Мәңгілік Ел болу идеясын тасқа қашап жазып кеткен патшасы бар Түркі әлемі, Қазақ елі екендігіне қазір ешкім дау айта алмасы анық. Демек қазақ елінің әу бастағы ұлттық идеологиясы «Мәңгілік Ел» идеологиясы қайта жаңғырды. «Ұлы дала» ежелгі миссиясы «Ұлы жібек жолы» – «Ұлы трансұлттық жолы» болып шығыспен батыстың арасын қосқан заманауи жаңа миссиясын құрды. Елімізде экономиканың заманауи күре тамырлары болатын алып индустриялды, инновациялық жобалары іске қосылды. Ел шекарасы халықаралық заңмен заңдастырылып, алаш рухын ата жұртта қосып, бабалар аманатын орындады. XXI ғасырдағы өркениеттер тоғысы орын тепкен әлем өркениетінің орталығы Еуразия континентінің Астанасын қазақ елінің сары арқасында салып Абылайханның аманатын жүзеге асырды. Бар-жоғы ширек ғасырда орын алған бұл жаңалық, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аса зор қажыр-қайрат, тынымсыз еңбегімен мүмкін болғанын әлем мойындаған ақиқат. Бұл Елбасының әлемдік деңгейдегі саяси миссиясының мойындалуы. Әлем мойындаған жетістік – ол, нағыз ұлы істердің жемісі, ұлы мақсаттардың орындалуы. Ол ғасырлар бойы жалғасқан адамгершілік асыл қасиеттерге негізделген ұлы дала дипломатиясының шынайылығын дәлелдеп берді, әлемге мойындатты. Алайда, мәселенің анығы: ғасыр көші сыйлаған «Ұлы Дала Елі» өз мисииясын жүзеге асыратын дәуір енді келді. Бұл жаңа Президент сайлауы мен бастау алатын Тәуелсіз қазақ елінің ұлттық мемлекеттік тарихнамасы болуы тиіс. Ғасыр көші ат басын бұрған еуразия даласын отарлау, үстемдік ету, иелену мақсатындағы арандатушылар мен одан бетер өз тәуелсіздігін өзі мойындай алмайтын кіріптар, рухсыз қауымдардан ел жерін сақтап қалуға жауапты, ұлы даланың байырғы ұлты, Еуразияның иесі біз, иә біз қазақтар ғана! Яғни, қазақ елінің ұлттық құндылықтары, тарихи мәдениеті, ұлттық экономикасы бүтін елдің, Орта Азияның ұйытқысы болуы керек. Ол үшін қазақ халқының тілін қайтарып өз еліндегі өз құқын қамтамсыз ету, сондай-ақ, байырғы халықтың өз жерінде қожайын болып, еліне жеріне еңбек ету құқын сөзбен емес іспен орындау, яғни, еңбек нарқы қазіргідей шенеуніктерге тәуелді болудан біржола азат етілуі тиіс. Әр отбасына баспана салуы үшін 10 сотық жер телімі берілуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, Тәуелсіздік құндылығы – ҰЛТ МҰРАТЫ айқындалуы тиіс. Сондай-ақ, ауылдағы жер шенеуніктерден алынып, ауыл халқы, ауыл әкіміне берілуі тиіс. Аудан, ауыл әкімі қазіргідей білімсіз, биліксіз емес, ол керек десе өз ауылында құзіретті қожайын болуы, және мемлекет пен халық алдында сол жер, халқы үшін жанымен жауап беретін тұлға болып заңмен бекітілуі тиіс. Ауыл деген тұтыну тауарлары шағын өндірістерінің, шикізат өнімдері мен оны қайта өңдеу, дайындау, ірі мегафолистегі зауыттарға жөнелтудің бір сөзбен айтқанда, қазіргідей мүлгіген ұйқының емес қайнаған еңбектің сахнасын сомдауы керек. Ең бастысы Қытайдағыдай ел көлеміндегі шағын өндірушілер тауарын экспортауды логистикалық орталықтар реттейтін миханизм болуы керек. Міне, сонда ғана халық өктем елдің өгей баласындай шарасыз жағдайдан, жұмыс жоқтықтан сөз қуған, көш артындағы сорлы халық қамытынан құтылмақ! Яғни, тұңғыш президент Ұлы дала елі астанасын салу Абылай ханның аманатын қалай орындаса, ендігі кезекте Ұлы Абайдың туған халқын еңбекке, кәсіпке баулу, көш артында емес, көшбасшы ету аманатын орындау ұлы мұраты тұр. Ұғынықты болу үшін айтатын болсақ: Кез-келген артта қалған елдерде бір ортақ ақиқат бар. Ол халқын мемлекетке тәуелді ету, яғни, мемлекетке масыл болдыру. Мұндай елдің әлеуметтік проблемалары еш уақытта да шешілмейтіндіктен, ол елдің экономикасы баянсыз болатынын халық көріп, біліп отыр. Қазір әлемде ғасырлар бойы мемлекет ретінде жер шарында өз картасы бола тұра экономикасы артта қалған, өте-мөте кедей, шарасыз күйде отырған 70-тен аса ел бар екен. Қытайдағы миллиардтан асатын халықты мемлекет асыраса, қытай елі құрып кетер еді. Шынтуайтында, Қытай халқы өз-өзін асырап қана қоймай мемлекеттің экономикасын толтыруға үлес қосады. Ал мемлекет оларға саясатпенен айналысу, сөз қуып бос жатуға емес, тек кәсіппен айналысуға іс жүзінде шынайы мүмкіндік жасайды. Бар болғаны осы. Жапондар, Корея, Швеция сияқты т.б. Еуропа елдерін алып қарасақ та, жерінде байлығы жоқ, алайда халқы кәсіби сауатты, еңбекқор. Ал мемлекеттері оларға ғылым, білім мен кәсіби біліктілік, кәсіпкерлікпен айланысуына шынайы мүмкіндіктер жасаған. Ал қазақ рухани өресімен де, кәсіпкерлік мүмкіндігімен де нарық бәсекелестігіне қарсы тұра алмайды деп жүргендер: біріншіден, арандатушылар мен одан бетер қауіпті шолақ белсенділер; екіншіден, өз отанының патриоты болатын рух пен сана тәуелсіздігін бере алмаған қоғамнан шыққан жақсыны жаттан іздейтін, өзіне күдікпен қарайтын секемшіл, басқаға шұлғи беретін кіріптар адамдар; үшіншіден, әдеп мәдениеті, ар ілімі мен адамгершілік асыл қасиеттерді жадына сіңіре алмаған рухани кедей ата-анадан тәлім алған ұлттық ғұрыптан алшақ адамдар; төртіншіден, ұлттық рухы әлсіз, санасы тәуелді болғандықтан, өз санасындағы аға ұлттың ығында жүруді қалайтындар; бесіншіден, қазақ еліндегі аға ұлт – қазақ халқы екенін мойындағысы келмейтіндер... Шынтуайтында, көшпенділер өркениетіндегі кәсіпкерлік, шаруашылық үрдістерінің отырықшы мәдениеті әлем өркениетінің классигі болғаны бүгінде әлем мойындаған тарихи ақиқат! Жеке адамға екі-ақ қажеттілік, ол ана тілі мен бас бостандығы. Осы екеуі тәуелсіз адам кез-келген мүмкіндікке қол жеткізе алады. Халықтың да ең басты құндылығы ана тілі мен сана тәуелсіздігі, рух тәуелсіздігі, бас бостандығын қамтамасыз етіп бере алатын ел тәуелсіздігі. Осы Тәуелсіздіктің шынайы мұратына жеткен халық ұлы мақсаттарды бағындыра алады. Біздегі қоғамның осал тұсы осы болып отырғаны жасырын емес. Сондықтан, сана тәуелсіздігі, рух тәуелсіздігіне қол жеткізе алмаған ұлттың, тәуелсіздіктің ұлы мұратын сезіне алмауы: мүлгіген тыныштықтың күшті дауылын тудыратын ақиқат екені бүгінгі қоғамның басты қағидасына айналып кетуі мүмкін болып отырғаны осы! Сондай-ақ, қоғамдық өмірде кеңес дәуірінен мұраға қалғандай, ел дамуына кедегі жасайтын кері тартпа идеологиялар сақталып келеді. Жаңа ғасырдағы әлемдік ақуал азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей байланысты екені даусыз. Ал бұл үдеріс Еуразияның ұланғайыр шұрайлы даласында жатқан қазақ елі үшін мүмкіндік. Иә өзін асырап қана қоймай әлем халықтарының азық-түлік қауіпсіздігіне оң ықпал жасау арқылы экономикасын толтыруға, халықтың бақуатты өмір сүруіне қыруар мүмкіндік өзі-ақ келіп тұр. Бұл дала халқының байырғы кәсібі, ата кәсібі. Бұған технологияны шеттен іздеп қыруар ақша шашып, шынтуайтында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту тетіктері кедергілерден көз ашпай отырғаны, елге пайда әкелу емес монополиялық шексіз шиеленістер, әлеуметтік құлдыраулар, елдік тұрақсыздықтар қаупін молайтып отырғаны жасырын емес. Ал әлемдік экономикада шикізат тасымалдаушы мемлекеттердің құлдырау, тұтыну тауарлары мен инновациялық, ақпараттық технологиялардың қарыштап даму кезеңі қарқын алып бара жатқанына ешкімнің-ақ дауы жоқ. Біздегі қоғамдық өмірдегі кәсіпкерлікке, ұлттық мүддеге байланысты ақиқат қандай? Бұл халықтың бәрі біліп отырған, олардың ашу-ызасын тудырып отырған, астарлы ақиқат. Ауыл халқы үшін бірінші тіршілік көзі мал. Алайда, ауылдық жердегі жайылымдық жердің көбі белгісіз шенеуніктердің жеке меншігінде болғандықтан, олар ата кәсібін дамытуды қойып, қолдағы 4-5 малын шығаратын жайылым жер таппай отыр. Ол ол ма олардың күн көрісін жасап отырған 4-5 малын ауру шықты деп, аз-маз ақша төлеп, алып кететіндер, анда-сонда керегін алып тұратын ұрыларға ешкімнің шамасы келмейді. Ана тілі отбасылық қана қауқарлы, көшеге шықса мүгедек, ал құзырлы органдар есігін ашса мазақ. Сонда байырғы халықтың таза қанды мал тұқымын құрту, халықтың санасын тәуелді ету арқылы рухын әлсіретуі, лажсыз күйге қалдыру кімге керек болып отыр?.. Мүлгіген тыныштықтың артында алапауыт дауылы болатынын, кез-келген санасыз ұйымдастырылған, көтерлістің артында арандатушылық пиғылдар болатыны және оның ел тұрақтылығы, мемлекет құзыреттілігіне төнетін қаупі, оның салдары тәуелсіздіктен айырылуға алып келетіні адамзат тарихында сан мәрте дәлелденген ақиқат. Ал біздегі ақиқат, ол арандатушылар мен одан бетер қауіпті шолақ белсенділер... Шолақ белсенділер деген ұғымды әркім әрқалай бағамдайды. Шынтуайтында, шолақ белсенділер біріншіден, сана тәуелсіздігін қажетсінбейтін құлдық сана және мәдениетсіз орныққан білім; екіншіден, тұлғалық болмыс, біліммен орныққан ұстанымы жоқ тобырлық топтар мен сатқындар... Қазіргі шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсетуге бағытталған құзырлы органдар мен бөлінген қыруар ақша іс жүзінде, ежелден келе жатқан кәсіпорындар мен монополяларға қызмет жасайтыны да жасырын емес. Ал қанша маңызды болса да өз кәсібін бастауға қарапайым халыққа өндірістік орын, ақша қаражат, жер телімдерін алу ілуде біреу ғана. Үкімет, Парламент Қоғамдық ұйымдармен бірлескен ашық пікір осы мәселелерді талқыға салып, қалыптасқан жүйені оңтайластыру қажет болып отыр. Мемлекет ауыл және ел, өнеркәсіп және ұлттық өнім, ұлы дала брендттері бағдарламасын жасайтын кез келді! Ол үшін коорпороциялауды тұрғындары шамадан тыс аз қалған ауылдарды біріктіру, оларды көшіріп, қоныстандыруға қаражат бөлу, мемлекеттік жаңа тұрпаттағы даму картасын жасау арқылы, ел көлеміндегі мегаполистер, іргелес елді мекендер мен арнайы экономикалық аймақтық ауыл жүйесін қалыптастырудан басталу керек. Сосын ауылдың жерін ауылға қайтару, кәсіпкерлікпен айналысуға қағаз жүзінде емес іс жүзінде мүмкіндік жасау арқылы халықтың мемлекетке тәуелді болудан, мемлекетке масыл болудан азат ету. Ең бастысы, үшінші мың жылдықтың бізге беріп отырған мүмкіндігін аса тиімді пайдалану арқылы халық бақуатты өмір сүру, ел экономикасы шикізат тасымалдаушы емес тұтыну тауар өндіруші жаппай кәсіптік жүйеге негізделу керек болып отыр. Үкімет, Парламент, Қоғамдық ұйымдармен бірлескен ашық пікір алаңында біраз қоғамдық ұйымдардың айтары бар. Жоғары өркениеттің технология, инновациясын игере отырып, мәдени-рухани саладағы бәсекелестікке көшбасшылық ететін «Ұлы дала» мәңгілік құндылықтарын жаңғырту, осынау ұлы дәстүрдің қадір-қасиетін танып-түсіну және сол ұлы дәстүрдің заңдылықтары бойынша ғұмыр кешу, бүгінгі қоғамдағы барлық адамзатқа қажеттілік болуда. Сансызбай Өнерхан, «kult.fora» Рухани-адамгершілік және мәдени құндылықтар» ҚҚ төрағасы qazaquni.kz