Сталиндік қуғын-сүргінді кешіру мүмкін емес – Мемлекет басшысы
2019 ж. 22 шілде
4772
0
Сталиндік қуғын-сүргінді кешіру мүмкін емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «31арнада» көрсетілген «Президент 2.0» деректі фильмінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Деректі фильм барысында Қазақстан Президенті әкесі Кемел жайында сөз қозғайды.
«Ол өмірінің соңына дейін, соғыста жеңгені үшін Сталинге риза болып өтті. Бұл жерде үлкен қарама-қайшылық туындап тұр. Бір жағынан алып қарағанда, ол Сталиннің кесірінен жетім қалды. Ал екінші жағынан алып қарасақ, ол Сталинді Кеңес одағы Қарулы күштерінің Ұлы қолбасшысы деп санады», - деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда, Қасым-Жомарт Тоқаев журналистің «Сіз үшін Сталин кім?» деген сауалына жауап берді.
«Мен үшін Сталин, әрине ірі тарихи тұлға. Бірақ, кез келген ірі тарихи тұлға сияқты Сталиннің де қарама-қайшы жақтары болды. Жаппай қуғын-сүргін, соның ішінде Қазақстан жеріндегі қуғын-сүргінді кешіру мүмкін емес. Сталиннің сойылын соққан шолақ белсенділердің қолынан көптеген қазақтың зиялы қауым өкілі түрмеде жазықсыздан жазықсыз қаза тапты. Екінші жағынан әкеммен де келісемін. Ел басына күн туған кезде Кеңес одағын басқарып, елді жеңіске жеткізді», - деді Қазақстан Президенті.