Заң судья А.Орақбаева үшін жазылмаған ба?..
2019 ж. 20 шілде
2507
0
Сіздер судьяның қалай үкім шығаратынын білесіздер ме? Дұрыс, судья «үкім шығару үшін сот кеңесу бөлмесіне кетеді» деп хабарлайды.Судья кеңесу бөлмесінен шыққаннан кейін бірден үкімді оқиды. Заңда солай көрсетілген. (Ал, Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының судьясы А.Е.Орақбаева болса кеңесу бөлмесіне кеткен соң үкімді оқитын уақытты қосымша хабарлайтын өзгеріс енгізіп жатыр екен). Бұл тек ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 395-бабында ғана емес, мысалы, Жоғарғы Сотттың 2018 жылғы 20 сәуірдегі №4 «Сот үкімі туралы» нормативтік қаулысында да солай жазылған: «Үкімнің толық мәтіні кеңесі бөлмесінде даярланады, судьяның қолы қойылады және бұдан соң іс қаралып болған сот отырыста оқылады».
Неге бұлай етілген, неге судья сол кеңесу бөлмесінен шықпай жазуы тиіс? Себебі, судьяның ҚР Конституциясы мен ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің «Судьяның тәуелсіздігі» деп аталған 22-бабында көрсетілген тәуелсіздігі қамтамасыз етілуі тиіс. 22-2-бабында «Соттың әділсоттылықты жүзеге асыруына қол сұғуға болмайды және ол заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Нақты іс бойынша судья ешкімге есеп бермейді» деп жазылған. Судьяға бастығы, досы, күйеуі немесе әйелі, кім болғанда «олай жаз, бұлай жаз» деп айта алмауы үшін. Судья үкім шығарғанда заң нормалары мен өзінің ар-ожданына сүйініп қана үкім шығаруға міндетті. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 388-бабына сәйкес «үкім істі қараған судьяға ешкім де ешқандай ықпал етуіне жол бермейтін жағдайда жазылады, қаулыны жазып отырған ешкімнің, тіпті запастағы судьяның да қатысып отыруына жол жоқ». Судьяның қаулыны жазу үстінде үзіліс жасауға, кеңесі бөлмесінен шығуға хақысы бар. Бірақ, ешкімге жолыға алмайды. Ал, судья аттай жеті күнге үзіліс алады. Кімге жолықпақшы екен? Бастықтарына ма? Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ме?..
Ал, енді бұл қандай сот дегенге келейік.Шымкент қаласындағы «Мұнай-химия өнеркәсібі жұмыскерлерінің «Абыройлы еңбек» локалдық кәсіподақкомитетінің» төрағасы Ерлан Балтабай кәсіподақ мүшелерінің жарнасын талан-таражға ұшыратты деген айыппен сотталуда. Бірақ, кәсіподақ қоғамдық ұйымға жататындықтан Конституцияның 5-бабына сәйкес мемлекет оның ісіне араласуға хақысы жоқ. Екіншіден,тағы да заңға сәйкес жарна төленген сәттен бастап жеке адамның ақшасы болып саналмайды, қоғамдық ұйымның қаржысы енді ол. Оған тек қоғамдық ұйымғана қожалық ете алады. Оның өзінің тексеру (ревизиялық) комиссиясы, мәселені солар қарайды. Яғни, бұл жерде мемлекеттің бас ауыруының ешқандай жөні жоқ.
Сонымен, судья А.К.Орақбаева 2019 жылдың 25 маусымы күнгі сот отырысында, Е.Балтабай соңғы сөзін сөйлеп болғаннан кейін, «сот үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті» дейді-дағы, одан шығып, «біз сіздерге үкімнің қашан оқылатынын қосымша хабарлаймыз» дейді. Заңды табанына салып таптап тұрып. 2 шілде күні Е.Балтабайдың ұялы телефонына хабарлама жіберіп, «сот отырысы түстен кейін саған 16да сот отырысы өтеді» дейді. Ол күні отырыста «сот отырысы енді 15 шілдеде өтеді» деп жариялайды. 15 шілде күнгі отырыста «соңғы сот отырысы 17 шілде күні өтеді, Е.Балтабай соңғы сөзге (екінші рет) дайындалыңыз» дейді.
Міне, осындай қызық болып жатыр. Сот сот емес, спектаклге айналып кетті. Біз сіздерге елімізде бұрын-соңды болып көрмеген, түрік сериалдарындай «үкімді естірту» деп аталатын көп сериялы ерекше сот отырысының немен біткенін – егер 17-іне бітер болса – міндетті түрде хабардар ететін боламыз.
Жаңабек Әбішев,
заңгер.
Өмірзақ Ақжігіт,
журналист.
qazaquni.kz