Асхат МАЕМИРОВ: ӨНЕР ОҚУ ОРНЫНДАҒЫ ТРАНСПАРЕНТТІЛІК – ЗАМАН ТАЛАБЫ
2019 ж. 17 шілде
3888
0
- Асхат Максимұлы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында биылғы оқуға қабылдау жүйесіндегі айқын жаңалық - Академия ғимараты алдындағы алаңға арнаулы LED экран қойылып, биылғы 8-13 шілде аралығында өткен шығармашылық емтихан тапсырған талапкерлердің өнерін олардың ата-аналарының, жақындарының және жалпы ықылас білдірген көпшіліктің көріп тұруына жағдай жасалуы болды. Бұл идея әу баста неден туындады?
- Қашанда ұлттық мәдениетті әлемдік кеңістікте тұлға дәріптейді. Ал ондай тұлғаларды тәрбиелеп шығару өнер адамының өріктей ұл, алмадай қыз шағынан басталуы тиіс. Дегенмен бұл жерде мына нәрсе ескерілуі керек: әдетте өнер оқу орнына түсу үшін жүректері тек өнер деп соққан талапты жастар келеді. Біздің Академия да осы санатта. Бірақ талантты тап басып тану оңай емес. Әрине, бір адамда қабілет болуы мүмкін. Бірақ қабілеттінің барлығын талантты деп айтуға болмайды. Қазақтың «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген сөзі осы жерге дәл. Яғни талант жүздеген-мыңдаған қабілетті адамның ішінен ілуде біреу ғана кездеседі дегенді білдіреді бұл сөз. Осы орайда қабылдау комиссиясының құрамына өз ісінің шеберлерін тарттық. Екіншіден, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы саясатымен үндестіре отырып елде ашық қоғам құру жөніндегі ұстанымын, яғни транспаренттілікті негізге алдық. Қоғамда кез келген салада ашықтық, тазалық болғанда ғана іс алға басады.
Ата-аналардың көңілінде күдік қалмасын деген оймен ғимарат алдына LED экран қойып, жиылған жұртқа шығармашылық емтиханды көрсету жөніндегі ой осы екі мәселеден туындады. Жалпы шығармашылық сынақты ашық жағдайда көрсету бұрын-соңды шығармашылық оқу орындарында болмаған. Себебі, өнердің өз өлшемі, шарттары болады. Дегенмен біздің бұл батыл идеямызға оқытушылық-профессорлық құрам түсіністікпен қарады. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың тарапынан да қолдауға ие болды. Шығармашылық емтиханды экраннан ғана емес, фейсбук, инстаграм желілері арқылы тікелей эфир түрінде көрсетіп отыру жөніндегі ойды айтқан да Ақтоты Рахматоллақызы. Нәтиже — күткендегідей. Талапкерлердің ата-аналары, жанашырлары тарапынан әдетте орын алып жататын өкпе-соқпаға жағдай жеткен жоқ. Әсіресе, абитуриент жастардың көңілдері толды. Біздің Академияға негізінен алыс ауылдардан келеді ғой. Солар өздері экраннан ғана көретін атақты өнер қайраткерлерінің өздеріне өбекпен қарап, жанашырлықпен қамқорлағандарын көріп, тіпті толқып, көздеріне жас іркілгендері де кездесті. Дәстүр жалғаса беретін болады. Келесі жылы дипломдық спектакльдерімізді де осы жолға салсақ деген ойымыз бар. Яғни Еуропадағы, жалпы әлемдік тәжірибедегі театр академияларының дипломдық спектакльдерді әлеуметтік желілер арқылы көрсетіп отыру әдісін акелешекте өзімізде қолданып көрсек дейміз.
- Биыл Академияда алғаш рет ашық негізде өткізілген шығармашылық сынақты тікелей көрсетілім арқылы көпшілік сарабына салу, олардың тарапынан әрқилы пікір туғызуға алып келеді деп ойламайсыз ба?
- Сұрағыңызды түсіндім. Сіздің айтқыңыз келіп отырғаны бір талапкердің өнерін қарап отырған көпшіліктің әртүрлі бағалауы ғой. Негізінде біз осындай жағдайдың болатынын білгенбіз. Жоғарыда өнердің өз өлшемі, ұстанымы болады деген едім. Яғни, жалпы әлемдік тәжірибеде өнер «дара тауар» деген ұғым қалыптасқан, соған сәйкес өнер кәсіби мамандар тарапынан ғана бағасын алуы тиіс. Алайда біздің қоғамда қазіргі кезде қалыптасып отырған жағдай бұрынғы «бармақ басты, көз қысты» психологиясынан үзілді-кесілді алшақтауымызды қажет етеді. Оған алып баратын жолдың басы - шығармашылық сынақтарына мамандармен қатар көпшілікті қатыстыру арқылы жүз пайыз ашықтықты қамтамасыз ету. Бұл бір жағынан үлгі. Өнер саласында да ашықтық бар екендігінің, азаматтық-мәдени ұстанымдардың бар екендігінің бірден бір көрінісі. Біз осы жағынан келгенде үлкен бір міндеттің үдесінен шықтық деп ойлаймыз.
- Оның үстіне орын да шектеулі ғой. Мәселен, былтыр Академия бойынша 305 гранттық орынға 738 адам құжат тапсырса, биыл 303 орынға 810 талапкер өтініш берген. Оның 13-і және 19-ы сәйкесінше жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүгедек, ел азаматы емес қазақ балалары, басқа да жеңілдікке ие талапкерлерге арналған квота...
- … яғни бір орынға алты-жеті адамнан келеді. Соның ішінде «Алтын белгімен» марапатталғандар саны былтыр 8 адам болса, биыл ол 18 талапкерді құрап отыр. Сондай-ақ, абитуренттер арасында Н. Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері, аймақтық арулар және жігіт сұлтандары конкурстарының жүлдегерлері аз емес. Мұның өзі қоғамдағы мәдениет пен өнерге деген ықыластың күрт артуының және ұлттық мәдениетіміздің әлемдік аренада таныла бастауының бір көрінісі, экономика тілімен айтқанда мультипликациялық эффект. Соған сәйкес, біздің Академиядағы мамандықтар да үлкен сұранысқа ие болып отыр. Шындығы сол, бізге келушілер тұтас алғанда өздеріне әнші Димаш Құдайбергенді, актерлер Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыровтарды, соңғы шыққан жастардан Асылхан Төлепов, Аян Өтепбергендерді үлгі тұтады. Біздің хореография факультетіне түсушілер бүгінде әлемдік деңгейде би билеп жүрген Бахтияр Адамжанға, Академия түлегі, Венгрияның ұлттық балет театрының жетекші солисі Әлия Тынықбаеваға еліктейді. Осының барлығы жастардың бойына өнер арқылы қоғамның, мемлекеттің дамуына үлес қосуға болады деген сенім ұялағандығын және бұл мамандықтармен өз несібесін тауып, отбасын асырап, азамат боп қалыптаса алатындықтарына көздері жете бастағандығын аңғартады.
- Білуімше, Академияда ақылы түсем деушілерге де есік ашық, бірақ соның өзінде де олар арнаулы комиссиядан сынақтан өтіп барып қана қабылданады екен. Яғни, өнер ордасының есігін көлденең адамның ашуына жол жоқ деген сөз.
- Жаңа оқу жылының және бір ерекшелігі – Академиядағы мамандықтардың білім бағдарламасы аясына топталуы. Мұның өзі білім беру жүйесінде бірыңғай Болондық үрдіске көшуімізге байланысты орын алып отыр. Мұның мәні - оқу орнындағы мамандықтар өзара топтасып, бұрынғы мамандықтар өнер білім бағдарламасының аясына кіреді де, одан әрі мамандандырулар таралады. Осы жүйеге сәйкес Академияда биыл ашылған Ұлттық өнер факультетіне айтыс, физикалық театр артисі, кино және теледидар суретшісі, балеттану, қайта өңдеу және бұрын ешбір жерде болмаған қылқобызбен ән салу, жетігенмен ән салу, сахна қозғалысының педагогы және т.б. жаңа мамандықтар қосылды. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын шығармашылық жоғары оқу орындары арасында ең бірінші болып Академия жүзеге асырып жатыр. Бағдарлама шеңберінде «Ақпараттық-технологиялық кафедра» құрылды. Мультимедиялық сценография мамандығын оқыту қолға алынды. Жоғарыда аталған білім бағдарламасы негізінде медиажурналистика мамандандырулары да бағдарлама аясында ашылды. Сондай-ақ біздің оқу орны жұмысының үлкен бір саласы – этностық театрларға мамандар даярлау болып отыр. Академия жалпы театр мамандарын дайындау бойынша Қазақстандағы бірегей оқу ордасы болып табылады. Биыл корей, орыс курстарына түсушілерді қабылдап жатырмыз. Келесі жылы ұйғыр тобы мен неміс тобы қосылатын болады.
- Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Әңгімелескен: Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ,
qazaquni.kz
Данияр Тілеу, талапкер:
- Мен Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы Ю. Гагарин атындағы орта мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының Музыкалық театр артисі мамандығы бойынша белгілі актер Берік Айтжановтың шығармашылық шеберханасына түсуге құжат тапсырдым. Бізді он күн бойы Академия ұстаздары тынымсыз дайындады. Нәтиже ойдағыдай. Шығармашылық сынақтың барынша ашық өтуі талапкерлердің бойында ешқандай бөліп-жару болмағандығына сенімділік туғызды. Осындай игі қадамға барған Академия ұжымына, соның ішінде ректор Асхат Максимұлы Маемировке алғысымыз шексіз.
Ләззат Күнболатова, талапкердің анасы:
- Менің қызым алты жасынан өнерге бейімділігін байқатқан еді. Бірыңғай ұлттық тестілеу нәтижесінде жоғары нәтиже көрсетті. Бала күнгі арманын орындамаққа Жүргенов атындағы өнер академиясына құжат тапсырды. Бірнеше күн бойы осындағы ұстаздар балама репертуар таңдауға көмектесті, сахнада өзін ұстаудың, қимыл-қозғалыс жасаудың және ән салудың қыр-сырына ерінбей-жалықпай үйретумен болды. 9 шілде күні ғимарат алдына қойылған мониторлардан қызымның аудиторияда шығармашылық сынақтан өту сәттерін бастан-аяқ көрдім және Академияның әлеуметтік желісі арқылы онлайн транцляциядан бақылап отырдық. Мұндай жағдай ата-ана көңілінде титтей де күдік қалдырмайды екен. Өте жақсы бастама, оң болсын!
Нәби Дүйсенғалиев, талапкер:
- Осыған дейін екі жыл бойы еліміздегі белгілі оқу орнына актерлік мамандыққа оқуға түсе алмаған едім. Биыл да соңғы үмітпен Жүргенов академиясының табалдырығын жүрексіне аттадым. Атап айтқанда, осы оқу орнындағы танымал актер Берік Айтжановтың шығармашылық шеберханасына түспекке бағымды сынап көрдім. Жинаған баллым ойдағыдай. Маған бұл жердегі шығармашылық сынақтың ашық жағдайда өтуі кәдімгідей әсер берді.
Нұрбол Мыңжасаров, талапкер:
- Ағымдағы жылы Алматы қаласындағы колледжі бітіргеннен кейін Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының драма театры және кино артисі факультетіне Азамат Сатыбалды шеберханасына құжат тапсырдым. 8 шілде күні өткен шығармашылық емтихан өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Абитуренттерді бөліп-жару болған жоқ, барлығы әділ өтті. Емтиханнан алған баллыма ризамын. Сол үшін Академия ұжымына мың да бір алғыс.