Қытайда көз жұмған қыздың әпкесі оқиғаның қалай болғанын айтты
2019 ж. 17 шілде
6065
0
Қытайда жұмбақ жағдайда қаза тапқан студент қыздың туыстары әділеттілікке қол жеткізе алмай жүр.
Олардың айтуынша, Сандира Серікханды біреулер әдейі 17-қабаттан құлатып жіберген көрінеді. Чанчжоудағы ең мықты университеттің біріне грантқа түскен қандасымыздың өмірінің соңғы сәттері таспаға түсіп қалыпты. Бірақ іс суицид деп жабылып тынды, деп хабарлады КТК.
Сандира Серікхан Нұр-Сұлтандағы ең мақтаулы гимназияның түлегі. Небәрі 16 жасында қытай тілін меңгерген қыз бірден грантқа оқуға түскен. Алайда, Қытайға арман арқалап кеткен қаракөзіміздің елге табыты келді. Сондағы полицияның ресми мәліметі бойынша, сабағын 5-ке оқып жүрген қыз өз еркімен 17-ші қабаттан секіріп кеткен.
"Сандира суицид жасады дегенге сенбейміз. Ол жазғы демалысқа үйге жиналып жатқан. Сол күннің алдында ғана видеомен сөйлестік. Бауырларына сатып алған сыйлықтарын көрсетіп, анасымен мәз-мейрам болған. Қызымызды әдейі өлтіріп отыр", - дейді марқұм қыздың нағашы әпкесі Әлнұр Ағаева.
Қыздың инстаграмынан белгілі болғанындай, сол күні Сандираны Баян деген басқа бір студент клубқа барайық деп қоймай, ақыры көндіріпті. Онда Мадияр және Данияр деген достарымен таныстырған. Кеш соңында Данияр пәтерден бір зат алу керек деген сылтаумен бірге баруын өтініп қоймаған екен. Қыз келіскенімен, табалдырықтан әрі аттағысы келмей тұрғаны подьездегі таспаға түсіп қалған. Видеода жігіт қызды жетектеп кіргізген дейді Әлнұр Ағаева. Біраздан соң Сандира пәтерден жылап шығады. Әрі қарайғы жағдай таспадан тыс жерде жалғасқан.
Жігіттің айтуынша, қыздың 17-ші қабаттан қалай құлап кеткені есінде жоқ. Не үшін жылап жүргенін де түсіндіріп бере алмапты.
"Данияр Иманқұлов деген жігіт Шымкенттен. Қыз неге жылады деген сұраққа жауап бере алмады. Айтуынша, өзі де шокта болған", - деп толықтырды Сандираның нағашы әпкесі.
Білмеймін деп басын ала қашқан жігіт сол күйі қарасын батырыпты. Үшеуі де оқу орнына іздеп барған қыздың әкесімен жолығудан бас тартып, телефондарын сөндіріп тастаған. Туыстары зорлық-зомбылық жасалды ма деп күдіктенеді. Одан қалды, қыздың бір аяқ киімі терезенің тұсында қалып қойған. Жақтаудан саусақ іздері табылмаған. Сол себепті де оны біреудің лақтырып жібергеніне сенімді. Бірақ мұны дәлелдеу мүмкін болмай тұр. Себебі, заңы қатал Қытай мәйітті 30 күн тексереді екен. Мұншама уақыт күте алмаған отбасы қыздың денесін сараптамасыз елге әкелуге мәжбүр болған. Ал іс "суицид" деп жабылып тынған. Еліміздің дипломаттары істі қайта қарауды сұрапты. Бірақ қорытындысы өзгермеген.
"Қытай тарапы бұл істі қайта қарап шықты. Оның нәтижесі бойынша жазатайым оқиға болып шықты", - деп түсіндірді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.
Небәрі 19 жастағы Сандира Серікхан үйінің үлкені екен. Отбасында 4 бала. Кішкентай бауырлары әпкесі келеді деп күнде күтіп жүр.