Тоқаев LRT жайлы: Әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейін 146 мың емес, 2 000 адам ғана жүреді
2019 ж. 16 шілде
2973
0
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың LRT құрылысы дұрыс жоспарланбағанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Халық үшін ыңғайлы әрі үнемді көлік жүйесін салудың орнына аса қымбат жоба ұсынылды. Ол – LRT. Білуімше, сәулетшілер мен мамандардың пікірі ескерілген жоқ. Әкімдіктің мәліметіне сәйкес, жеңіл рельсті көлік жүйесімен бір тәулікте жүретін жолаушылардың саны 146 000 адам болады. Бұл – болжам. Алайда қазір дәл осы маршрутпен, яғни әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейін тек 2 000 адам ғана жүреді. Мен сіздердің жолаушылар санын 70 есеге қалайша арттыратындарыңызды түсінбей отырмын", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Президенттің айтуынша, жоба тиімсіз болса, оған субсидия бөлуге тура келеді. Ондайда бюджет қаржысы жұмсалады.
"Енді осы уақытқа дейін кеткен шығын мен халықаралық міндеттерді ескере отырып, ол жобаны тоқатуға болмайды. Алайда салдарын түсіну керек. Үкімет пен елорда әкімдігіне аталған мәселеге нүкте қоюды тапсырамын. Нақты ұсыныстар берілсін. Ал жобаны ұсынған жауапты тұлғалар бақылаушы органдардың сұрақтарына жауап беруі керек. Сосын парламент депутаттары да өз пікірін айтуы қажет. Жобаны қалай іске асырды?", - дейді Тоқаев.
LRT - Нұр-Сұлтанда салынып жатқан жеңіл рельсті көлік жүйесі. Ол Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мен "Нұрлы жол" темір жол вокзалын байланыстыруы тиіс.