Білім саласын жаңа реформалар күтіп тұр
2019 ж. 13 шілде
4475
1
Нұр-Сұлтан қаласында өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесіндегі бастауыш, орта немесе жоғары оқу орындарындағы кемшіліктермен жете таныс екендігін атап көрсетті. Сала барысында жеткен жетістіктердің де жетерлік екендігін тілге тиек еткен мемлекет басшысы алдағы уақытта білім саласында жаңа реформалардың жүзеге асатындығын айтты.
«Бізге ең алдымен білім сапасы мен стандарттарын жақсарту қажет. Болашақ уақыттың сын-тегеуріндеріне дайын болуымыз керек. Толықтай алғанда, біз білім мен ғылымға кететін шығындарды жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін жеткізу туралы шешім қабылдадық», – деді Мемлекет басшысы.
Білім беру жүйесі үнемі бір орында тұрмай, қарыштап дамуды, жаңашылдықты талап ететіні белгілі. Сондықтан, заман талабынан қалыс қалмай, жаңашылдықты жатсынбай, үнемі алға жылжып отыруға тиіспіз. Бұл бағытта еліміздің білім саласында жүйелі жұмыс жүргізіліп те келеді. Оны көзі қарақты әрбір адам аңғарып жүргені де анық.
Ел болашағының жарқын болуын көздеген ҚР Президенті қазіргі кезеңдегі негізгі міндет – кадр дайындауды сапалы жаңа деңгейге көтеру жүйесіне көшу екенін атап өтті. Бұл жүйе кадрларды дайындау сапасы мен еңбек нарығындағы сұраныс арасындағы айырманы қысқартпақ. Бұл тұрғыда ең бірінші кезекте колледждердің материалдық-техникалық базасының әлсіздігі, түлектердің еңбек нарығы талаптарына сәйкессіздігі және білікті оқытушылардың тапшылығы секілді өзекті мәселелер шешімін табуға тиісті.
Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, жұмыс берушілердің 70 пайызы колледж түлектерінің дағдыларына қанағаттанбайтын көрінеді. Бұл өз кезегінде оқу орындарындағы білім сапасының төмендігін көрсетсе керек.
Дей тұрғанмен, реформалардың жеміс беруінің арқасында дұрыс нәтиже де жоқ емес. Бүгінгі заман жаңа императивті талап ететіндіктен, білім саласындағы жүйелі жұмыстар жалғасын тауып, күн санап жаңғыра түсуі керек. Ендігі жерде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов саланың дамуы жаңа белестен көрінуі жолында тындырымды тірліктер атқаратынына сенім зор. Сондықтан, мемлекет басшысы атап өткен жаңа реформаларда өз жемісін беретін күн де алыс емес.
Г.Бақытжанқызы
qazaquni.kz