Елбасы Әлихан Бәйменовты қабылдады

к         Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменовті қабылдады. Әлихан Бәйменов Президентке Агенттік пен оның аумақтық басқармаларының 2011 жылы атқарған жұмыс нәтижелері, Агенттіктің жұмысын жетілдіру жөнінде жоспарланған шаралар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметке қатысты заңнамасына еңгізілетін өзгерістер мен толықтырулар және мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасын іске асыру шеңберіндегі басқа мәселелер, сондай-ақ Қазақстанда мемлекеттік қызметті одан әрі реформалау мәселесінде халықаралық ынтымақтастық туралы хабарлады. – Тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстанда мемлекеттік қызмет моделі халықаралық деңгейде қалыптасты. Бүкіләлемдік Банк Қазақстанда мемлекеттік қызмет саласында реформалар жүргізу жөніндегі өңірлік көшбасшы ретінде таныды. БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанды ТМД елдері бойынша өңірлік хаб құруды және мемлекеттік қызметтің қазақстандық жүйесін модель ретінде пайдалануды ұсынды. Сондай-ақ, бұл халықаралық ұйым Астанада 2013 жылы мемлекеттік қызметті жаңғырту жөнінде жаhандық конференция ұйымдастыруды ұсынып отыр. Сіз бекіткен мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасы мемлекеттік қызметті реформалаудың және жаңғыртудың жаңа кезеңінің басталуы болып табылады, – деді Әлихан Бәйменов. Мемлекет басшысы Назарбаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қызмет тиімділігін жетілдіру және мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасын іске асыру мәселелері жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. – Жаңа тұжырымдама толыққанды және дер кезінде енгізілуі қажет. Мемлекеттік қызметкерлер халыққа жақын болуы тиіс. Мен кеше Маңғыстауда болдым. Кейбір мемлекеттік қызметкерлердің адамдардың пікірін тыңдамауы салдарынан ол жерде сондай мәселе туындаған. Жергілікті атқарушы органдар деңгейінде де, облыстық әкімдік деңгейінде де мемлекеттік қызмет жүйесінде мониторинг жүргізу қажет. Қазақстандық мемлекеттік қызметкерлер халқының игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс,– деп атап өтті Президент.