«ТӘУЕЛСІЗДІК» АТАУЫН ҚИМАЙ МА?

Павлодардағы орталық көшенің «Тәуелсіздік» атауы «Nursultan Nazarbaev» болып өзгертілген. Тәуелсіздік пен Елбасы, сөз жоқ, егіз ұғымдай болып кетті ғой. Десек те, қала руханиятының күн тәртібінде Павел патшазаданың атына қойылған Павлодар атауын өзгерту мәселесі әлі тұр…

Соған қарамастан жергілікті билік Павлодардың орталық саябағына «Қазақстан халқы Ассамблеясы» деген атау беру мәселесін қолға алды. Бұл жайында облыс әкімі Б.Бақауов Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық XV сессиясында айтты.

– Келесі жылы Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толады. Осы мерекенің қарсаңында сіздердің бастамаларыңызбен қалалық мәдениет және демалыс саябағына Қазақстан халқы Ассамблеясының атын беру шешімі қабылданды. Сөзсіз, аталған ­демалыс орнының келбеті қандай болатынын сіздермен талқылайтын боламыз, – деді әкім.

Бұл жағдайға біз алаңдаушылық білдіреміз. Өйткені еліміздің ең ұлы құндылығы – Тәуелсіздік! Тәуелсіз­діктен артық қасиетті ұғым жоқ. Тәу етер жалғыз киеміз – Тәуелсіздік! Қазақстан халқы Ассамблеясы болса Тәуелсіздіктің арқасында дүниеге келген көп құрылымдардың бірі ғана.

Ендеше орталық саябаққа «Тәуелсіздік» атауы беріліп, қала тұр­ғын­дарына қасиетті атау қай­та­рылуы керек. Егер ондағы аллеялар­дың бірі «Қазақстан халқы Ассамблеясы» аталса – құба-құп. Шырайлы Шымкенттің көрікті орындарының бірі – «Тәуелсіздік саябағы» екенін Павлодар облысының әкімі, облыс Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Болат Бақауов мырзаның есіне саламыз.

Арман ҚАНИ,

"Ана тілі" газеті