Дзюлиевтің басы шынымен екеу шығар...
2019 ж. 06 шілде
2462
0
немесе тасталмаған темекі тұқылы үшін... үш күн түрме
«Біз – бай, біз – Құдай, Кім келеді сайма-сай?!»
(Б.Майлин).
Түркістан облысы Темірлан кентінің тұрғыны кәсіпкер Қайрат Сұлтанбектің үйіне 25.03.2019 жылы таңертең Сержан есімді полицей келеді. «Жай, әшейін, сәлем бере келдім» дейді. Есік алдына шыққан Қайраттан темекі алып шегеді. Оның Шымкентке шығатынын сұрап біледі. Содан кейін, сипақтап аз-кем тұрады-дағы жайына кетеді. Ал, біраз уақыттан соң Шымкентке шыққан Қ.Сұлтанбекті полицейлер Темірлан кентінің Қажымұқан мен Абасов көшелерінің қиылысында тоқтатып, «массың» деп, аудандық ауруханаға экспертизаға алып барады. Тексергенде Қ.Сұлтанбектің ішімдік ішпегені анықталады. Полиция кінәсіздігі анықталған адамды енді еркіне жіберуі тиіс, солай емес пе? Жоқ, ол шетелде солай шығар, бізде әрдайым солай емес... Полицейлер тап сол жерде, «аурухана ауласында темекі шегіп, қалдығын тастады» деген желеумен бір емес екі акт түзеді. (Бірақ, сотта оның қайсысы негізге алынғаны көрсетілмейді). Ордабасы АІІД учаскелік инспекторы С.Сайланов түзген актіде «куәлер Б.Есберген мен Е.Кемпірбаев қатысты» деп жазылған. «Куәмін» деген Б.Есберген сотта Қайраттың темекіні қай жерге шегіп, қалдығын қалай жерге тастағаны жайлы сұраққа жауап бере алмай қалса, Е.Кемпірбаев кейін адвокатқа куә болмағандығы жайлы түсінік жазып береді, сөйтсе С.Сайланов оны өз қолымен жазып, жалған құжат жасаған. Қ.Сұлтанбектің адвокаты ол түсініктемеге сараптама жасалсын деп отыр. Ордабасы АІІД учаскелік инспекторы Н.Жақсыбай түзген, «куәлер Е.Махатай мен Е.Әбдіхан қатысты» деген екінші актіде «темекі шегіп, қалдығын жерге тастауы бейнекамераға түсірілді» деп жазылғанымен, куәлердің мекен-жайы толық көрсетілмеген, олардан түсініктеме де алынбаған! Ең «қызығы» аталған бейнежазба да, темекі қалдығы да іске тіркелмеген. Демек, жоқ болғаны ғой, бар болса полицейлер ондай қуатты құжатты қуана-қуана тіркемес пе еді?!.. Ордабасы АІІД учаскелік инспекторы С.Сайланов түзген хаттамада: «...Қайрат СҰЛТАНБЕК Темірландағы аудандық аурухана ауласында белгіленбеген орында темекі шегіп, оның қалдығын, яғни, коммуналдық қалдық тастағаны анықталды» деп жазылған. Ал, темекі тұқылы коммуналдық қалдыққа жатпайды екен. Бүгінгі заманда не көп, білімі таяз полицей көп, білмегендіктен де солай жазады... Инспектор білмейтін нәрсесін жазуға мықты, ал, жазуға міндетті нәрсені, мысалы, «куәлердің» бар екені, бар болғаннан кейін олардың мекен-жайы хаттамада көрсетілуі керек, оны көрсетпеген. Ордабасы аудандық сотының судьясы С.Қойтекеева болса сот шешімінде: «қоғамдық орында ортақ пайдалану орынын ластап, айналасындағыларға сыйламаушылық білдіріп, қоғамдық тәртіпті бұзған» деп жазады. Адвокат Ә.Аққұлов: «...сот өз құзыретінің шегінен шығып, хатттамада көрсетілмеген құқық бұзушылық бойынша Қ.Сұлтанбекті кінәлі деп танып, оның заң қорғайтын құқығын және процессуалдық нормаларды өрескел бұзып отыр» дейді. Бұндай жағдайда іс заң талабына сәйкес қысқартылуы тиіс. Себебі, процессуалдық норма – негіздердің негізі! Екінші жағынан, судьяның не ойлағаны бізге беймәлім, бірақ, куәлер Е.Махатай мен Е.Әбдіханнан сотта да сұралмаған. Адвокат Ә.Аққұлов Түркістан облыстық сотына апелляциялық шағым түсірген болатын. Істі судья С.Дзюлиев қарады. 2019 жылғы 26-сәуір күнгі алғашқы отырыста адвокат судьяның назарын жоғарыда көрсетілген дерек пен дәйектердің бәріне аудара келіп, «Бұл көрсетілгендер бірінші сатыдағы сотта: - судьяның сот қаулысында жазылған істтің нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің істің мән-жайына сәйкес келмейтіні; - әкімшілік жауаптылық туралы заңның дұрыс қолданылмауы; - процестік нормалардың елеулі түрде бұзылуы орын алғандығын толық бекітеді. Аталған жәйттер ҚР ӘҚБтК-нің 840-бабының талабына сәйкес бірінші сатыдағы соттың қаулысының күшін жоюға негіз болады.осы көрсетілгендер негізінде сұранамын: – Осы іске куәгер Е.Кемпірбаевтың түсініктемесін, оның бейнежазбасын және Қ.Сұлтанбектің үйінің бейнекамерасынан жазылған бейнежазбаны қосымша тіркеуге; – Ордабасы аудандық сотының ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөл. бойынша Қ.Сұлтанбекті кінәлі деп таныған сот қаулысының күшін жойып, әкімшшілік істі тоқтатуды (қысқартуды)» деп, судьяға жазбаша түрде апелляциялық шағымға қосымша тапсырды. Судья істі 29 сәуірге шегерді. Шегерілген істі қараудың бас-аяғы бес-ақ минутқа созылды – судья жазылып, дайындалып қойған қаулыны алып шықты. Оны да толық оқыған жоқ. Аудан сот шешімі өзгерісіз қалдырылды... P.S. Бұл жерде судья мырза «қарға қарғаның көзін шұқымайдының» керін келтіріп қана отырған жоқ. Ол «процестік норма бұзылды» деген адвокат сөзін құлағына да қыстырмай, заңды белден басып отыр. Бұдан біраз уақыт бұрын Аманкелді Батырбек деген қоғам белсендісі әлеуметтік желіде «Дзюлиевтің басы екеу емес шығар?» деген пост жариялап еді. Біз судьяның мына ісіне қарап, «екеу болса екеу шығар»» деген ойға келіп отырмыз. Ол неге бұлай етеді? Неге ол суда жүзген жайындай еркін? Біздіңше, оның елеулі екі себебі бар. Біріншіден, судьялар халық алдындағы жауапкершіліктен үзілді-кесілді азат етілген, олар сайланбайды (кеңес заманында екі сайлау болатын, бірі осы халық судьяларын сайлау еді...), олардың бәрі тікелей ҚР Президентінің өкімімен тағайындалады. Бұл оларға деген Президент тарапынан көрсетілген шексіз сенім еді. Ал, олардың бәрі бірдей сол шексіз сенімге, сол асқақ мәртебеге сай ма? Сұрақ – риторикалық сұрақ қатарына жатады... Екіншіден, қателескен судья қалай жазаланады? Қарапайым халық өкілі ондай жағдайда сөгіс пен қатаң сөгіс арқалаудан бастап, жұмысынан қуылуы да мүмкін. Ал, судья ше? Жауап орнына бір оқиғаны еске алсақ жетер. Осыдан бірнеше жыл бұрын жарақаттық пистолетпен адамды басынан қасақана атып өлтірген бұзақыға аудандық сот қылмысты «аффект» эффектісіне келмесе де тізеге салып келтіріпті де, айыпталушыға ... құлап қалмаңыз, «бір жыл бас бостандығынан айыру» жазасын бұйырыпты. Оның апелляцциялық шағымға дейін жатқан уақытының еселенетінін есептесе, қылмыскер апелляциялық сот залынан бостандыққа шығайын деп тұр. Іс облыстық соттың қылмыстық істер алқасының төрағасы З.Пірнияздің өзіне түсіпті. Бір жарым айға созылған сот қылмыскерді 12 жылға бас бостандығынан айырумен аяқталды. Мен соттан кейін З.Пірнияз мырзадан: «Аудандық соттың ісі бұзылды. Сол үкімді шығарған судьяға қандай шара қолданылады?» деп сұрағанымда: «Мен облыстық соттың төрағасына баянхат жазамын...» деді. Бүгінде ондай баянхатты мазмұнына қарай облсоттағы Кеңес тәртіптік және біліктілік комиссиясында қарайтын болыпты. Қалай шешетінін әділетке қол жеткізу үшін судьяның «соңына түсуге» тырысып көрген адамдар ғана білетін болса керек... Өмірзақ АҚЖІГІТ qazaquni.kz